2025 жыл – Ішкі істер министрлігі тарапынан қылмысқа қарсы профилактика жылы деп жарияланды. Бұл бастама қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында іске асырылмақ. Жоба аясында құқық қорғау органдары қылмыстың алдын алу шараларын күшейтіп, халықпен өзара іс-қимылды жақсартуды көздейді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бұл жыл азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заң бұзушылықтардың алдын алуға жаңа серпін береді. Қылмысқа қарсы профилактика өңірімізде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев баяндады.
– Облыс көлемінде «Қауіпсіз аймақ» жедел профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде ұдайы ұйымдастырылып келеді. Есепті мерзімде облыс көлемінде құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде бұрын сотталғандармен жасалған қылмыстар 7,9 пайызға, оның ішінде соттылығы жойылмағандармен 20 пайызға, рецидивпен 50 пайызға, топпен жасалған қылмыстар 22,2 пайызға төмендеді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «мүлдем төзбеушілік» қағидаты негізінде 4977 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Сондай-ақ, облыс көлемінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын-алу, олардың арасында қылмысқа жол бермеу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары төмендеп, жол – көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін көруге болады. Жол апатына әсер ететін құқық бұзушылықтарды анықтауға басымдық беріліп, бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілуде. Осы ретте 18 ақпаннан бастап облыс көлемінде «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өткізілмек. Ол 21 ақпанға дейін жалғасады, – деді Ердәулет Баянбайұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!