Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылмыс жасанды интеллект көмегімен ашылуда

14.01.2025, 8:55 54

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысының прокуратурасы қылмыстық құқықбұзушылық профилактикасына ерекше назар аударады. Мәселен, өңірдегі профилактикалық шараларды күшейту мақсатында жуырда ғана 539 дана бейнебақылау камерасы мен 49 дана жылдамдық өлшегіш құрылғы алынып, аудандарда тұрғындар көп шоғырланатын жерлерге орнатылған. Бүгінде камералардың көмегімен 295 әкімшілік, 1 қылмыстық іс ашылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров айтты.

– Жергілікті құқық қорғау және атқарушы органдардың жұмысын тиісті дәрежеде үйлестірудің нәтижесінде аймақта қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Біздің бастамамызбен өңірде «Смарт білезік», «ІТ тергеу» және «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі» атты 3 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде бұл жобалар оң нәтижесі беруде. Нақтыласақ, «Смарт білезік» жобасы аясында «үй қамақ» бұлтартпау шарасы қолданылған 137 күдіктіге смарт білезік тағылып, тергеп-тексеру жүргізілді. Одан бөлек, «ІТ тергеу» жобасы аясында интернет алаяқтық қылмыстарды дер кезінде ашу мен сапалы тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін «Киберпол» тобы құрылып, құрамына тәжірибелі прокурорлар мен полиция қызметкерлері енгізілді. Қазіргі күні жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданып, 749 қылмыстық іс бойынша 1 074 ұялы телефон нөмірі тексерілді. Нәтижесінде 151 қылмыс ашылып, 62 қылмыскер құрықталды. «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі» пилоттық жобасы бойынша қала, аудандарда алкоголь өнімін сататын 104 кәсіпкермен алкоголь сатуды шектеу туралы меморандум жасалды. Прокуратураның сүйемелдеуімен 116 тұлға алкогольден және нашақорлықтан емдеуге жіберіліп, оның 89-ы мәжбүрлеп емдеуге жатқызылды. Біздің тарапымыздан ардагерлер және әйелдер кеңесімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Отбасында жүйелі түрде жанжал шығаратын құқық бұзушылардың тізімі жасақталып, ардагерлерді қатыстыра отырып, олардың әрқайсысымен жеке-жеке профилактикалық жұмыстар жасалып, құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және медициналық көмектер көрсетілуде. Бүгінде бұл жұмыстардан оң серпін байқалып, отбасында жанжал шығаратын тұлғалардың қайта құқықбұзушылық жасау дерегі біршама төмендеген, – деді Ризабек Кәрімұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: