Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құқықбұзушылықтың алдын алу — ортақ жауапкершілік

12.01.2026, 9:55 39

Фото: Шиелі аудандық әкімдігі

Шиелі ауданында Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп – қауіпсіз Қазақстан үшін!» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі жазды. Жиынның басты мақсаты – аудан аумағындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды саралап, өзекті мәселелерді ашық талқылау болды. Кеңеске аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, құқық қорғау органдарының өкілдері, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Жиында аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов 2025 жылы тіркелген қылмыс түрлері туралы баяндап, олардың себеп-салдарына тоқталды. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу барысында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, бұл бағытта кездесіп отырған бірқатар қиындықтарды да жасырмай айтты. Мәліметтер аудан көлемінде құқықтық ахуалдың нақты көрінісін көрсетуге бағытталды. Жастар мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және діни тұрақтылықты сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, алдын алу шаралары тек тыйым салумен шектелмеуі тиіс, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру маңызды. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Болатхан Мұханов қылмыстың негізгі түрлеріне жеке-жеке тоқталып, ішкі істер органдары тарапынан атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстарды саралады. Ол рейдтік іс-шаралардың нәтижесін айтып, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың қоғамдық орындарда жүруіне қатысты бақылау күшейтілетінін жеткізді.

Ал білім саласының өкілі Дауренбек Насибеков мектептердегі тәрбие жұмысын күшейту, оқушылардың құқықтық сауатын арттыру және ата-аналармен байланысты нығайту бағытындағы шаралар туралы баяндады. Бұл жұмыстардың нәтижесі құқық бұзушылықтың алдын алуда ерекше рөл атқаратыны айтылды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл іске ата-ана, ұстаз, жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар және әрбір тұрғын атсалысуы тиіс.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: