Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қос орынбасардың кафедегі қылығы

19.01.2022, 16:30 1437

HALYQLINE.KZ

Әдеп  кеңесі

Абыройсыздық аяқ астынан. Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары әрі Қызылорда облысы бойынша  ішкі мемлекеттік аудит департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі С.Мырзабек желтоқсанның 12-сі күні қаладағы «Villa 123» кафесіне кешкі ас ішуге барады. Аздап ішімдік ұрттап барған мемлекеттік қызметкер сол жерде кафе қызметкерлерінен темекі тартуға рұқсат сұрайды. Дегені бола қоймаған соң С.Мырзабек кафе әкімшісі А.Жумагулова мен даяшы Ә.Файзулланы балағаттап, сыра ыдысын, үстел үстінде тұрған су қалбырын лақтырып, сындырған. Кафе әкімшілігі ұсынған видеожазбада С.Мырзабектің ішке кіргеннен бастап, сол жерде салған лаңы тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Білдей басшының мұндай өрескел әрекеті ҚР Мемлекетті қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралды.

Кафе  қызметкерлерін  балағаттаған…

Сол уақытта кафеде көңіл бірлеп отырған С.Мырзабек өзінің әріптесі, Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қ.Тұрымтаевқа хабарласып, келуін сұрайды. Ол кафеге араға жарты сағат уақыттан кейін келіп, үстелге жайғасады. Ішімдікке мас болған С.Мырзабек тәртіпсіздік әрекеттерін доғармаған соң кафе әкімшісі дереу полиция қызметкерлерін шақырған. Олар келген бойда С.Мырзабек ішіп-жеген тамағы, ішімдігімен есеп айырыспастан, сырт киімін де алмастан кафеден шығып, кетіп қалады. Өз кезегінде Қ.Тұрымтаев әріптесі С.Мырзабектің заңсыз әрекеттерін тоқтатудың орнына шақырылған полиция қызметкерлері шара қолданбауы үшін Қызылорда облысы Полиция департаментінің бірінші орынбасарына қоңырау шалған. Осылайша Қ.Тұрымтаев аталған оқиға бойынша лауазымдық қызметтерін аса пайдаланып, С.Мырзабектің құқықбұзушылық әрекетіне орай шара қолданылмауына ықпал еткен. Кінәлілерге заңмен көзделген шара қолданылмағандықтан, кафе иесі Қ.Абдуманова облыстық прокуратураға арызданған.

Ал Әдеп кеңесінде берген түсінігінде С.Мырзабек бүй деді:

Менің тарапымнан кафе иесіне ешқандай балағат сөздер айтылған жоқ. Бірақ, сыра ыдысын, су қалбырын лақтыру, сындыру әрекеттерін түсіндіре алмаймын. Аса бір айтарлықтай ешкімге зақым келген жоқ. Жасаған іс-әрекеттерім үшін өкінемін және алдағы уақытта қайталанбайды деп уәде беремін.

Ал кафеге жарты сағаттан кейін келген Қ.Тұрымтаев түсінігінде өзінің айтарлықтай кінәсі жоқ екендігін және полиция департаменті бастығының бірінші орынбасарына болып жатқан оқиғаға байланысты жай ғана кеңес сұрау мақсатында хабарласқандығын жеткізді. Әдеп кеңесінде жауап берген «Villa 123» кафесінің әкімшісі А.Жумагулова С.Мырзабектің о баста кафеге масаң күйде келгенін, дөрекі сөйлегенін, ыдыс сындырып, өзін бейәдеп күйде ұстағандығын баяндап берді.

Келген кезде С.Мырзабек мас болды, келіп араққа, тіскебасарға тапсырыс берді. Келген бойында қасындағы кісілерге тиісіп, қызуқандылық танытып отырды. Қайта-қайта қасына барып, «қойыңыз» дегеніме құлақ аспай, балағаттап, жаман сөздер айтты. «Мен ішемін, сен менің қасымда отыр» деп те көңілге тиетін сөздері болды. Ал тамақтың ақшасын С.Мырзабекпен басында бірге келген Ермек деген кісі төледі, – деді А.Жумагулова.

Қос лауазымдының қылығын жан-жақты қараған Әдеп кеңесінің мүшелері Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасарлары С.Мырзабекке қызметіне сәйкес еместігі жөнінде ескерту, ал Қ.Тұрымтаевқа қатаң сөгіс беру туралы шешім қабылдады.

Жел  тұрып,  арка  құлаған…

Шиелі ауданы Тартоғай елді мекенінің кіреберісіне ауылдың аркалық төлқұжаты салыну керек болған. Содан ауылдық әкімдік «Қасиет LTD» ЖШС-мен 2021 жылы 23 қыркүйекте жалпы құны 7 миллион теңгеден асатын жоба құрылысына келісімшарт жасасады. Ол айналдырған 30 күннің ішінде аяқталуы керек болған. Нәтижесінде ол жұмыс 2021 жылдың 22 қазанында аяқталып, орындаған жұмыстар актісімен бекітілген, оған ауыл әкімі Д.Сүйіндік қолын қойып қабылдап алған. Бірақ, 2021 жылдың 3 қарашасы күні Тартоғай елді мекенінде аркалық төлқұжат жұмыстарын орындау барысында А.Қожамұратов пен Д.Абдреев есімді екі жұмысшының жарақат алғандығы туралы Шиелі аудандық полиция бөліміне хабарлама түскен. Анықталғандай, қатты соққан желдің әсерінен төлқұжат құрылысының тумба бөлігі құлап, оның астында әлгі екі азамат қалып қойып, жарақат алған. Бұған ауыл әкімі Д.Сүйіндік ауылдың ескі төлқұжатын тасымалдау барысында осындай оқыс оқиға болды деп түсініктеме берген. Сондай-ақ, ол жобаны мерзімінен бұрын қабылдап, «Қасиет LTD» ЖШС-нің жұмыстарды мерзімінде орындалмағаны үшін тұрақсыздық айыбының есептелмеуіне және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылмауына мүмкіндік жасаған.

Кеңеске қатысқан ауыл әкімі Д.Сүйіндік өзі тарапынан ешқандай кінә жоқ екендігін және жұмыстарды мүмкіндігінше өзінің ретімен орындадық деген уәжін алға тартты. Нәтижесінде әкімге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы шешім шықты.

ТҮЙІН. Қайсыбір істің ақ-қарасы Аллаға ғана ләзім. Кеңесте әр іске байланысты жауап берген лауазымды тұлғалардың шын мәнінде рас не жалған жауап бергендігіне талдау жасау қиын. Бір шикілігі болмаса, іс қаралмасы анық. Дегенмен, елдің алдында жүрген мемлекеттік қызметкерлердің қай ортада да абыроймен жүріп-тұрғаны дұрыс-ақ.

Фото: 19.01.22 жылғы Әдеп кеңесінің отырысынан көрініс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: