Асау күндегідей жұмыс орнына келгенімен, жұмысқа зауқы болмады, ай сайын алатын азын-аулақ ақшаға көңілі толмады. Ол Қызылорда қаласының іргесіндегі Тасбөгет кентінде құрылыс мекемесінде орта деңгейдегі қызметкер-гараж меңгерушісі болып қызмет атқаратын. Одан ай сайын алатын айлық табыс оның шарықтап жүруіне жете қоймады. Түнде ғана апта сайын жиналып карта ойнайтын өзі құралпы достармен құмар ойынын ойнап, ірі сомада ұтылғаны есіне түскенде бармағын тістелеп, іші күйді. Асаудың ішкі дүниесі: оларға ерегіскенде, карталас достарының пысын басатындай бір нәрсе ойлап табу керек деген ой қылаң берді. Оның ойы бұлыңғыр болатын, қалай ақша табудың айласын, жолын білмеді. Кенет аулада көптен бері бұзылып тұрған мекеменің «КамАЗ» көлігіне көзі түсті. «Таптым» деп ол өз ойына қуанып кетті. Дереу бастығының атына жақын арада осы көлікті жөндеуден шығаруға мынадай қосалқы бөлшектер керек деп, ақша бөлуге білдіріс жазды. Қажетті соманы алғаннан кейін Асау керекті қосалқы бөлшектерді тауып, көлікті бір аптада дыңдай қылды. Басшысы да оның ыждағаттығына риза болып, ұжым жиналысында мақтап қойды. Осыған қанаттанған Асау іле-шала бастығынан өзінің туған жері Арал жаққа осы көлікпен барып қайтуға сұранды. Рұқсат алған Асау «КамАЗдың» барлық ескі дөңгелектерін шешіп, жаңасын салды, мемлекеттік номерін ауыстырып, ескі-құсқылардың арасында жатқан есептен әлдеқашан шығып кеткен басқа бір автокөліктің белгісін тақты. Бұндағы ойы – көліктің ізіне түскендер болса адастыру.
Осылай көңілін бір демдеп алған Асау алдын сенбі қылып түн жамыла Аралға қарай жолға шықты. Ол өзінің туған ауылына келгеннен кейін тай-құлындай бірге өскен сенімді достарымен қауышып, бір-жар отты су ішке түскеннен кейін, оларға өзінің «КамАЗ» көлікпен мал ұрлап сатып, ақшаға қарық болғысы келетін ойын айтып, олардың да жаман болмайтынын жеткізді. Бұл кез кешегі өткен ғасырдың сексенінші жылдардың аяқ кезі болатын. Әр отбасының тамақ тауып жеуі қиын кез еді. Жарымай жүрген достары оның бұл ойына тез келісе кетті. Көрші болып бала кезден бірге өскен Еркен мен Жаңалық қандай жорық болса да баруға дайын екендігін білдіріп, тағы бір тосттан стакандарын соғыстырып алып жіберді. Бірінші сапары жаман болмаған сияқты, ауыл маңайынан көп ұзамай тиеп алған семіз төрт сиыр сойылып, еті ертеңіне-ақ жоқ болды. Оның ақшасын шытырлатып қалтасына басқан Асау «КамАЗдың» баллондарын шешіп, ескісін салып, номерін де ауыстырып қоюды ұмытпады. Осылай бір айдай тың тыңдап жатты, бұлардың ізіне түскен адам жоқ сияқты. Төрт сиырдың ақшасы күнде арақ пен құмар ойын ойнаудан таусылуға айналды. Асау өткендегідей тағы да жорыққа шықты, бастығы да қолы ашық «жомарт» жігітке қарсы бола қоймай рұқсат берді, ауылдағы сыбайлас достары да бұны ай күткендей күтіп-ақ отыр екен, тағы да төрт сиыр тиеп берді, Асау да олардың үлесін қолдарына қыстырып кетуді ұмытпады. Асаудың мал ұрлау жорығы осылай жалғаса берді, олардан сезіктенген жан болмады. Жан қинамай тапқан ақшадан әбден есірген Асау енді есірткі тұтынып, елітетінді шығарды. Осындай кезде зығырданы қайнап, әлдекімге тісін қайрап, өшігетін болды. Қалтасына пышақ салып жүріп, қан шығаруды аңсады. Сау кезінде бұның дұрыс емес екенін сезінгенмен, бұл жолдан бас тарта қоймады.
Жазғы демалысын достармен бірге өткізуді ойлаған Асау туған ауылына келді. Күнде ішімдік ішу мен есірткі тұтынудан олардың ойларын тұман басты. Ақша таусылды, енді не істемек керек, олар аңтарылып Асауға қарады. Асау оларға тың ой айтты. Онысы ауылға жақын жерде өтіп жатқан «Самара-Шымкент» тасжолында ағылып жатқан көліктерді тонау болатын. Кешкілік жорыққа шыққан үшеуі тасжолда мына жағы Ресей мен мына жағы Өзбекстанға ағылып жатқан бірнеше көлікті тоқтатып, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дегендей ақшасын ақшалай, болмаса заттай тонап алып отырды. Бәлесінен аулақ болайық деді ме, ешкім милицияға арыздана қоймады. Бірде кезекті жорыққа шыққан үшеуі жолда тұрған ескі «Жигули» көлігін көріп, қасына жақындады. Бұл жолы қанның иісін сезгендей Асау үйден шығарда достарына көрсетпей қойнына құндағы кесілген шолақ мылтық ала шыққан еді. Көлікте отырған екі орыс жігіті бұларға жатырқай қарап, «әрі жүріңдер» деді. Әсіресе ересегі, рулде отырған еңгезердей орыс жігіті көлік ішіндегі сусынды алмақшы болған Еркенді жағасынан ұстап қылқындырып, итеріп жіберді. Оның бұларды менсінбей үстемдік көрсетуі Асаудың ызасына тиді. Ол қойнынан шолақ мылтығын суырып алып, оның ұңғысын көлік ішінде отырған жас жігіттің шекесіне тақады. Осыны күткен Еркен мен Жаңалық көлік ішіндегі іске асатын заттарды таңдамай алып, қалталарына басты. Бұған шыдамаған көлік иесі бұларға қатты қарсылық көрсетіп қолын ала жүгірді. Осы кезде көзіне қан толған Асау мылтықтың шүріппесін қалай басқанын білмей қалды, бытыра оқ орыстың аяғына тиді. Ол аяғын сылти басып, енді бұлардың аямасын білгендей жолды бойлап қаша жөнелді. Оның ізінен іле-шала қуған Асаудың екінші рет атқан мылтық дауысынан түн тыныштығы бұзылып, дала жаңғырықты. Шашырып тиген бытыра жаралыға анау айтқандай зардап келтірмеген сияқты. Ол қашуын тоқтатпады. Қанның иісіне құмартқан қорқаудай Асау жаралының ізінен еріп, оны іздей бастады. Әлгі жігіт екі жолдың қиылысындағы таса жерге тығылған екен. Ол балтыр тұсына шашырап тиген бытыра оқтан алысқа кете алмапты. Асау етпетінен жатқан орыстың қарақұсына мылтықты тақады. Оның «жанымды қалдыра көр, керегіңді ал» деп жалынғанына қарамастан, көзіне қан толған жыртқыштай Асау көп ойланбастан мылтық шүріппесін қайта басты, дене қимылсыз қалды. Мәйіттің қарақұсынан ағып жатқан қарақошқыл қанға жарық жағып қараған Асау оның толық өлгеніне көзі жетті. Асау орыс жігітінің жантәсәлім қылғанынан рақаттанған сезімде болып, енді көліктегі екінші куәнің көзін құртпаққа көлікке жақындады. Бұл кезде не болғанынан бейхабар Еркен мен Жаңалық көлік ішінен ішімдік тауып алып ішіп, мәре-сәре еді. Бұған ортақтасқан Асау да ішіндегі отты алауды басу үшін ащы арақты көмейіне құйып-құйып жіберді. Одан әрі көлік руліне өзі отырып, от алдырып басы ауған жаққа жүйтки жөнелді. Көліктің артқы орындығында отырған бозбала «көлікті тоқтат» деп бұған жармасты, Асау қайырыла беріп оның бет тұсынан шүріппені басып қалды. Шапшыған қан Асаудың желкесіне шашырады. Оқиғаның қан төгуге ұласқанын көрген Еркен мен Жаңалықтың тілі байланып қалғандай, жанталасып бетін басқан бозбалаға бажырайып қарап қалған. Теміржолды бойлай Арал қаласынан едәуір жер ұзаған Асау көлікті тоқтатып, қасындағыларға «бозбаланың денесін жерге түсіріңдер» деді. Бозбаланың жаны әзір шыға қоймапты, қырылдап жатыр, оның бүйір тұсынан Асау тағы бір атқаннан кейін дене тынши қалды. Оның өлгеніне ешқандай шімірікпеген Асау мәйіттің бетіне көлік ішіндегі көрпешені жаба салды. Көлік ішінен табылған қара түсті дипломатты ашып, ішінен азын-аулақ ақшаны алғаннан кейін теміржолдың ар жағына лақтырып жіберді. Екі адамның қанын төккен топ енді ізін жасыру мақсатында көлікті сол жерде қалдырып, жақын жердегі Аралқұм станциясына барып көзге түспес үшін жүк пойызына мініп, үйлеріне оралып, үйінен шықпастан тың тыңдап жатуға ұйғарды…
Облыс орталығынан милиция полковнигі И.Шегай бастап келген бір топ милиция қызметкерінің аудандағы милиция бөлімінің бастығы А.Ашировтың бұйрығымен құрылған тобымен кісі өлтіргендерді іздестіріп жатқандарын есітіп жатты. Бұлар өздерінің ізін таба алмасына кәміл сенімде еді. Шындығында солай болатын. Қылмыс орнындағы іздерін сыпырып, теп-тегіс етіп кеткен еді. Көлік ішіндегі қолдарының іздерін де сүртіп тазартып кеткен-ді.
Осы қылмыс бойынша ең тәжірибелі деген милиция қызметкерінен құрылған оперативтік топ әуелі іздестіру жұмыстарын пәрменді бастады. Жедел топ оқиға болған жерге келіп қайта қарау жүргізді, мәйіт жолдың Арал қаласынан тұз шығаратын кентке бұрылар екі жолдың қиылысында етпетімен жатыр. Ұлты европалық тектес, жас шамасы 35-37-лер шамасында, еңгезердей денелі, қуатты жан екені байқалады. Аяғында бір аяқкиімі жоқ, көйлегі жыртылған, өлер алдында бірталай арпалыс болғанын байқауға болады. Мәйіттің басының құрақұс тұсы жақыннан атылған оқтан опырылып, одан аққан қан ұйып, қарақошқылданып қатып қалған. Екі аяғының балтыр тұсы атылған бытыра оқтан жарақаттанған. Осы жарақаттан мәйіт алысқа ұзай алмаған сыңайлы. Қанішерлер «қансонарға» шыққандай қанның ізімен барып оның желкесіне мылтықты тақап қойып атып салған. Тіпті мәйіттің басына патронды оқтаған қағаз тығынға дейін еніп кетіпті. Өліктің қалталарында ешқандай құжат болмай шықты, жергілікті жердің адамы емес екені белгілі. Бұның өзі тергеу жұмысын тұйыққа тірейтін түрі бар. Көрші аудандарға жолдаған сұрауларынан ешқандай нәтиже болмады. Тергеу тобы неден, қайдан бастарын білмей аңтарылып қалған кез еді. Уақыт болса зымырап өтуде. Уақыттың созылуы қылмыскердің пайдасына шешілері хақ.
Сол күні түс қайта Арал қаласының оңтүстік бетінен отыз шақырымдай жердегі «Сапақ» ауылының тұсында екінші мәйіттің жатқандығы туралы жедел хабар түсті. Оқиға болған жерге келген жедел топ мүшелері аса қатыгездікпен өлтірілген мәйітке қарау жүргізгенде, жасы 20-25-тер шамасындағы орыс жігітінің бет тұсынан және сол жақ бүйіріне атылған оқтан жарақат алып, қайтыс болғанын анықтады. Бұл қылмыстың да алдыңғы адам өліміне қатысы барлығы анықтала бастады. Бұл адамның да қалтасында ешқандай құжат болмай шықты. Ендігі үміт – сол жерде, мәйіттің жанында тұрған ескі «Жигули» көлігінде. Бәрінің назары сонда ауды. Көліктің есіктері ашылып, іші астан-кестен болып жатыр. Машина ішінен Куйбышев қаласынан Ташкент қаласына ұшып шыққан екі адам Александр Святухо мен Алексей Святухоның атына ұшаққа алынған билеттің табылғаны жіптің бір ұшын ұстатқандай болды. Алдыңғы мәйіттің енді Александр Святухо екендігіне ешкімнің күмәні қалмады. Олардың сырт пішініне қарап ағайынды адамдар екендігін байқауға болады. Бәрінде бір сұрақ: айдың күннің аманында бұлардың қыршын жанын қиятындай бұлар соншама не жазды екен? Қалталы, дәулетті адамдарға да ұқсамайды, Аралдың маңайына келіп ажал құшамын деп бұл тағдыр иелері ойламаған да шығар?!.
Қылмысты ашуға бағытталған жұмысты жедел топ басшысының орынбасары Шахмардан Қалыбаев үш бағытта өрістетуді ұсынды, оның біріншісі – мәйіттердің кімдер екенін толық анықтап, таныстарының ішінен осы қылмысты жасауға бейім, араз адамдарды анықтау. Екінші бағыт – Ташкент қаласынан көлік сатқан адамдарды анықтап, солар тарапынан ізге түсіп, қуып келіп ойларын осы жерде жүзеге асыру мүмкіндігін қарау. Үшіншісі – осы оқиға болған жердегі тұрғындар арасынан осындай қылмыс жасауға бейім тұлғаларды анықтау.
Бірінші бағытта жұмыс істеуге бөлінген жедел топ мүшелері дереу Ресейдің Куйбышев қаласына жүріп кетті. Екінші топ Ташкент қаласына да аттандырылды. Ал үшінші бағытта жұмыс істеуге бөлінген топтағы жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері: бұл іс бұл жердің адамдарының қолынан жасалған іс емес, бұрын-соңды бұндай сұмдық болған емес, не болғанда сырттың адамдарының ісі деп азарда-безер болды. Куйбышев қаласына кеткен топ екінші күні барып, Святухолардың осы облыстың Тольятти қаласының тұрғындары екенін, машина құрастыру заводында жұмыс істейтінін, Александр ағасының баласы Алексейді ертіп Ташкент қаласынан «Жигули» көлігін алып келуге кеткендігін, алайда оларда көп ақша болмағандығын, оларға жамандық жасайтындай араз адамдары жоқтығын, жұмыс орнында жақсы мінезделетінін жеткізді.
Тергеу тобы тағы тұйыққа тірелді, не істеу керек? Кісі өлтіргендер бостандықта сайрандауда, уақыт болса сынаптай жылжып өтіп жатыр. Өлген екі жастың рухы кешірер ме? Зар жылап келіп екі арысын табытқа салып алып кеткен қарт ата-ананың зарлы дауысы құлақтан кетер емес. Не істемек керек? Осы қылмысты ашуға бөлінген топтың басшысы И.П.Шегайдың ойы сан тарау. Жоғарыдан басшылар да «қылмысты қайткенде де ашыңдар» деп қыспаққа алуда. Ұйқысыз түндер, тынбай жүргізілген оперативтік іс-шаралар нәтиже берер емес. Күн артынан зымырып күндер өте берді, қылмыс ашылмауға айналды. Арал қаласына жақын орналасқан елді мекендегі тұрғындар атына тіркелгені бар, тіркелмегені бар мылтықтарды тексеру жүргізгенмен мұнан да ешқандай нәтиже болмады. Екі ай жатқан тергеу тобы жиналып, облыс орталығына қайтты. «Уақыт – емші» дегендей, күнделікті күйбің тірлікпен, басқа да ірілі-ұсақты болып жатқан қылмыстармен аталған аса ауыр қылмыс көмескілене бастады…
Байтақ СҮЛЕЙМЕНОВ,
отставкадағы полиция полковнигі
(Жалғасы бар)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!