HALYQLINE.KZ 15 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы халықаралық отбасы күнін атап өтеді.
Үлгілі отбасын құрып, адал ұрпақ өсіру – кімнің де болса, ең бірінші алға қойған үлкен мақсаты әрі асыл арманы болса керек. Бүгінгі әңгімеміз үлгілі отбасында дүниеге келіп, ата-анасының тәрбиесін бойына сіңіріп өскен ағайынды Сейдахметовтер жайында болмақ.
Құқық қорғау саласында қызметтің қызығы мен шыжығына шыдап, аянбай еңбек етіп жатқан жастар аз емес. Солардың бірі – әділет майорлары Өмірзақ пен Абдулла Сейдахметовтер. Сейдахметовтер отбасындағы екі бірдей ағайынды Өмірзақ пен Абдулла мектеп бітірген сәттен бастап-ақ ішкі істер органында қызмет атқаруды таңдайды. Әкесі Нағашбек балаларының Ішкі істер саласында жұмысының қиын екенін білсе де, бетін қақпай, бала арманын орындалуына қолдау көрсеткен.
Әкесі Нағашбек те – ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/4 мекемесі құрылғалы, осы мекемеде жүргізуші болып, аянбай, адал қызмет етіп, Қылмыстық-атқару жүйесіне елеулі үлес қосып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты әке. «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» демекші бүгінде, оқ жонар ұлдары биік белестерді бағындырып, еліне адал қызмет етіп жүр. Қос ұлы өз саласының нағыз майталманы, әділет майорлары.
Пробация қызметіне басшылық жасау тобының бас маманы әділет майоры Өмірзақ Сейдахметовтың ҚАЖ саласында жұмыс істегеніне биыл – 15 жыл. Осы уақыт аралығында ол өзінің кәсіби маман екенін көрсете білді. ҚАЖ саласында 15 жылға жуық уақыт ішінде әртүрлі жауапты лауазымдарда абыройлы қызмет етіп, яғни жедел бөлімінің бастығы, пробация қызметінің инспекторы қызметтерін абыроймен атқарған. Қазіргі уақытта пробация қызметіне басшылық жасау тобының бас маманы қызметінде.
«Қазақта «Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді» деген қанатты сөз бар екен. Қанатым қайырылмай биікке ұшуым, бәрі – осы ата-анамның арқасы. «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» демекші, өзі өмірде қандай жетістікке жетсем де, бұл әкемнен алған тәлім», – дейді әділет майоры.
Ал, Абдулла Нағашбекұлы – жас та болса әріптестерінің арасында абыройы биік, мерейі үстем қызметкер. Ағалы-інілі ҚАЖ қызметкерлері «Павлодар заң колледжін» аяқтап, Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын бітірген. Абдулла Нағашыбекұлы еңбек жолын 2011 жылдан Байқоңыр қалалық инспекциясының инспекторы лауазымынан бастап, кейін ЗК-169/4 мекемесінде жасақ бастығы, кадр саясаты тобының аға инспекторы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда осы мекеменің Бақылаушылар қызметі бөлімінің бастығы лауазымын атқарып келеді.
Өмірзақ Нағашбекұлы қылмыс әлеміне табаны тиген азаматтардың түзелу жолына түсуіне ,оларды қоғамға бейімдеу, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетумен қатар қайта қылмыс жасамауы үшін профилактикалық жұмыстар жүргізсе, Абдулла Нағашбекұлы қарамағындағы бақылаушы қызметкерлердің тәрбие жұмыстарына аса көңіл бөліп, өз жұмысына күнделікті таңертең бақылаушы қызметкерлердің қызметке дайындығын пысықтап, нұсқау беруден бастайды.
ҚАЖ саласында антына адал қызмет ете жүріп, ҚР ІІМ-нің, ҚАЖ комитетінің, департамент бастығы мен мекеме бастықтарының Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Қиын да қауіпті саладағы қызметімен отбасын қатар алып жүрген әділет майорларының асулары әлі алда екеніне сеніміміз мол.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!