Көш дәуіріндегі варварлар адамдарды өлтіріп, кейін сонысына өкінетін болған. Ал бұл өз кезегінде жаңа қан төгудің алдындағы күнәдан арылу іспетті еді. Осы секілді фактілер хандық дәуірінде де көптеп кездесіп, тіпті қазірге дейін жалғасып келеді. Демек, жасалған күнә һәм қылмыстың қайталануына жол бермеу үшін оларды жазалап немесе істеген істерінің бұрыстығына сендіру жеткіліксіз. Өмір иірімінде қателікке бой алдырып, тіпті, қылмысқа барып жатқан адамдар көп кездеседі. Тиісінше, олар заң алдында жауап беріп, темір торға тоғытылып жатыр. Өмірінің көп бөлігін түрмеде өткізген адам бостандыққа шыққан соң, қайта қылмыс жасамауына кім кепіл? Осы тұрғыда, «адасқандарды» түзеп, олардың қоғамға бейімделуіне көмек көрсетумен Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті айналысады. Департаменттің мақсаты – әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, олардың жаңа қылмыстар жасауына тосқауыл болу.
Өмір болған соң, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Ал сотты болып жазасын өтеп жүргендерді өмірге қайта бейімдеудің мәні зор. Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің құрылымына қауіпсіздігі аралас ЗК-169/5 мекемесі, қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 және ЗК-169/1 тергеу изоляторы жатады. Сонымен қатар, 9 пробация қызметі бар. Оның ішінде екеуі Қызылорда қаласында болса, қалғандары Байқоңыр қаласы мен аудандарда орналасқан. Қазір бұл мекемелерде мыңға жуық азамат жазасын өтеуде. Мұнда сан түрлі тағдырлар тоғысады. Кейбір жазасын өтеушілердің арасында тіпті, білім алып үлгермеген азаматтар да кездеседі екен. Осыған байланысты, ҚАЖ мекемелерінде орта және кәсіптік білім алып, мамандық игеруге мүмкіндік бар. Тентектерді түрме түзетпесе де, білім түзетеді.
Шәймерден Тәжіқұлұлы, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет подполковнигі:
– Темір торда телміріп отырғанша, білімділігін арттыруды жөн көрген 36 азамат 2020-2021 оқу жылына қабылданып, орта білім алуда. Одан бөлек, 75 сотталған ЗК-169-5 мекемесінде тігінші, ағаш ұстасы және дәнекерлеу мамандықтары бойынша кәсіптік білім алып отыр. Айта кететін жайт, қазіргі таңда оқу жұмыстары онлайн режимде өтіп жатыр. Сонымен қатар, 10 кәсіпкер мекеменің өндірістік аймағында жұмыс істеуде. Тиісінше, олар 198 сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Ал түзеу мекемелеріндегі жұмыспен қамтылғандардың толық саны – 471. Жұмысшылардың жалақысы төменгі жалақы мөлшерінен де жоғары және уақытылы төленеді. Олар жалақысымен өз еркімен мемлекетке тигізген залалын 15%-дан 50%-ға дейін өтей алады. Қалған ақшасын туыстарына табыстауға немесе түзеу мекемесінде орналасқан дүкендерден керек-жарағын алуына мүмкіндік қарастырылған, – деді БАҚ өкілдерімен кездесуінде.
Бір қызығы, түзеу мекемелеріндегі заңсыздықтың көп бөлігін қылмыскерлердің өздері емес бостандықта жүрген қарапайым халық жасайды. Олар жазасын өтеушілерге тыйым салынған заттарды өткізуге құмар көрінеді. Жыл басынан бері есірткіні жабық мекемеге кіргізуге ұмтылған 7 азамат ұсталыпты. Оларға қазіргі таңда заң шеңберінде тиісті шаралар қолданылуда. Қылмыскерлермен ауыз жаласқандар есірткіні түрме сыртынан лақтыруға дейін барады. Іштен кіргізуге мүмкіндік тумағаннан кейін түрме ауласына лақтырып, айласын асырдым деп ойлаған 3 азамат ұсталған. Қылмыскерлерге тыйым салынған заттарды кіргізу мақсатында есірткіні ғана емес ұялы телефонды кіргізу деректері де бар. Тіпті, кейде бұл жағдай мекеме қызметкерлерімен де іске асады екен. «Сүрінгенге – тірек, жығылғанға – демеу» болады деген жандар керісінше, қылмыскерлердің жағдайын жасап, жаңа қылмыстың «тұсауын» кеспекші. Шынында, қолына ұялы телефон түскен қылмыскер жаңа қылмысты ұйымдастырып, бопсалауға дейін баруы мүмкін. Ағымдағы жылы түзету мекемесінде жұмыс істеген медицина қызметкері түрме ішіне ұялы телефонды жасырын алып кіріп, қылмыскерлерге тапсырмақшы болған. Дегенмен, дер кезінде ұсталып, жұмыстан шығарылған.
Жазасын өтеушілердің денсаулығына да аса қатты назар аударылады. Дегенмен, медицина саласы қызметкерлерінің жеткіліксіздігіне байланысты дәрігерлерді сырттан алдырып отырған көрінеді. Жыл басынан бері 5 науқасқа ота жасалып, 19 науқас стационарлық ем қабылдаған. Департамент басшысының айтуынша, қазіргі уақытта дәрігерлер мамандығына қызметкерлер іздеуде екен. Сонымен бірге, түзеу мекемелерінің қызметкерлеріне көңілі толмаған жағдайда, қылмыскерлер тікелей жауапты басшыларға шағымдана алатын терминалдар қойылады. Қазіргі уақытта бұл терминалдарға бюджеттен қажетті қаражат бөлінген және жақын арада орнатылатын болады.
Сотталғандар өзінің жеке кәсібін ашуға да мүмкіндігі бар. Ол мүмкіндікті өз игілігіне жұмсап үлгергендер де жеткілікті. Жыл басынан бері пробация қызметінің ықпалымен есептегі 21 адам қайтарымсыз грант ұтып алып, өз кәсібін бастап кеткен. Олардың ішінде шаштараз, бал ара асырау, мал шаруашылығы, бағбаншылық, бетон өндеу цехы, компьютер жөндеу орталығы, т.б. кәсіптің түрлері бар.
Халқымыз түрме тіршілігіне «басын сұққан» жанға қашанда күдікпен қарайтыны белгілі. «Сотталып келген» деген сүрең сөз өмір бойына соңынан қалмай, маңдайына қара таңба болып басылады. «Түрме толық түзейтін жер емес» деген түсінік қазақ халқының болмысында бар. Сол себепті абақтыға жабылғандардың қоғаммен етене араласып кетуі қиындау. Кез келген жерде жіберген ағаттық ісі алдынан шығып, бетіне шіркеу болады. Қазақта «ұра берсең, Құдай да өледі» деген сөз бар. Жасалған қылмысын бетіне басып, өмір бақи кінәлай берсең, қоғамнан алшақтап, сол қылмысын қайталауы әбден мүмкін. Бірақ жоғарыда көрсетілген Департамент қызметкерлерінің біліктілігінің арқасында қазіргі таңда сотталғандардың қоғамнан орын тауып кетуі біршама жеңілденген. Жұмыстағы жауапкершіліктің ауырлығына қарамастан істеліп жатқан жұмыстар өз жемісін беруде. Ендігі мақсат – жоғарыда көрсетілген көрсеткішті ұлғайтып, сотталғандардың қайта қылмыс жасау деректерін азайту.
Бекзат ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!