Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстандық әйел Қырғызстанда балаларды қылмыстық мақсатта сатып алғаны үшін сотталды

08.04.2026, 10:50 45

Бішкек соты адам саудасы мен кәмелетке толмағандарды ауыр қылмыстық әрекеттерге тарту ісі бойынша Қазақстан азаматын 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оның Қырғызстандағы сыбайласына 11 жыл жаза кесілді. Бұл іс қоғамды бейжай қалдырмайтын, адамгершілік шегінен әлдеқашан өтіп кеткен қылмыстардың қатарын толықтырды.

Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің мәліметінше, сотталған қазақстандық әйел шетелдік азаматпен байланыса отырып, балаларды заңсыз жолмен иемденіп, оларды әдепке де, заңға да сыймайтын мақсатта пайдаланған. Тергеу дерегіне қарағанда, ол сыбайласынан үш баланы сатып алған.

Арнайы қызметтің хабарлауынша, осыдан кейін балалардың ар-намысы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін, олардың құқықтарын өрескел бұзатын әрекеттер жасалған. Түсірілген материалдар мессенджерлер арқылы елден тыс жаққа жіберіліп отырған. Құқық қорғау органдары мұны кәмелетке толмағандарды ауыр қанау және қылмыстық контент дайындау схемасының бір бөлігі ретінде бағалап отыр.

Іс материалдары мұнымен шектелмейді. Күштік құрылым өкілдерінің айтуынша, аталған топ тағы бір отбасының екі баласына толық қамқорлық рәсімдеуге де қол жеткізген. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл балалар да сол қылмыстық мақсатта пайдаланылған. Бұл жайт істің ауқымын кеңейтіп қана қоймай, оның жүйелі әрі саналы түрде ұйымдастырылғанын аңғартады.

Күдіктілер 2024 жылдың қыркүйегінде Қырғызстан ҰҚМК тергеу изоляторына қамалған. Қылмыстық іс Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 167-бабы, яғни «Бала саудасы» бойынша тергелді. 2026 жылдың наурызында сот екі әйелді де кінәлі деп танып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды.

Бұл оқиға Орталық Азия кеңістігінде балалардың қауіпсіздігі, адам саудасы және трансшекаралық қылмыс мәселесінің әлі де өзекті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Баланы тауарға айналдыру, оны қорғансыз күйінде қылмыстық ортаға итеру – жай құқықбұзушылық емес, адамзат ұятына қарсы жасалған қылмыс. Мұндай істерде мәселе тек кінәлілерді жазалаумен шектелмейді. Ең бастысы – осындай қасіреттің алдын алатын нақты тетік, тиімді бақылау және балаларды қорғаудың мызғымас жүйесі қажет.

Бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі елде адам саудасына қатысты 39 дерек анықталғанын, оның алтауы кәмелетке толмағандарға байланысты екенін хабарлаған болатын. Бұл ресми статистика да мәселенің жекелеген оқиғалар шеңберінен әлдеқайда кең екенін байқатады.

Фото: Pexels

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: