Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда жасанды интеллектіні реттейтін заң толық күшіне енді

18.01.2026, 15:40 31

Елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң ресми түрде қолданысқа енгізілді. Құжатқа қол қойылған күннен бастап белгіленген 60 күндік мерзім аяқталып, заң бүгінде толық көлемде күшіне енді. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Жаңа заң елде жасанды интеллектіні пайдаланудың құқықтық шеңберін айқындап, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде адамның құқықтары, бостандықтары мен қауіпсіздігін алдыңғы орынға қояды. Құжатта жасанды интеллект адамның еркін таңдауына, саналы шешім қабылдау қабілетіне нұқсан келтірмеуі тиіс екені нақты бекітілген.

Заңға сәйкес, жасанды интеллектіні қолдану әділдік, теңдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарына негізделуі қажет. Алгоритмдердің қалай жұмыс істейтіні пайдаланушыға түсінікті болуы шарт. Сонымен қатар деректердің қорғалуы, жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігі басты талап ретінде белгіленді.

Азаматтар автоматтандырылған деректер өңдеу қолданылған жағдайда бұл туралы хабардар болуға, оның салдарын білуге және қажет болған жағдайда мұндай өңдеуге қарсылық білдіруге құқылы. Жеке құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау тетіктері де заңда нақты көрсетілген.

Құжатта жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен пайдаланушыларына жүктелетін жауапкершілік нақты айқындалған. ЖИ жүйесінің өмірлік цикліне қатысатын барлық тарап тәуекелдерді басқаруға, бақылауды қамтамасыз етуге және жүйе жұмысының салдары үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауап беруге міндетті.

Сонымен қатар жасанды интеллектіні әзірлеу мен қолдану қоршаған ортаға зиян келтірмеуі және энергия тиімділігі талаптарын сақтауы тиіс.

Заң жасанды интеллект жүйелерін тәуекел деңгейіне қарай үш санатқа бөледі: төмен, орта және жоғары тәуекелді. Маңызды салаларда немесе мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыруда қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша мемлекеттік жүйелермен теңестіріледі.

Қазақстан аумағында манипуляцияға негізделген, адамның осал тұстарын пайдаланатын, әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беретін, келісімсіз эмоцияны анықтайтын, жеке деректер туралы заңнаманы бұзатын немесе тыйым салынған контент тарататын жасанды интеллект жүйелерін жасауға және пайдалануға заңмен тыйым салынды.

Сондай-ақ тауарлар мен қызметтердің жасанды интеллект арқылы жасалғаны пайдаланушыға міндетті түрде хабарлануы тиіс. Синтетикалық контент арнайы таңбаланып, түсінікті ескертумен берілуі қажет.

Авторлық құқық мәселесі де заңда нақтыланған. Жасанды интеллект арқылы жасалған өнім тек адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана авторлық құқық объектісі ретінде танылады. Мәтіндік сұраулар (промпттар) да зияткерлік меншік нысаны болып саналады.

Министрлік мәліметінше, бұл заң Қазақстанда жауапты, қауіпсіз әрі адамға бағытталған жасанды интеллектіні дамытуға негіз қалайды. Құжат инновацияны қолдау мен азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект құралдарын күнделікті жұмыс үдерісіне кезең-кезеңімен енгізіп жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: