Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан есiрткiге елтiп тұр…

15.02.2024, 11:40 225

2023 жылдың 10 айында Астанада есірткіге қатысты 194 қылмыс тіркелді. Полицейлер есірткі өндіретін 5 зертхананың жұмысын әшкерелеп, соның ішінде 4 фитозертхананы анықтады. Ал күллі ел аумағында 900 келіге жуық синтетика тәркіленді. Бұл дерек Қазақстанның синтетикалық есірткі жасайтын орталыққа айналғанын көрсетеді.

Астанада өткен «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл» атты Мәжілістегі Үкімет сағатында қазіргі қоғамның ең өзекті, ең күрделі, ең қауіпті мәселесі ашық талқыланды. Өйткені, Қазақстанда есірткіге қатысты ахуал күн сайын нашарлап барады. Оның бірнеше себебі бар. Ашық әңгіменің ұзын-ырғасынан ұққанымыз, мемлекетіміздің ертеңіне, балаларымыздың болашағына үлкен қауіп-қатер төніп тұр. «Сол қатермен қоғам, ел болып қалай күресеміз?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

СИНТЕТИКАНЫҢ  АЙНАЛЫМЫ  74  ПАЙЫЗҒА  ӨСТІ!

Дүниежүзінде 1000-нан астам есірткінің түрі бар. Ал Қазақстанда шамамен 700-ге жуық есірткі немесе оның баламасы кездеседі. Дәл қазір еліміздегі есірткі ахуалына негізгі үш фактордың қалай әсер еткенін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бүркемелемей ашық айтты. «Осы үш негізгі фактор мыналар: каннабис шикізаты, «Солтүстік бағыт» арқылы өтетін ауған героині, синтетикалық есірткінің таралуы. Еліміздегі есірткі бо­йынша ахуалдың күрделенуіне қарасақ, мына кезеңдерге бөлуге болады. Бірінші кезең 90-жылдары есірткі нарығында «марихуана», «гашиш», «апиын» көбірек болды және «героин­нің» алғашқы партияларының пайда болуымен сипаттала­ды. Екінші кезеңде 2000-жылдары героин нашақорлығы өршіді. Инъек­циялық есірткілер сол уақыттың «дерті» болды. Нашақорлар бір шприцті пайдаланғандықтан, қоғамда ВИЧ аурулары тез таралды. Үшінші кезең – 2015 жылдан бүгінге дейін синтетикалық есірткінің жаппай таралуына тап болдық» деді мини­стр.

Ол соңғы 5 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін күрт өскенін мәлімдеді. Бас полицей қазір есірткі қылмыстары толығымен киберкеңістікке көшкенін, «батпанқұйрық» бизнес­тің көрігі әсіресе телеграм-боттарда қызып тұрғанын ашық айтты. Есірткі таратушылар бір-бірін танымайды, барлық байланыс түрлері «боттар» арқылы жүргізіледі. Бұл ретте «крипто-кошелек», «мессенджер» және басқа да инновациялар қолданылады. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. ІІМ бір ғана телеграмда 1,3 мың интернет-дүкенді жапқан. Бұдан бөлек, чаттар, арналар, сайттар секілді 6 мыңнан аса ақпарат тарата­тын нысанның жолы кесілген. Тіпті полицейдер бұл іске жасанды интеллектінің көмегін пайдаланбақ. Биыл есірткі өндірушілер мен сатушы­лардан 900 келі (!) синтетикалық есірткі тәркіленген. Бұл көр­сеткіш өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 74 пайызға өсіпті. Айналым апаны одан  сайын  ұлғайып  барады.

ЕСІРТКІ  «ҚАҒАНДАРЫ»  СОТТАЛА  МА?

Қазақстан есірткінің транзиттік дәлізі қызметін атқарып отыр. Бұған дәлел, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтардың іс-қимылдарының күшеюі. Еліміз бойынша наркобизнеске қатысты 9 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған. Олардың ұйымдастырушылары – есірткі «қағандары» түгел ұсталыпты. Ержан Сәденов былтыр осындай 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жойылғанын мәлімдеді. «Осы топтардың 14 мүшесі қылмыс­тық жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде 13-і – шетел азаматы. Олардан шамамен 100 келі «синтетика», 85 тоннадан астам прекурсор, 13 реактор және 1 мыңнан астам зертханалық құрал-жабдық тәркіленді. Құқық қорғау және арнайы органдар барлығы 75 жасырын есірткі зертханасын жойды. 100 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. 8 тоннадан астам тұтынуға дайын заттар  өндірі­сінің  жолы кесілді. Бұл – шама­мен 25 млн бір реттік доза­лар және мыңдаған аман қалған адамдардың өмірі. Өйткені «синтетикалық есірткі» бірден тәуелділікке әкеп соқтырады және денсаулықты құртады»  деді  министр.

ПОГОН  ТАҚҚАН  ШИБӨРІЛЕРДІҢ  БАСШЫЛАРЫ  ЖАЗАЛАНА  МА?

«Алтын көрсе періште жолдан тая­ды» демекші, өзге емес, осы қауіп­ті қылмыспен күресетін полицейлердің өзі солармен сыбайлас «серіктес» болып алған. Сыбайлас­тықтың көкесі емей немене, 2023 жылы есірткі заттарын сатқаны және сақтағаны үшін құқық қорғау органдарының 11 қызметкері мен әскери қызметші ұсталған! Олардың қатарында Көші-қон полиция­сының, Полиция департаментінің Есірткіге қарсы күрес басқармасының басшылары мен жедел уәкілдері (!), Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының, Түзету мекемесінің, Төтенше жағдайлар жөніндегі министр­лік қызметкерлері бар. Мінеки, жеткен жеріміз! Осындай жаға ұстатарлық деректі жариялаған Мәжіліс  депу­таты Снежанна Имаше­ва погон таққан шибөрілердің басшыларын  да қыз­метінен босатып, жауапқа  тарту  қажет­тігін  мәлімдеді.

ЗАҢНАМАҒА  ҚАНДАЙ  ТҮЗЕТУ  ЕНГІЗІЛЕДІ?

Үкімет сағатында есірткіні өндірген және таратқандарды жазалау жүйесін өзгерту мәселесі ашық талқыланды.  Ішкі істер министрі Ержан Сәденов  қылмыс жасап бірінші  рет  ұсталған  есірткі «жасырушыларды» жауапкершіліктен босатуды ұсынды. «Шынымен қазір есірткі өткізу­шінің  «портреті»  өзгерген. Бұл – ауқатты отбасылардан шыққан жастар. Олар үшін интернет-технологияларын белсен­ді пайдалану үйрен­шікті жағдай. Олар «жеңіл ақша табуды» көздеп, құқықтық сауатының төмендігінен осындай әрекетке барады. Бүгінге дейін кәмелетке толмаған  6  бала сотталды. Тағы  26  жасөспірім  жауап­кершілікке тартылуда. Депутаттардан осы түзетулерді әділ қарауды сұраймын» деді ол. Министр біздің қоғамда есірткі жасырушыларды (заклад­чик)  жазалаудың  тым  қатаңдығы туралы мәселе өткір тұрғанын айтты. Бұл жастар мен жасөспірімдерді осы салаға белсенді тартумен байланысты. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша еліміздегі ең жас  есірткі  таратушының   жасы – 14-те. Былтыр­ғы 10 айда осындай қылмысы үшін 30 кәмелетке толмағандар  ұсталған.

Бұған қоса, ІІМ синтетикалық есірткінің көбеюіне орай, есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар­ға жазаны қатайтуды ұсынды. Қазір олар «есірткіні өткізу мақсатында бір топ адаммен және аса ірі көлемде әзірлегені және қайта өңдегені үшін 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ұсынылатын түзетулерде осы әрекеттер 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына (ҚК 297-бабының 4-бөлігі бойынша)  өзгереді.

Енді  салыстырып қарайық: есірткіні әзірлеп, шығаратындар 11-12 жылға сотталады, ал дайын өнімді таратушылар 10-11 жылға сотталады. Біреулер мефедронды бірнеше келілеп өндіреді, екінші біреулер соның  бірнеше  грамын  ғана сатады. Ал  жазалау мерзімдері іс  жүзінде  бірдей. Неге бұлай? Екі грамнан артық есірткі табылса, ол аса ірі көлемдегі қылмыс болып саналады. Сонда 20 келі есірткі да­йындаған да, 2 грамм есірткі сатқан да бірдей жазаланады. Есірткі жасырушылардың дені – 18-25  жас  аралығындағы аңқау, ақымақ  бозбала-­бойжеткендер. Олар тез ұсталып, істеген қылмысын мойын­дайды. Сонда да оларды 10 жылға түрмеге қамау – әділетсіздік» деді бас полицей. Мәселе ашық талқыға түскенде бұл ұсынысты құптағандар да, қарсы ой-пікір айтқандар да болды. Алдағы уақытта жазаның қалай өзгеретінін жаңалықтардан  оқып  білерміз.

МАРИХУАНАНЫ  ЗАҢДАСТЫРУ  –  ЗҰЛЫМДЫҚҚА  БОЛЫСУ

Еліміздегі есірткі ахуалының нашарлауы­на жағымсыз ықпал ететін фактордың бірі – каннабис шикізаты. Әйгілі Шу алқабында жыл сайын 5-8 мың тонна марихуа­на әзірлеуге болады екен. Шу дала­сында 140 мың гектар, Жетісу облысы­ның аумағында 40 мың гектар алқапта жабайы қара сора өседі. Алайда, қазір тек Шу даласы ғана емес, еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерінде де қара сора егу жұмысы «қызып» тұр. «Онымен күресу үшін жыл сайын маусым-қазан аралығында «Қарасора» операциясы өткізіледі. Есірткі егістерін анықтау үшін тікұшақтарды, жол талғамайтын көлік, пилотсыз ұшу аппараттары қолданамыз. 2022 жылдан бері жер бетін ғарыштан алдын ала тексеру жүргізілуде. Ғарыштық мониторинг көмегімен 265 есірткі плантациясын анықтадық. Жыл са­йын осы іс-шара шеңберінде 15 тоннадан 20 тоннаға дейін есірткі тәркіленеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш соңғы 6 жылда болмаған ең жоғары шегіне жетті – шамамен 37 тонна тәркіленді. Демек, бұл проблеманы тек күшпен шешу мүмкін емес» деп ағынан жарылды Ержан Сәденов.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің төрағасы Снежанна Имашева есірткі «қағандары»  «батпанқұйрық» бизнесін жүргізіп отырған «Солтүстік дәлізді» жабу үшін жабайы қара сора алқаптарын қатаң бақылау, тартып алу және толығымен жою екенін айтты. «Бұл – өте қымбатқа түсетін, тиімсіз және жағымсыз іс-әрекет. Құқық  қорғау органдары жыл  сайын 20-25 тонна есірткі затын тәркілей­ді, соның  ішінде  95 пайызы – каннабистік топтағы есірткілер. Біздің Үкімет жабайы қара сораны фармацевтикаға неге пайдаланбайды? Дамы­ған елдерде каннабис негізінде медициналық дәрі-дәрмектер шығарады» деді ол. Бұл ұсынысқа қатысты журналистерге ой-пікірін айтқан Ішкі істер министрі қара сораны медицин­алық мақсатқа қолдануға тыйым салынған, себебі ол ДДСҰ-ның ұсынымына қайшы ке­ле­тінін мәлімдеді. Алайда еліміздегі 5 кәсіпорын қара сораны талшық шығаруға пайдалануға лицензия алыпты. Сондай-ақ, құзырлы ведомство басшысы марихуананы заңдас­тыру мүмкін еместігін, ол зұлымдық­қа  жол  ашу  екендігін  жеткізді.

ЕСІРТКІНІ  ҮЙДЕ  ШЕКТІМ,  ОЛ  ЗАҢДЫ!

Снежанна Имашева есірткі ахуалын ушықтырып отырған бірнеше түйткілді жа­йып салып, өзінің нақты ой-тұжырымдарымен бөлісті. Мәселен, 2014 жылға дейін есірткіні медициналық емес жағдайда қолданған адамға әкімшілік жаза қолданылып келді. «Жыл сайын осы әрекеті үшін шамамен 2,5 мыңға жуық (2013 жылы – 2516, 2014 жылы – 2380) адам жауапкершілікке тарты­латын. Одан кейін, әкімшілік жауап­кершілік Қылмыс­тық кодекс­ке ауысып, есірткіні қоғамдық орындарда тұтынғандар ғана жазаланатын болды. Соның нәтижесінде былтыр осындай бағыттағы 89 оқиға тіркелген, соның 30-ы ғана сотқа жіберіліпті. Бұл – еліміздегі есірткі қылмысының деңгейі төмендеді деген сөз емес. Керісінше, «қоғамдық орында» деген сөз қылмысты бүркемелеп, «Мен есірткіні үйде қолдандым, ол заңды!» дейтін адамдар көбейді. Биыл осы үйде тұтынуға қатысты 370 мың дерек тіркелген» деп түсіндірді мәселенің мәнісін депутат.

Қазір Мәжілісте «Есірткі заттары мен психотроптық прекурсорларды медициналық емес жағдайда қолдану» дегенді қайта әкімшілік жауап­кершілікке енгізу туралы ұсыныс арнайы заң жобасы аясында қарас­тырылып жатыр. Атап айтарлығы, депутаттардың ұстанымы бұл жерде екіге жарылды: бір тарап әкімшілік жауапкершілік қайта енгізілсін десе, екінші тарап қазіргі жағдайда қал­дыруды қалайды. Ал құзырлы комитет мүшелері қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жазаны да енгізуді талап етуде. Сайып келгенде, медициналық емес есірткі заттарын қоғамдық орындарда тұтынған жандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал қалған жағдайларда (үйде, көліктің ішінде, клубта, притонда) тұтынғандар әкімшілік жазаға  тартылады.

ТҮЙІН. Шынын айтайық, есірткінің таралуы күннен-күнге ұлғайып барады. Әсіресе, синтетика тамырын тереңге жаюда. Ол арзан, қолжетімді және негізгі тұтынушылары жастар екені алаңдатуда. Бұл қауіппен құрылым, министрлік қана емес, күллі қоғам, ел болып күрессек қана, белгілі бір нәтижеге жетеміз.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: