Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы әкімінің «ісі» немен аяқталды?

22.02.2021, 18:00 997

HALYQLINE.KZ

Әдеп кеңесі

Билік дәлізіне аяқ басқандардың қайсысы болмасын, мемлекеттік қызметкер атына кір келтірмеуі тиіс еді. Алайда атқамінерлердің арасында жүрісі сұйық жандар да көп екені жасырын емес. Бұл сөзді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та растаған. Бір сөзінде президент: «Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей», – деген еді. Президент айтқандай-ақ, «Қазалы ауданының әкімі өзінің қол астындағыларға пышақ алып жүгіріпті» деген ақпараттың желдей ескенін барлығыңыз білесіздер. Тосын хабар қалың елді елең еткізген болатын. Бұл даудың түбінде немен аяқталатыны осы уақытқа дейін барлығымызға қызық болды. Осы тұрғыда, мемлекеттік қызметкерлерге сай қылық көрсетпеді деп айыпталған аудан әкімі мен басқа да мемқызметшілердің ісі Әдеп жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысында қозғалды. Біршама шенділерге жаза қолданылып, ескерту жасалды.

Мұрат  Ергешбаев  не  дейді?

Осыдан бір ай бұрын «Youtube» желісіндегі «QAZAQ.KZ» арнасында келеңсіз оқиға баяндалған еді. Онда Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев пен оның қол астындағыларының арасында рулық һәм әулеттік қақтығыс болғаны жайлы айтылады. Дәлірек айтсақ, ағымдағы жылдың 1 қаңтарында Қазалы ауданы әкімінің аппарат басшысы Н.Жалғасбаевтың үйінде аудан әкімі М.Ергешбаев, аудан әкімінің орынбасарлары Ғ.Еркебай және Ә.Әбиев, Әйтеке би кентінің әкімі Қ.Орынбасаров, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шарушылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Әбсұлтанов, аудан әкімінің көмекшісі М.Бисенбаев және өзге тұлғалар қонақта болып, М.Ергешбаев спирттік ішімдік ішкені және қарамағандағы қызметкерлермен құмар ойынын ойнағаны, алкогольдік масаң күйде М.Әбсұлтановқа балағат сөздер айтып, төбелесіп, оның әкесі Б.Әбсұлтановқа «Ауданның құрметті азаматы» атағын алып бергенін айтып, кикілжің болғандығы сөз етілгендігі көрсетілген. Содан бері бұл тақырып қоғам белсенділері мен ел арасында жүрген жандардың аузынан түспеді. Зерттеу нәтижесі бойынша бейнероликте көрсетілген бірде-бір ақпарат шындыққа жанаспайтыны анықталды.

– Біз тексеріс жасап, Қазалы ауданына барғымыз келді. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша бірде-бір адамнан арыз-шағым түспеген. Сол себепті де құқықтық-статистика органдары бізге тексеріс ашуға бас тартты. Сондықтан да өзіміздің құқықтық шеңберімізде тәртіптік іс қозғап, қызметтік тергеп-тексеру жүргізумен ғана шектелдік, – деді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Рафхат Бисенов.

Кеңес төрағасының айтуынша, бейнероликті шығарған арнаның өкілдері де ешқандай ақпарат бермейтіндерін айтқан. Сұранысқа тек әлеуметтік желіге жіберілген хатты ғана көрсетіп, басқа берері жоқ екенін жеткізген екен. «Керек мәліметті өздерің табыңдар» деп ары сілтеген.

– Бұл мәселе төңірегіндегі зерттеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Жеке өзім жауапты органдарға осы мәселенің анық-қанығын ашу үшін хат жіберген болатынмын. Бірақ, мұны толықтай ашу уақытты талап етеді. Менің айтарым, 35 жыл осы қызметте жүріп, мұндай мәселемен бірінші рет кездесіп отырмын. Бұл бейнежазба үшінші рет шығарылып отыр. Бұның алдында да екеуі болған. Бұл бейнежазба ешқандай дәлелге сүйенбей шығарылып отыр. Шындыққа мүлдем жанаспайды. Қазіргі таңда бұл бейнежазбаны әлеуметтік желі беттерінен өздері алып тастаған. Сондықтан алдымен ішкі істер органдарының нәтижесін күту керек деп ойлаймын, – деді Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев.

Зерттеу нәтижесінде аты аталған тұлғалардың барлығы бұл оқиғаны жоққа шығарып, ол уақытта үйінде болғанын мәлімдеген. Сондай-ақ, аудандық ауруханаға да бұл азаматтар ол күні дене жарақатымен түспеген екен. Шынында да еш дәлелсіз айып тағу қиын. Сондықтан Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевқа қатысты тәртіптік іс тоқтатылды. Алайда алдағы уақытта белгілі бір іс-әрекеттер дәлелденіп жатса немесе қандай да бір ақпарат шықса, істі қайта қарайтынын ескертті.

Экология  департаментіндегі  былық

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары мен 2 бас маманына қатысты қозғалған тәртіптік іс. Мұнда Қазалы аудандық прокуратурасының қадағалау аумағындағы жер қойнауы заңнамасы талаптарының сақталуына талдау жүргізу барысында мемлекеттік қызметшілердің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының талаптарын сақтамайтыны және лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамай, шешім қабылдау барысында заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткені анықталған.

Дәлірек айтсақ, өткен жылдың қазан айында Қазалы ауданы Әйтеке би кенті Алтын көпір аумағынан «Намыс-Құрылыс» ЖШС-не тиесілі WZ30-25 экскаватор погрузчигі шамамен 60 шаршы метр жер учаскесіне қазу жұмыстарын жүргізген. Полиция қызметкерлері бұл оқиғаны дер уақытында байқап, аудандық жер қатынастары бөлімі арқылы Экология департаментіне жолданған. Экология департаменті әлгі мекеме мемлекеттік жер қойнауын өз бетінше пайдалануына байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 139-бабының 2-бөлігімен әкімшілік іс қозғап, іс материалдары Қазалы аудандық сотына қарау үшін жолданған. Негізінде кодекстің 139-бабының 2-бөлігінің санкциясына сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған бұзушылық жасаған құралдар тәркіленіп, жеке тұлғаларға – 100, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 150, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 700 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Дегенмен, Қазалы аудандық сотының қаулысымен «Намыс-Құрылыс» ЖШС-не бар болғаны 291690 теңге айыппұл салынған. Оның үстіне құрал тәркіленбеген. Аудандық прокуратураның мәлімдеуінше, департамент қызметкерлері О.Искендиров пен А.Шамкенов заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамай, құқықбұзушылық құралы болған «Намыс-Құрылыс» ЖШС-не тиесілі WZ30-25 экскаватор погрузчик тракторына қатысты алу хаттамасын жасамауы салдарынан құқықбұзушылық құралы тәркіленбегені белгілі болды. Заң бойынша әлгі техниканы тәркілеу керек еді. Алайда Экология департаментімен жер қойнауын заңсыз қазуға пайдаланылған «Намыс-Құрылыс» ЖШС-не көлікті алып қою хаттамасы рәсімделмей, заңды тұлғаға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетілген. Осы тұрғыда, үш бірдей қызметкерге жаза қаралды. Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Бекзат Тлегеновті Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін «Ескерту» тәртіптік шарасына тарту ұсынылса, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің бас маманы – мемлекеттік экологиялық инспекторы Олжас Искендировке мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің көпшілік дауысымен «Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазасын қолдануды ұсынды. Ал келесі қызметкерді кеңес мүшелері кінәсіз деп таныды. Себебі, А.Шамкенов хаттама толтыруға қатысы болмаған, бар болғаны сотқа жолданған хаттың орындаушысы ғана. Сол себепті департаменттің бас маманы – мемлекеттік экологиялық инспекторы Алишер Шамкеновке қатысты тәртіптік іс тоқтатылды.

Сонымен қатар, кеңес мүшелері бұл істі қылмыстық іске балап отыр. Сондықтан бұл мәселеде Қылмыстық Кодекстің 370-бабындағы қылмыстың белгілері байқалуына байланысты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментіне жолдау туралы шешім қабылданды. Мұндағы басты фактор – қызметкерлердің жауапсыздығының әсерінен мемлекетке берілуі тиіс көлік игерілмей қалуында.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе Жалағаш, Жаңақорған және Сырдария аудандарының лауазымды тұлғаларына қатысты қолданылған тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алу туралы ұсыныс болды. Осыған дейін Әдеп жөніндегі кеңес шешімдері негізінде қолданылған тәртіптік жазаларды алуын сұраған мемлекеттік органдардың сұранысы қабылданбады. Кеңес мүшелерінің айтуынша, қызметкерлер қазіргі кезде кеңес жұмысына бейжай қарайды. Сол үшін де аталған жазаларды алып тастау ұсынысына келісім берілмеді.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: