ҚАҚЫРЫҚ
Қарт кісінің үйіне қарау жүргізіп, ішкі ойларымен арпалысқан күйі сыртқа шыққан Әйтеке Жарымбетов аула ішінде қар үстінде қатып жатқан адам қақырығын байқап қалды. Жас кезінен түрлі істерге тергеу жүргізіп, әбден көзі ағарған милиция полковнигі қақырықтың туберкулезбен ауыратын адамдікі екенін бірден аңғарды.
Алғашында қаза тапқан қарт кісінікі шығар деп топшылады. Бірақ, ойын өзгертіп, қылмыскерлердікі болуы мүмкін деген жорамалмен қақырыққа сараптама жасату үшін қар үстінен ойып алды.
Жүргізілген сараптама нәтижесінде, қанішерлердің қолынан қаза тапқан қарт кісінің де, жасөспірім қыздардың да туберкулезбен ауырмағаны анықталды. Әрі қақырық қылмыс жасалған уақыт шамасында тасталған деп болжанды. Яғни, қанды қылмысты іске асырып, сыртқа шыққаннан кейін қылмыскерлердің бірі аулаға қақырығын түкіріп кеткен.
Күдік күшейе түсіп, жан-жақты тергеу жоспарлары дайындалды. Сол маңда тұратын бұрын сотталғандар, басқа да арнайы есепте тұратындар сараптамадан өткізілді. Оперативтік шаралар барысында Әйтеке Жарымбетов қылмыс болған жерден табылған қақырық Серікбаев деген туберкулезбен ауыратын жігіттікі екенін, оның қарт кісі мен жасөспірім қыздар қаза тапқан үйдің көшесінде тұратынын анықтады. Оған қоса, ел ішіндегі әңгімелерден Серікбаевтың арбаға таңылған, жүре алмайтын мүгедек адам екені белгілі болды.
«Серікбаев қарт кісімен бір көшеде тұрып жатса да, ауыр қылмысқа барғаны ма? Мүгедек болса, оқиға болған жерде қақырығы қайдан жүр? Әлде арбамен жүріп қылмысқа қатысқан ба?!».
Әйтеке Жарымбетов тағы да болжамын жасай бастады. Қақырық табылуына байланысты Серікбаевты қамауға алса, қылмыс толық ашылмайтын түрі бар. Ол тергеу сұрақтарынан жалтарып, қылмысқа қатыстылығын мойындамай, сыбайластары туралы да айтпауы мүмкін. Өйткені, бұл жерде бір емес, бірнеше қылмыскердің бар екені белгілі болып қалды. Оның үстіне, ағайынды Святухалардың да ісіне қатысы бар секілді. Демек, айлаға көшпеске амал жоқ.
ЕЛЕС
Милиция полковнигі Әйтеке Жарымбетов ерінбей-жалықпай, бүкіл облыс бойынша іздеуде жүрген қылмыскерлер туралы хабарламаларды зерделеп қарап отырып, Сырдария аудандық Ішкі істер бөлімінен келген хатқа көңіл аударды. Ол мал ұрлығы және тонау қылмыстарына сезікті ретінде Арал ауданының тұрғыны Есмаханов дегенді ұстау жөніндегі хабарлама екен.
Мәтіндегі «ұрлық, тонау» деген жолдарды оқып, Әйтеке Жарымбетов бір сәтке ойналып қалды. Өйткені, бұл адамды ұрлықпен айналысады дегенді сыртынан еміс-еміс еститін. Бірақ, аудан бойынша нақты Есмаханов қатысқан немесе күдікті болған қылмыс болмапты. Соған қарағанда, сырт жақтардың малдарын ұрлап, тонаумен айналысатын шығар! Қашып жүріп, Арал жаққа да келіп, тағы қылмысқа баруы мүмкін ғой!
Милиция полковнигі қылмысты ашуға ілік табылып қалар деген оймен енді Есмаханов туралы ақпараттарды іздестіруге көшті.
Жедел-іздестіру тобымен бірлесе отырып, Әйтеке Жарымбетов Есмахановтың Арал қаласы Гагарин көшесінің тұрғыны болып тіркелгенін, қазір қайда жүргені белгісіз екенін, ал қарт кісі мен жасөспірім қыздар қаза тапқан үйдің көшесінде оның інісі тұратынын анықтады.
«Есмаханов мал ұрлығы, тонау қылмыстарымен айналысса, оның көздегені ақша, пайда табу болып отыр. Адамдарға күш қолданып, қарақшылықпен де айналысатын шығар, кім білсін?! Ал, қанды оқиға болған көшеде оның інісі тұратын болса, ол қарт кісінің дәрменсіз екенін, үйінде ересек жігіттердің жоқтығын, жасөспірім немере қыздарымен тұратынын алдын ала білген. Қылмыс болған жерден Серікбаевтың қақырығы табылғанына қарағанда, қылмысты екеуі бірлесіп жасаған болуы мүмкін!» – деді Әйтеке Жарымбетов.
Бір-бірімен жанаса байланысқан деректерден осылай тұжырым жасаған милиция полковнигі қайтадан Серікбаев туралы ақпараттарды жинақтай бастады. Сөйтіп, халық ішіндегі әңгімелерден мүгедек арбасына таңылған Серікбаевтың елес секілді түнделетіп анда-санда көзге көрініп қалатынын анықтады. Тіпті, Серікбаевтың үйінде телефоны бар екені де белгілі болды. Осылайша, сезік қайта күшейе түсті.
Мұндай ілікті қалт жібермейтін Әйтеке Жарымбетов жедел-іздестіру тобының мүшелерімен ақылдаса отырып, ертеңіне паспорт режимін тексеруді сылтауратып, басқа тұрғындармен қатар, Серікбаевтың да үйіне барып, оның халін сұраған болып сөйлесіп отырып, керуетіне арнайы құрылғыны орнатып кетті. Сөйтіп, елестің сырын ашуға біртабан жақындай түсті.
ҚҰРЫЛҒЫ
Кешке қарай құрылғы іске қосылды. Серікбаев әлдекімге телефон шалды.
– Ал-ло! Аға, біздің үйді менттер торуылдай бастады-ау! Бүгін тергеуші Әйтеке Жарымбетов паспорт режимі бойынша келіп, тексеру жүргізіп кетті.
– Сен ештеңе сездірген жоқсың ба?!
– Жоқ!
– Сездірме! Біздікі – өте ауыр қылмыс! Әсіресе, ана екі қыздың шыңғырғаны құлақтан кетер емес!
– Мен де дұрыс ұйықтай алмай жүрмін.
– Ештеңе етпейді. Ана екі орыс та ұмытылды ғой!
– Жақсы, жарайды…
– Хабар өзімнен болады. Сенің үйіңе әзір жоламай, тығыла тұрамын…
Телефон байланысы үзіліп кетті.
Әйтеке Жарымбетовтың ішкі түйсігі алдамапты. Осылайша, кішкентай құрылғының арқасында өте ауыр қылмыс туралы ақпараттар таспаға жазылып алынды.
Екі күн бойы құрылғыны тыңдауды жалғастырған милиция полковнигі Серікбаевтың «аға» деп отырғаны Есмаханов екенін, осы қылмысқа қатысты тағы Сатпаев дегеннің де бар екенін анықтады. Енді қылмыскерлерді құрықтау ғана қалды.
Нұргүл НҰРБАЙҚЫЗЫ,
Байқоңыр қалалық сотының
жетекші маманы
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!