Қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін бағалауда құқықтық статистика ерекше маңызға ие. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми порталындағы деректерге сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар айында ел бойынша 11 348 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде халық саны мен экономикалық белсенділігі жоғары мегаполистерде қылмыс деңгейі де жоғары. Мәселен, Алматы қаласында 1868 қылмыс сотқа дейін жетсе, Астана қаласында 1354 қылмыс тіркелген.
Ал Қызылорда облысында осы кезеңде 281 қылмыстық құқықбұзушылық әрекеті жасалғаны көрсетілген. Бұл – республикадағы көптеген өңірмен салыстырғанда төмен көрсеткіштің бірі. Алайда қылмыс статистикасын тек жалпы сан арқылы бағалау жеткіліксіз. Қылмыстың нақты түрлерін және оның жыл сайын қалай өзгеріп отырғанын қарау арқылы ғана өңірдегі қауіпсіздік жағдайын дұрыс бағалауға болады.
Сыр өңіріндегі қылмыс әрекеттеріне көз жүгіртсек, соңғы он жылда түрлі құқықбұзушылықтың бірқатары едәуір азайғаны байқалады. Оның ішінде – ұрлық деректері. Мәселен, 2015 жылы облыста 670 ұрлық тіркелген болса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш біртіндеп төмендегенін көреміз. 2020 жылы – 265, 2021 жылы 139 дерек тіркелсе, 2026 жылдың басында ұрлық саны 32 фактіге дейін қысқарған. Яғни он жыл ішінде бұл қылмыс түрі бірнеше есе азайған. Мұндай өзгерістер қоғамдық қауіпсіздік шараларының күшеюінің нәтижесінде өзгерді деуге негіз бар. Соңғы жылдары көшелер мен қоғамдық орындарға бейнебақылау камералары орнатылып, цифрлық бақылау жүйелері енгізілді, полицияның профилактикалық жұмыстары да күшейді. Мұның бәрі ұрлық сияқты қылмыс түрлерінің азаюына әсер еткен негізгі факторлардың бірі болып отыр.

Сол секілді, бұзақылық деректері де соңғы жылдары айтарлықтай сиреген. Мәселен, 2015 жылы облыста 157 бұзақылық фактісі тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш төмендеген. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша өңірде 6 дерек тіркеліп отыр. Өңірдегі ауыр қылмыстарға келсек, тонау деректері де соңғы жылдары азайғанын байқаймыз. Соңғы мәліметтер бойынша 2026 жылдың алғашқы айында Қызылорда облысында 5 тонау фактісі тіркелген. Ал қарақшылық қылмыстары мүлде кездеспеген. Аса ауыр қылмыстарға келсек, жыл басындағы статистика бойынша облыста 2 адам өлтіру фактісі тіркелген. Статистикада бопсалау қылмыстарының да тіркелгені байқалады. Жыл басында өңірде 5 бопсалау фактісі анықталған. Ал зорлау қылмыстары бойынша 2026 жылдың алғашқы айында дерек тіркелмеген.
Сонымен бірге, соңғы жылдары құқық қорғау органдарының назарын ерекше аудартып отырған бағыт – алаяқтық қылмыстарының көбеюі. Ресми деректерге сәйкес, жыл басында Қызылорда облысында 93 алаяқтық фактісі тіркелген. Қазірде өңірде жиі кездесетін құқықбұзушылықтың бірі де – осы. Мамандар мұны цифрлық технологиялардың кең таралуымен байланыстырады. Интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемалар, онлайн саудадағы алдау тәсілдері, әлеуметтік желілердегі қаржылық айла-шарғылар – құқық қорғау органдары үшін жаңа күрес бағыттарының біріне айналып отыр. Бұдан бөлек, өңірде есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар да тіркеліп келеді. 2026 жылдың басындағы дерек бойынша облыста 16 есірткі қылмысы анықталған.
Жалпы алғанда, статистика Сыр өңірінде соңғы жылдары ұрлық, бұзақылық, тонау сияқты құқықбұзушылықтардың азайғанын көрсетеді. Бұл қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің біртіндеп нығайып келе жатқанын аңғартады. Дегенмен, қылмыстың құрылымы өзгеріп жатыр. Бұрын жиі кездесетін қылмыстар азайса, олардың орнын алаяқтық сияқты жаңа сипаттағы құқықбұзушылықтар басып келеді. Сарапшылардың айтуынша, алдағы жылдары құқық қорғау органдары үшін басты міндет – цифрлық ортадағы құқықбұзушылықтардың алдын алу болады. Бұл үшін тұрғындардың құқықтық әрі цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды.
Әрине, соңғы жылдары қылмыс әрекетінің азайғаны көңіл қуантқанымен, тоқмейілсуге болмайды. Тексеру шаралары мен қала тыныштығын күзететін рейдтердің жұмысын тоқтатпау керек. Өйткені, статистикада кісі өлімі деген қылмыстың саны 2-ні көрсетіп тұрғанымен, оның артында қанша адамның көз жасы, қанша қылмыскердің қарекеті, қанша отбасының келешегі тұр. Мемлекеттің де ең басты байлығы – адам. Сол үшін адам шығынын өтелмейтін байлыққа қолсұғу деп қарастырғанда, талай қандықолға есе жібергеніміз сан ұрғызады. Өкінбес үшін қазіргі әрекетіміз есепке құрылмаған болуы шарт.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!