Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

“Қала әкімі болса, өлтіріп қоятын шығар»: Аудан әкімі өз қызметкерін ұрған

03.03.2026, 11:15 64

Ақпараттық кеңістікте Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданы әкімінің қызметкеріне күш қолданған видеосы тарады, деп жазады halyqline.kz тілшісі Alash.kz ұлттық порталына сілтеме жасап.

Бұл туралы заңгер Айгүл Орынбек желідегі парақшасында жазды.

“Бұл видео маған былтыр күзде, қазан айында келген еді. Видеода Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі өз қызметкеріне күш қолданып, ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Иә, қызметкер жұмысынан айырылып қалмас үшін әкімге қарсы арыз жазбауы мүмкін. Бірақ жанына қатты батқан адам бұл видеоны бекерден-бекер таратпайды ғой.

«Айгүл-ау, Шымкентте бандиттер өріп кетті ғой, неге үндемей отырсың?» дейсіздер. Айдың-күннің аманында әкімдіктің алдында әкім орынбасарын атып, бір әкім өз қызметкерлерін ұрып-соғып жатқанын құзырлы органдар көріп-біліп тұрып үнсіз отырса, мен не деуім керек? Бұл қалаға Президент алдында жауап беретін адам бар ғой. Сол жауап берсін!

Соңғы уақытта Шымкентте неге қылмыстық әрекеттер көбейіп кетті? Неліктен әкімдік қызметкерлері бір-біріне оқ атып, төбелесуге дейін барып жатыр? Әкімдік бандиттердің ордасы емес қой! Мына боксер әкімге шара көріңіздер!”,- деп жазды Айгүл Орынбек.

Оқиғаға байланысты Шымкент қаласы әкімдігі ресми түсінік берді.

– Әлеуметтік желіде қаладағы аудан әкімдерінің бірі қатысқан болуы мүмкін оқиға бейнеленген видео таралып жатыр. Аталған дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізілетінін хабарлаймыз, – делінген ресми хабарламада.

Қала әкімдігі заңдылықты сақтау, қызметтік әдеп қағидаттарын ұстану және кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу ұстанымын басшылыққа алатынын мәлімдеді.

– Егер таралған бейнежазбада көрсетілген жайттар расталса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Тексеру аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз. Нәтижелері туралы қосымша хабарланады, – деп жауап берді ведомство.

Фото: видеодан скриншот

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: