Алаяқтық атам заманнан ілесіп келе жатқан қоғамның сүйкімсіз тұсы болды. Алдап-арбап, ұрып-соғып, адамға адамның зұлымдығы өткен заман болды. Себебін неден іздеріңді білмейсің. Адамның аласын танып, ішіндегісін білетін Хақ тағала ғана. Бірақ, қоғамдағы осындай олқы қылықты рухани азғындық пен материалдық жетіспеушіліктің жемісі деп топшылауға әбден болады. «Жер алып беремін», «үй алып беремін» деп кісінің ақысын алып, ардан безген әрекетке баратындарды күнара естіп жүрміз. Енді олардың қатарын «магистратураға түсіріп беремін» дегендер толықтырып жүргенге ұқсайды. Қызылорда қаласының тұрғыны З.Жарболова таныстарына өзін «Қорқыт ата атындағы университеттің қызметкері» ретінде таныстырып, «оқу орнында магистратураға еш қиындықсыз түсіріп бере алатындығын» айтып, алаяқтық пиғылын жүзеге асырған. Сонымен не керек, жұрттың 5 млн теңгеден аса қаражатын алдап алып, «қақпанына» қаланың 15 тұрғынын түсірген. Сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
Алдап алған ақшадан не берекет табамын дейді екен? Ол ол ма, қала тұрғыны А.Мусаева өзінің алдын ала жоспарлаған қылмыстық іс-әрекетін жүзеге асыру мақсатында таныстары арқылы «қайтарымсыз несие» алып бере алатыны жөнінде жалған ақпарат таратқан. Нәтижесінде қайтарымсыз несие алу жөнінде А.Мусаеваның арбауына қаланың 15 тұрғыны ілігіп, алаяқтық іс-әрекетінен 15 млн теңге шығын келтірілген. Алаяқтың түрі көп. Күн сайын телефон нөміріне қоңырау шалып, миыңды айналдырып, шоттағы ақшаңды көз алдыңда сыпырып алатындар да жетеді. Оларды «интернет алаяқтары» деп атайды екен. Аталған қылмысты жұмыссыздар және бұрын сотты болғандар жасаған. Атап айтсақ, күдікті ретінде танылған 91 күдіктінің 81-і жұмыссыздарды құраса, 68-і – бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылғандар. Енді Қызылорда облысының прокуратурасы жүйелі түрде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру бағытында біршама жұмыс жүргізіпті. Соның нәтижесінде алаяқтық қылмысы 6%-ға, оның ішінде интернет алаяқтық қылмысы 48%-ға төмендеген. Сонда да интернет алаяқтарды құрықтау ісі ақсап тұрғанын айта кету керек.
Бұрын сотты болғандар бостандыққа шығады. Олардың ендігәрі қылмысқа бармайтынына ел-жұрт сенімді болу керек. «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп, темір тордан шыққандардан былайғы жұрттың өзі үркіп, секем алып тұратыны белгілі. Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған азаматтар қылмысқа қайта бармас үшін арнайы жұмыс топтары құрылған. Сол жұмыс тобымен қылмыстарды қайта жасауға бейім 3 мың адам анықталып, оларды бақылауда ұстау мақсатында үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Олардың ішінде тәуекел тобындағы адамдарды бақылауда ұстауға жергілікті бюджеттен электронды смарт білезіктер сатып алу үшін 84 млн теңге бөлініп, бұл білезіктер тиісті тұлғаларға орнатылады. «Енді ол білезікті таққан адамның қайта заңбұзушылыққа бармайтынына кепілдік бола ма?» деген сауал кез келгеннің көкейінде туындауы мүмкін.
– Біз оларды айнадан қарағандай бақылап отырамыз күндіз-түні. Олардың қайта қылмысқа баруы мүмкін емес. Және әр адамға арнайы бекітілген жауапты мамандар бар. Тіпті сотталушылардың арасында түзеліп, кәсіп бастап жатқандар да бар, – деді облыстық прокуратура өкілдері.
Жергілікті кәсіпкерлерден қорқыту арқылы ақша бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 мүшесі құрықталды. Бұл тұлғалар Қызылорда және Байқоңыр қаласы аумағында ұсталды. Атқарылған осындай көлемді іс-шаралардың нәтижесінде жалпы қылмыс 22%-ға төмендеді. Олардың ішінде кісі өлтіру 50%-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 22%-ға, алаяқтық 11%-ға, қарақшылық 50%-ға, мал ұрлығы 54%-ға төмендеген.
Алаяқ дейміз-ау, осыған ұқсас тірлікті кейбір заңды түрде жұмыс істейтін мекемелер де істеп отырғанға ұқсайды. Қазір қоғамдық жұмыс, жастар практикасы сынды уақытша жұмыс істейтіндер көп. Соларға Қызылорда облысының экологиялық аймақ үшін міндетті түрде төленетін үстеме ақысы төленбеген. Жалпы Қызылорда облысының тұрғындарына қолайсыз жағдайда тұрғаны үшін еңбекақыларына 30%-дан 50%-ға дейін экологиялық үстемақы төленуге жатады. Осы тұрғыда ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдардың қызметінде жұмыспен қамту заңнамаларының сақталуына кешенді тексеру жүргізілген. Нәтижесінде облыс бойынша жұмыспен қамтылған 38820 азаматтың жалақыларына 3 жыл бойы 3,9 млрд теңге экологиялық үстемақы төленбегені анықталған. Құқығы бұзылған азаматтарға экологиялық үстемақының төленуін қамтамасыз ету туралы облыс әкімінің атына қадағалау актісі енгізілген. Нәтижесінде бүгінгі күнге 12925 адамға 1,1 млрд теңге экологиялық үстемақы төленді. Прокурорлық қадағалау актісімен заңбұзушылықтарға жол берген қала, аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары, басқарма, бөлім басшылары және жұмыспен қамту орталықтарының директорлары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Өңірдегі өзекті мәселелер ретінде жер даулары, суармалы судың жетіспеушілігі, жалақының өсуі және Байқоңыр қаласының қазақстандық тұрғындарына тегін медициналық көмектің көрсетілмеуі айтылып жүр. Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмекті көрсетуге байланысты заңнамаға түзетулер енгізуде. Соның нәтижесінде 4 кәсіпорынның 3 мың қызметкерінің жалақысы көтерілді. Биыл бюджетке 600 млн теңгеден астам қаражат түсіруге қол жеткізіліп, 7 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды.
Жер дауы да жеті атамыздан келе жатыр.Жыл басынан бері 83мың га болатын 120-ға жуық игерілмеген жайылымдық жер учаскелері анықталған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 19 мың гектардан асатын 50 учаске мемлекетке қайтарылды.
ТҮЙІН. Заманы түлкі қоғамда зәбір көретіндер көп. Алаяқтарға алданбаймын дегеннің өзі олардың құрған қақпандарына айналып қалғанын білмей қалады. Өйткені олар адам алдаудың мықты стратегиясын сызып қойған. Сондықтан қасқыр қоғамда қарға құсап екі қарап, бір шоқымаса болмайды.
Ә.НАЖМАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!