HALYQLINE.KZ «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында Ішкі істер министрінің кеңесшісі әрі ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораздың Қазақстан полициясының беделін сыртқы күштер түсіріп жатыр деген мәлімдемесі жұртшылық арасында мақұлдауға ие бола қоймады. Мен де ойлаймын, полицияның беделінің түсуіне ешқандай сыртқы күштердің ықпалы жоқ. Бұл – ойдан шығарылған желеу. Полиция беделін полицейлердің өзі түсіріп жүр. Түптің түбінде полиция беделінің түсуіне түбегейлі реформалар жасауға дәрменсіз режим кінәлі.
Қазақстан полициясы патшалық Ресейден басталып, кеңестік кезеңде, одан қала берді тәуелсіз Қазақстан жағдайында жалғасқан ЖАЗАЛАУШЫЛЫҚ (карательный) сипаттан арыла алмай келеді. Заман өзгерді, қоғамдық-экономикалық формация өзгерді. Ішкі істер құрылымдарының милиция аты полиция болып өзгергенімен заты өзгермей бұрынғысынша қалды. Кеңестік кезеңнің «Моя милиция меня бережет и сам грабит» деген ұғымы адамгершілікке қарай бетбұрыс жасай алмады.
Рас, полиция қызметкерлерінің арасында адамгершілікті, кісілікті азаматтар жоқ емес, бар. Алайда өзіне берілген құзыретті пайдаланып, қит етсе жазалауға дайын тұратын, ісі түскенді пара беруге мәжбүрлейтін, қиыспайтын жерден ақша соратын қызметкерлер аз емес. Халықтың теріс көзқарасын қалыптастыратын да полицияның сол күш көрсетуге дайын тұратын ұрдажық мінезі. Халық солардан шаршаған.
Сүйкімді боламын десе полиция халыққа адами тұрғысынан бетбұрыс жасауы керек!
Марат Бәйділдаұлы,
жазушы-публицист
Facebook-тегі парақшасынан алынды.
Фото: Экспресс к.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!