Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Полицейге тіл тигізген жігіт ұсталды

14.04.2020, 20:34 621

HALYQLINE.KZ –| Қазіргі уақытта полицейлер төтенше жағдай режимі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсат – карантин режимде қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Алайда, белгіленген талаптарды сақтамай, тәртіпке бағынбайтын тұрғындар азаяр емес. Мұндай тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік істерді сот органдары онлайн-режимде қаралады. Мәселен, 13 сәуір күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ғимаратында соттың қаралуын күтіп отырған азаматтардың бірі қызметтік міндетін атқарып тұрған полиция қызметкерінің ескертуін елемей, тіл тигізіп, балағаттайды. Полиция қызметкері 23 жастағы жас жігітті сабырлық сақтауын сұрағанымен, ол полицейдің талабын орындаудан бас тартып, билік өкілін өз қызметтерін атқару кезінде әдепсіз сөздермен балағаттаған. Бүгінгі таңда бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 2-бөлігімен (билік өкілін қорлау) сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатын болады. Бүгінгі таңда қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамы ерекше режимде қызмет атқарып жатыр. Бұл орайда, құзырлы орган облыс тұрғындарынан заңды талабына бағынып, карантин режимінің талаптарын сақтауларыңызды сұрайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: