Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайраттың жылжымайтын мүлкі бұғатталып, қымбат заттары тәркіленгенін мәлімдеді.
Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ҚМА өкілдері қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеуді жалғастырып жатыр.
Еске сала кетейік, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінген.
«Соттың санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астана қаласындағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» (тұрақ орындарын қоса алғанда), Sensata Plaza ТК, сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдері бұғатталды.
Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киім, аяқкиім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді», – делінген хабарламада.
Тәркіленген мүлік заттай дәлелдемелер ретінде танылып, іс материалдарына қосылған.
Тәркіленген заттарға қатысты шешімді сот шығарады.
Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
«Егер Перизат Қайраттың қаражаттың, жылжымайтын мүліктің және басқа да мүліктің (оның ішінде үшінші тұлғаларға ресімделген) орналасқан жері туралы ақпаратты білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе +7 (7172) 70-84-78, 70-84-79 (қосымша нөмірі: 21384) телефон нөмірі бойынша хабарласуыңызды сұраймыз», – деп хабарлады агенттік өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, 14 қарашада қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат көктемгі су тасқыны кезінде халықтан жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталғаны мәлім болды. Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің мәлімдеуінше, Перизат Қайрат қорға түскен ақшаның негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік пен бағалы заттар сатып алуға жұмсаған.
Дереккөз: KAZ.NUR.KZ
Коллаж: smartnews.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!