Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отшашу – ойыншық емес

20.12.2021, 15:00 690

HALYQLINE.KZ

Жаңа жыл жақындаған сайын бенгал оттары, петарда, зымыран, вулкан секілді алуан түрлі пиротехникалық шартылдақтардың саудасы қыза түседі. Қай кезде де жаңа жыл келмей жатып, базарларда, дүкен сөрелерінде қытайдың жалт-жұлт еткен атылғыш заттары қаптап кететіні белгілі. Алайда, олардың қауіпті екенін ескермей, отшашуды дұрыс қолданбайтын жағдайлар болып жатады. Отшашу – ойыншық емес. Мұндай жарылғыш бұйымдар мерекенің, отбасылық қуаныштың шырайын келтіргенімен, денсаулыққа тигізер зияны шаш етектен. Ең алдымен, мамандар приотехникаларды сатып алар кезде ақауы бар, мыжылған, су тиіп, бояуы шашылған өнімдерге жоламаған жөн екенін ескертеді. Олардың аяқасты жанып кету қаупі жоғары көрінеді. Бірақ, халықтың басым бөлігі тауардың сапасына емес, көбіне бағасына бас ауыртатыны жасырын емес.

Осыған байланысты жаңажылдық мереке күндері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдың желтоқсан айының 15-30-ы күндері және 2022 жылдың қаңтар айының 5-12-сі күндері аралығында ТЖД өртке қарсы қызмет бөліністерімен бірлесіп заңды және жеке тұлғалардың азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сатып алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, әкелу, әкету, сертификатталмаған өнімдерді көтерме жеткізушілерді анықтау, сондай-ақ кәмелет жасқа толмағандарға сатуға тыйым салу мақсатында«Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Бұл – ең алдымен адамдардың амандығы үшін қолға алынып жатқан іс-шара. Жұртшылық базарларда қаптап тұратын пиротехникалық бұйымдарды сатып алуға құмар. Көпшілік олардың қалай сақталғанын, қандай жолмен келгенін, арнайы сертификаты бар ма, жоқ па, мән бере бермейді. Мамандар пиротехниканы сатып аларда сатушыдан оның сертификаты мен сатуға рұқсат қағазы бар-жоғын міндетті түрде сұрап алу керектігін ескертеді. Бұл қауіпсіздік үшін аса маңызды. Себебі бұл өнімдердің құрамында тез жанғыш зат пен тотықты қоспалар болады. Айтпақшы, жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі балалар екенін айта кеткен жөн. «Сақтансаң, сақтармын» деген, олай болса жылтыраққа құмартып, өкініштен бармақ тістеп жүрмейік.

Н.Қыдырәліұлы,

Қызылорда ст.ЖПб ӘПб АҚҚАБт инспекторы, полиция майоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: