Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оқытушының тұрғын үй құқығы қорғалды

15.01.2024, 8:55 194

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасында тұрғын үй дауына қатысты әкімшілік іс қаралды.

Азаматша Б. 16 жыл бойы университетте оқытушы болып қызмет атқарып келеді. Бюджеттік саланың қызметкері ретінде оған мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй жалға беріліп, шарт жасалған. Б. аталған тұрғын үйді өз атына жекешелендіргісі келген. Алайда, тұрғын үй инспекциясы пәтерді жекешелендіруден бас тартқан. Оқытушы бұл шешіммен келіспей, сотқа арыз берген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен оқытушының талабы қанағаттандырылып, тұрғын үй инспекциясының хаттамалық шешімдері заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Қызылорда облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғын үй инспекциясы бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берген. Анықталғандай, оқытушының қызмет жасап отырған жұмыс орны бастапқыда мемлекеттік университет ретінде тіркеуде болған, ал 2019 жылдан бастап коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта тіркеуден өткен. Осы жағдайға байланысты, тұрғын үй инспекциясы оқытушы қазіргі уақытта бюджеттік ұйымда қызмет атқармайды деп есептеп, жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіруден бас тартқан. Алайда, университеттің ұйымдық құрылымы өзгергеннен кейін де, тараптар арасында жалдау шарты тоқтамаған. Керісінше, тұрғын үйді жалдау шарты ұзартылған. Яғни, Б. бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алушы болып келген. Заң бойынша оқытушы тұрып жатқан пәтер жекешелендіруге жатпайтын тұрғын-жайлар қатарына жатпайды.

Әкімшілік сот алқасы оқытушы қызмет етіп жатқан ұйымының құрылымы өзгеруі оның құқығын шектемеуі тиіс, аталған тұрғын үйді жекешелендіруге кедергі жоқ деген тұжырымға келді.

Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: