Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша күдіктіге қатысты жаңа жайт айтылды. Марқұмның туыстарының мәлімдеуінше, Нұрайды өлтірді деп күдікке ілінген Шерхан Аймахан қазір Талғардағы психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай мәлімдегені бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, осы жағдайға байланысты қылмыстық істің тергелуі созылып кеткен. Сұлтан Серікбай арада үш айға жуық уақыт өтсе де, тергеу аяқталмай, іс сотқа жетпегенін айтып, күдікті жазадан жалтарып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірген. Сонымен бірге ол медициналық қорытынды берген мамандардың әрекетін тексеруді талап еткен.
Еске салсақ, Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақатынан қаза тапқан. Бұған дейін бұл іс бойынша күдіктіге бірнеше ауыр бап тағылғаны және оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін екені хабарланған еді. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Фото: otyrar.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!