Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұхамедиұлы «рейдерлік басып алумен» айналысқан – Антикор

07.06.2023, 9:09 216

HALYQLINE.KZ

Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «Дипломат» қонақ үйін рейдерлік жолмен басып алу ісі бойынша тергеу аяқталды. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәлімдеді.

Бұған дейін БАҚ-та Арыстанбек Мұхамедиұлының сот отырысынан видео тарап, онда айыпталушы «жемқорлықпен күрес қызметкерлерінің қонақүйді үшінші тұлғалардың атына қайта жазуға және  111 млн теңге өтемақы төлеуге мәжбүрлегенін» айтқан. Антикор бұл мәлімдемені теріске шығарды.

«Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерін «Дипломат» қонақ үйін үшінші тұлғаларға қайта жазуға және 111 млн теңге сомасында залалды өтеуге мәжбүрлеу туралы бұрынғы Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына қатысты сот процесінен ақпарат пен бейнеролик таратылады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз», – деді Антикор.

Жемқорлыққа қарсы қызмет «Мұхамедиұлы жалған ақпаратты өзі жауапкершіліктен жалтаруды ойлап жұртшылықты адастырды» дейді .

Осыған байланысты агенттік «жала жабу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастау туралы мәселе қарастырылып жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін ұйымдастыру барысында 146 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен 2022 жылғы 28 мамырда ұсталған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдар аралығында мәдениет және спорт министрі болған. 2019 жылдың шілдесінде Ұлттық музейінің директоры қызметіне тағайындалған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: