Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Миранда ережесі»: Не мәні бар?

12.03.2026, 9:00 48

Көз алдыңызға елестетіңіз. Кешқұрым қала шетінде полиция екі азаматты ұстап жатыр. Қолына кісен салынған күдіктінің жанына келген тергеуші бәсең дауыспен: «Сіз үнсіз қалуға құқылысыз. Сіздің айтқан әр сөзіңіз сотта өзіңізге қарсы дәлел ретінде қолданылуы мүмкін. Адвокат шақыртуға құқыңыз бар…» деп, ұсталған адамның құқықтарын есіне салды. Бұған дейін мұндай көрініс сирек кездесетін. Құқық қорғау органдары күдіктіні құрықтаған сәтте оның құқықтарын сол мезетте айтуға міндетті емес еді, сондықтан талай азамат өз құқықтарын білмегендіктен немесе дер кезінде қорғаушы көмегін ала алмағандықтан, айыппұлға жиі ұшырап, сан  соғып  қалатын  кез  көп  еді.

Енді бұл жағдай өзгермек. Жаңа Конс­титуция жобасында полиция ұстал­ған азаматқа негізгі құқықтарын дереу түсіндіруі қажет. Ал бұл – халықаралық тәжірибеде «Миранда ережесі» деп аталатын қағида. «Миранда ережесінің» мәні бойынша адам ұсталған сәттен бастап оған өзіне тағылған айып­тың негі­зі, өзін-өзі әшкерелемеу, адвокат көмегіне жүгіну және толық үндемеу құқығы бар екені түсіндірілуі тиіс. Ең бас­тысы, бұл құқықтар азаматқа алғашқы байланыс кезінде-ақ  хабар­лануы қажет. Егер бұл талап орындалмаса, күдіктінің сол мезетте берген жауа­бы мен түсінік­темелері сотта заңсыз жолмен алынған дәлел ретінде таны­лып, іске айғақ ретінде қабыл­данбауы мүмкін. Осы өзгеріс арқылы Қазақстанның қылмыстық саясат­ында қуанарлық өзге­ріс болады деген сенім бар. Отандық БАҚ бұл үдерісті мемлекет «жазалаушы модельден» азаматтардың құқығын басым қоя­тын гуманистік модельге көшіп жатыр деп жариялады. Яғни, бұдан былай тергеу және ұстау практикасында күдіктіні психологиялық қысымға салу, заңсыз мойындату сияқты әрекеттерге конс­титуциялық тосқауыл қойылады деген сөз. Заңгер­лердің пайым­дауынша, «Миранда ережесінің» конституциялық бекітілуі – азаматтардың құқықтық қорғалуын арттырып, орган қызметкерлеріне жаңа талаптар қоятын маңызды қадам. Тіпті әрбір қазақстандыққа өз құқықтарын шынайы пайдалануға мүмкіндік беретін әрекет  ретінде  бағалап  отырғандар  бар.

«Қосылғыштардың орны ауысқаны­мен, қосындының мәні өзгермейді» деген аксиоманың да барын ұмытпаған жөн. Жазылған дүние жазылды, дегенмен, іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні – басқа мәселе. Жаңа Конституцияға енген «Миранда ережесі» расында азаматтардың құқығын қорғайтын нақты тетік бола ма, жоқ әлде жүзеге аспайтын декларативті норма болып қала ма? Осы сауалға аз-кем  шолу  жасап  көрейік.

«Миранда ережесі» – АҚШ құқықтық тәжірибесінен туған ұғым. 1966 жылы АҚШ Жоғарғы сотының Miranda v. Arizona ісі бо­йын­ша қабылданған тарихи шешімінен ке­йін қалыптасты. Бұл істің кейіпкері Эрнесто Миранда адам өлтіру және зорлау күдігімен ұсталып, бірақ полиция одан адвокат қатыстырмастан және құқықтарын түсіндірместен жауап алған. Нәтижесінде күдікті өз кінәсін мойындағанымен, іс Жоғарғы сотқа жеткенде мұндай тергеу әдісі адам құқықтарын бұзу деп танылды. Сот шешімі полицияға кез келген күдіктіні тұтқындаған сәтте оның негізгі құқықтарын  міндетті  түрде  түсіндіруді міндеттеді.  Осылайша, кейіннен «Миранда ережесі» аталған қағида құқық қорғау практикасына  енгізі­лді.

Заңға сәйкес, күдікті өзіне қарсы айғақ бер­меуге, адвокат шақыртуға және қажет болса аудар­машы көмегін алуға құқылы. Полиция оған «Сіз айтқан әр сөзіңіз сотта өзіңізге қарсы пайдаланылуы мүмкін» екенін де ескертуге міндетті. Халықаралық стандартқа айналған бұл талаптың маңызы – адам өз-өзіне айып тағылуына жол бермеу және заңсыз мәжбүрлеуге қарсы қорғану. Егер ұсталған адамға құқықтары түсіндірілмесе, оның сол түсіндіру жасалмаған сәттен бастап берген кез келген жауабы мен көрсетпелері сотта дәлел ретінде қабылданбайды. Яғни, «Миранда ережесі» – күдіктінің өз құқығын білуіне және қорғауына кепіл  болатын  процессуалдық  қағида.

Қазақстанда «Миранда ережесін» конс­титуциялық деңгейде бекіту бастамасы Конс­титуциялық реформа кезінде көтерілді. Бұған дейін күдіктінің негізгі құқықтарын ұстау сә­тінде түсіндіру талабы Қылмыстық-процестік кодексте (ҚПК) 2015 жылдан бері жазылған болатын. Енді бұл қағида Ата заңның өзінде нақтыланды. Жаңа Конституция жобасының 18-бабы 3-тармағына сәйкес, «әрбір адамға оны ұстау кезінде бостандықты шектеудің негіздері және оның құқық­тары түсіндірілуі тиіс» деп белгіленді. 18-баптың 4-тармағы «ұсталған, күдікті  немесе  айыпталушы  адам ұсталған сәтінен бастап (тиісінше күдікті деп танылған немесе айып тағылған кезден бастап) адвокаттың көмегін пайдалануға құқылы» екенін айқындайды. Сондай-ақ, 19-баптың 2-тармағында «ешкім өзінің және жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының өзіне қарсы айғақ беруге міндетті емес» екені көрсетілді. Бұл нормалар Конституция мәтінінде «Миранда ережесі» деген атпен аталмағанмен, дәл осы қағиданың құқықтық мазмұнын  қамтып  отыр.  Яғни,  күдіктінің үнсіз қалу құқығы, өзін-өзі айыптамау құқығы және  адвокат  алу  құқығы  енді  еліміздің Негіз­гі  заңымен   кепілдендіріліп  отыр.

Заңгерлер  атап өткендей, «Миранда ережесінің» Конституцияда бекітілуі – азаматтардың құқықтық  қорғалуының қосымша кепі­лі. Бұл өзге­ріс  арқылы мемлекет адамның бос­тандықтары мен құқықтарын бірінші орынға қоятынын конституциялық деңгейде танытып отыр. Ендігі сұрақ – осы жаңа нормалардың іс жүзінде қалай жүзеге асатыны. Бұл туралы сарап­шылар   пікірі   қандай?

Қылмыстық процесс саласының сарап­шы­лары бұл норманың практикалық маңызын айшық­тап отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің қылмыстық құқық, қыл­мыстық іс жүргізу және криминалис­тика кафедрасының профессоры Гүлзағира Атаханова­ның айтуынша, «Миранда ережесін» конституция­лық деңгейде бекіту – тергеу бары­сында азаматтарды заңсыз психология­лық  қысымнан қорғаудың  жаңа  кепілі.

– Қазақстанның  жаңа Конституциясы  қылмыстық процесте адам құқықтарын қор­ғауды күшей­туге бағытталған бірқатар маңыз­ды жаңалықтарды енгізді. Солардың ішінде ерекше мәнге ие норма – «Миранда ережесінің» конституция­лық деңгейде бекітілуі. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтық қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар қойды. Жаңа Конституциядағы «Миранда ережесі» – азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасындағы теңсіздікті азайтып, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған  маңызды құқықтық ке­піл. Бұл норма әрбір қазақстандықтың өз құқығын білуіне  және  оны  қорғауына нақты  мүмкіндік бере­ді, — дейді  ғалым.

Профессордың түсіндіруінше, бұдан былай ұсталған немесе күдікті деп танылған әрбір адамға құқықтары дереу әрі түсінікті түрде түсіндірілуі  шарт.

Қылмыстық іс жүргізу тәжірибесімен қара­сақ, жаңа заң жаңалық болып отыр. Себебі бұған де­йін құқық қорғау органдары күдіктіні ұстаған сәтте емес, бірнеше сағат өткен соң, процессуалдық ұстау хаттамасын толтырғанда ғана оған құқық­тарын айтып келген. Парламент депутаты, заңгер Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл норманың  маңызы  расымен  зор.

– Бастапқыда, күдікті ұсталған кезде оны полицияға жеткізеді, сонда онымен екі-үш сағат әңгіме жүргізіледі. Полиция немесе басқа орган оны уақытша ұстау изоляторына қамау туралы шешім қабылдағаннан кейін ғана оған адвокат алуға құқығы бар екені, үнсіз қалу құқығы бар екені және басқа да құқықтары түсіндірілетін еді. Бұл құқықтар ұсталған сәтте бірден айтылмайтын. Ал енді жаңа заң нормасында осы мәселе шешімін тауып  отыр, — дейді  депутат.

Адвокаттар да бұл өзгеріске қатысты өз пікірін білдіруде. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы, заңгер Мәди Мырзағараев «Миранда ережесінің» Конституцияда аталуы адам құқығын жоғарғы деңгейде қамтамасыз етудің кепілі деп санайды. «Бұл – адам құқығын ең  жоғары деңгейге көтеретініміздің кепі­лі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айт­қандай, Конституциядағы барлық өзгеріс­тер адам үшін жасалуы керек» дейді ол. Яғни жаңа норма биліктің азамат мүддесін бәрінен биік қоятынын тағы да айғақтап отыр. Адвокаттар  үшін  маңыздысы – бұл қағидаттың сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалуы. Белгілі қорғау­шы Айжамал Мынжасардың айтуынша, «ең бастысы – ұстау кезінде адвокаттың қатысуын қамтамасыз ету, сонда азаматтардың құқық­тары барлық кезеңде сақталады». Демек, күдікті ұсталған сәтте бірден қорғау­шының көмегіне қол жеткізуі тиіс. Бұл үшін адвокаттар қауымдастығы тергеу изоляторларында «дежур­лық» қызмет атқаратын адвокаттар жүйесін жетілдіруді, мемле­кет есебінен тегін заң  көмегін  алуды  жеңілдетуді  ұсынады.

Бас прокуратураның қылмыстық қуда­лау мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңды­лығын қадағалау қызметінің айтуынша, «Миран­да ережесінің» тиімді іске асуы үшін оны сақтау тетіктері қатаң болуы керек. «Ұсталған адамға құқық­тарын түсіндірмеген жағдайда құқық қорғау орган­дары қызметкерлері үшін тәртіптік жауапкершілік қарастырылған. Бұл жа­уапкершілік мәселесі Қазақстан Республикасы­ның «Құқық қорғау қызметі туралы» заңының 56 және 57-баптарына сәйкес қаралады», — деп хабар­лады ведомство өкілдері.

Қолданыстағы заңнама бойынша құ­қық­тарды  түсіндір­меу – тәртіптік жауап­кершілікке алып келетін тәртіп бұзушылық. Алайда қор­ғаушылар мұны жеткілік­сіз деп есептейді. Ең алды­мен, жоғары­да айтылғандай, құқық­тары түсіндірілмей алынған жауаптың өзі жарамсыз деп табы­луы – басты кепіл. Сонда тергеушілер бұл  талапты  айналып  өте  алмайды.

– Өкініштісі сол, мо­йын­дауымыз қажет, көбі заңның қыр-сырын және өзінің қандай құқықтары бар екендігін біле бермейді. Осының салдары жеке адам үшін де, мемлекет үшін де, қоғам үшін де ауыр зардаптарға әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан тағдыры таразыға түскен сәтте әрбір адам өз құқығын темірдей білуі керек. Бұл мемлекеттің өз азаматы алдындағы жауап­кершіліктің ең жоғары көрінісі деп санаймын, — дейді Бас  прокурордың  бірінші орынбасары  Жандос  Өмір­әлиев.

Демек, жаңа ереженің қағаз жүзінде қал­мауы үшін тек құқық қорғау органдары емес, азаматтардың өздері де құқықтық тұрғыда сауат­ты  болып,  заңды  талап  ете  білгені абзал.

Дегенмен, сарапшылардың пікірі жаңа норманың осал тұстарын да көрсетті. Заң профессорлары ереженің өзін конституцияға жазумен іс бітпейтінін, ең бастысы – оның іске асуын қамтамасыз ету екендігін тілге тиек етті. Қылмыс­тық іс жүргізу мамандары қазіргі тергеу практикасын сынға ала отырып, полиция мен тергеушілердің жұмыс стилін өзгерту қажеттігін алға тартты. Ал адвокаттар бұл талап орындалмаса, норманың дек­ларация күйінде қалу қаупі барын ескертеді. Демек, «Миранда ережесі» шын мәнінде құқықтық кепіл болу үшін заңды орындау тетіктері мұқият ойлас­тырылып, бақылау күшей­тілуі тиіс. Мысалы, жаңа Конституция күшіне енген соң Қылмыс­тық-процестік кодекске де сәйкестендіруші өзгерістер  енгізіліп, құқықтарды  ұсталған бойда  түсіндірудің нақты рәсімдері бекітілетіні анық. Сол сияқты, құқық қорғау органдарының ішкі инструкцияларына да түзетулер қажет болады. Ең бастысы, полиция қызметкерлері азаматтың құқығын түсіндіруді артық жұмыс емес, өздерінің конституциялық міндеті деп қабыл­дауы керек. Сөз жоқ, бастапқы кезеңде бұл талапты толық орындау белгілі бір қиындықтар тудыруы мүмкін. Адам факторынан туындайтын немқұрайдылық, ескі әдетпен формалды түрде ғана құқықтарды оқып шығу, не құқығын білмейтін азаматтардың өздері бұл мүмкіндікке мән бермеуі сияқ­ты мәселелер кездесуі ықтимал. Сондықтан сарапшылар бір ауыздан кең көлемді түсіндіру  жұмыстары  қажеттігін  айтады.

Ата Заңда жазылған норманың өміршеңдігі осы норманы іске асыратын тетіктерге және құқық қолданушылардың ниет-пиғылына тіке­лей байланысты. Конституция деңгейін­де жазылған құқықтық кепіл шын мәнінде жұмыс істеуі үшін, ең алдымен, құқық қорғау органда­рының жауап­кершілігі күшеймек. Полиция, тергеу орган­дары әрбір ұсталған азаматқа оның құқықтарын түсіндіруді міндет санап, бұл талапты бұлжытпай орындауы шарт. Жаңа норманың талабы – заң, оның үстіне Конституция талабы. Сондықтан оны бұзу – азаматтың конституциялық құқығын бұзу екенін барлық  құқық қорғау қызметкері түсінуі тиіс. Осы  ретте  қадағалаушы  орган – прокуратураға да үлкен рөл жүктеледі. Тергеу барысында «Миранда ережесінің» сақталуын қатаң қадағалау, тиіс болса, оны бұзған қызметкерлерді жауапқа тарту – прокуратураның міндеті. Ал соттар өз кезегінде құқықтары түсіндірілмеген күдіктінің берген жауабына сүйеніп үкім шығармайтын ұстанымды берік ұстануы қажет. Яғни, сот практикасында «утилизировать» етуге келмейтін ереже қалмауы тиіс. Бұдан бөлек, құқықтық мәдениетті арттыру да кезек күттірмейтін әрекет екенін атап өткен  жөн. Конституцияға жаңа норма енгізу­мен іс бітпейді, әрбір азамат сол құқығын сезініп, пайдалана білуі керек. Егер әр азамат өзінің құқығын білсе және оны қорғауға талпынса, «Миранда ережесі» қағаз жүзіндегі декларация күйінде қалмай, нағыз құқықтық кепілге айналары сөзсіз. Демек әрекет тек биліктен ғана емес, халықтан да болуы тиіс. Түйгеніміз – осы. Айтпақшы маңызды мәселе бар. Бұл заңның іске асуы 15 наурызда өтетін референдумда  нақтыланады.  Ақырын  күтейік.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Коллажды жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: