Сейсенбі күні ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халыққа онлайн түрде есеп берді. Жиында бас полицей министрліктің жұмысы жөнінде кеңінен тоқталды.
Министр талайды тақырға отырғызған «Гарант 24» ломбард ісін тергеуде қиындықтар болып жатқанын айтты. Себебі сан соғып қалған қазақстандықтардың саны өте көп екен. Сондай-ақ, келтірілген шығын мөлшері де аз емес дейді ол. Пандемия кезінде қылмыс азайғанымен, интернет-алаяқтық деректері көбейген.
– Карантин кезінде интернет-алаяқтық дерегі көбейген. Мәселен, жақында жалған криптовалютаны айналымға енгізіп, 1 миллиард теңгені жымқырған қылмыстық топ құрықталды, – деді ол.
Сонымен қатар пандемия тұсында отбасылық жанжалдардың саны артқан. Жыл басынан бері елімізде қылмыс 38%-ға азайған. Дегенмен, төтенше жағдай кезінде отбасындағы тұрмыстық қақтығыстар 25 пайызға өскен. 402 бала зорлық-зомбылыққа ұшырапты. Министр 10 жәбірленушінің 2-еуі ғана полицияның көмегіне жүгінеді дейді.
Есепті жиында Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер саласында жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды. Оның сөзінше, өткен жылы жеке құрамның саны 10 пайызға қысқарған. Соның арқасында шығар, бұл саладағы сыбайлас жемқорлық та 34 пайызға азайыпты. Бас полицей министрлік жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қолға алынған өзгерістерді атады.
– Бұл мақсатта бірқатар жаңа жобалар қабылданды:
– Азаматтарды қабылдау тәртібі қайта қаралды, енді облыстық департаменттер, ҚІІБ, АІІБ басшылары апта сайын азаматтарды қабылдайды.
– Азаматтардың көп бөлігін өтініштері бойынша орталық аппарат тұрақты негізде қабылдайды.
– «Азаматтар үшін қабылдау» жобасы табысты басталды. Қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде 251 қабылдау бөлмесі ашылды.
– «Еститін мемлекет» концепциясы шеңберінде және полицияның халықпен өзара тиімді байланысын жақсарту үшін «Жолда қабылдау» акциясы үнемі өткізіледі, – деді министр.
Жиында ол коронавирус жұқтырған полицейлердің де жағдайын айтты. Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, ішкі істер органдарының 589 қызметкері коронавирус жұқтырған. Олардың 412-сі жазылып шықса, 170 адам әлі емделіп жатыр.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрі әлеуметтік желіге не себепті тіркелмегендігін түсіндіріп берді.
– Қаламағанымнан емес. Өйткені, біздің бөлімшелеріміз өте үлкен. Ішкі істер министрлігінің жеке құрамында 148 мың қызметкер бар. 4 ірі бөлімше – бұл полиция бөлімшесі, Ұлттық гвардия, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті және Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет. Өте көп оқиға болып жатады. Ел аумағында бір тәулікте 400-500, жылына 230-240 мың қылмыс тіркеледі. Сондықтан тек менің блогыма ғана күнделікті 500-ге дейін сауал түседі. Егер өзіме аккаунт ашатын болсам, онда 24 сағат сонда отырып, сауалдарға жауап беруіме тура келеді. Ішкі істер министрінің тікелей атына келіп түсетін шағымдар мен жүгінулерді өзім қарап, қолымды қоя отырып, жауап беремін, – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!