HALYQLINE.KZ Құлахметов Аманкелді Изатуллаұлы 2014 жылдан бері Қылмыстық-атқару жүйесі саласында еңбек етіп келеді. 2019 жылдың мамыр айынан бастап ЗК-169/1 мекемесінің жедел бөлімінің жедел уәкілі лауазымында қызмет атқарып жүр. Мекеменің қамауында отырған сотталғандар мен айыпталушылар арасында діни экстремизм-терроризм фактілерін болдырмау алдын алу, діни алауыздықты қоздыру, теріс ағымдағы яғни экстремизм-терроризм бабымен сотталғандармен тікелей жұмыс істейді. Жыл басынан бері мекеменің теолог мамандарымен бірлескен, жүйелі жұмысының нәтижесінде, 2 (екі) сотталған өз идеологиясынан бас тартып, дәстүрлі исламға бейімделіп, бостандыққа шығып, отбасына оралды.
Қызметтік міндеттерінің бірі ретінде, мекемеге жаңадан келген айыптаушылар мен сотталғандарды арнайы жеке қабылдап, жедел-профилактикалық тәрбиелік мәні бар сұхбаттар жүргізеді.
Қызметіне жауапкершілікпен қарап, әр ісін тиянақты атқаратын әділет капитаны А.Құлахметовтың еңбегі еленіп, мекеме басшылығы тарапынан мадақтама, алғыс хатпен марапатталған болатын.
Мекеменің жедел бөліміндегі қауырт жұмыстарымен қатар, әртүрлі спорттық іс-шараларға да қатысып, көптеген жетістіктерге жеткен. ҚАЖ комитетінің ерлер арасында қоян қолтық ұрысынан VIII чемпионатында 1-орынды иеленді. Бұдан басқа да, жұмыстан тыс уақытта, танымдық кітаптар оқып, рухани байлығын арттыруға көңіл бөліп жүреді. Ұлттық жәдігеріміз домбыра да – үйінің төрінен орын алған құнды дүниенің бірі. Көңілі түскенде, күмбірлете күй шертіп отырады. Осылайша, жан-жақты қырымен танылып, өз міндетін мінсіз атқарып жүрген Амангелді Изатуллаұлының алынбаған асуы, шығар биігі әлі алда деп ойлаймыз.
Раушан АБДРАХМАНОВА,
Қызылорда облысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!