Бүгін Ақтаудың 33-ші шағынауданындағы 102 қызметінің кезекші пультіне №33 мектепте жарылғыш зат бар деген хабар келіп түсті, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен кинологтар жіберілді. Олар мектеп ғимараты мен жақын аумақты мұқият тексеріп, ешқандай қауіпті зат немесе жарылғыш құрылғы табылмағанын анықтады.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицияның жедел іздестіру шаралары барысында 1995 жылы туған, бұған дейін бірнеше рет сотталған күдікті ұсталды. Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Маңғыстау облыстық полиция департаменті терроризм актілері туралы жалған ақпарат таратудың қоғамдық қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіретінін және жедел қызметтердің ресурстарын негізсіз жұмсауға мәжбүр ететінін еске салды. Мұндай әрекеттер заң бойынша ауыр қылмыс саналып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейінде қала мектептерінде жарылғыш зат қойылды деген хабар түскен еді. Екі хабарламада жалған болып шықты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!