Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектеп директоры мен бас есепші сотталды

06.11.2024, 15:45 295

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласының №2 сотында сотталушылар М. және О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы М. балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің директоры қызметін атқара жүріп, қызмет бабын пайдаланып, бас есепшісінің көмегі арқылы өзінің шотына 2018-2023 жылдар аралығында бюджет қаражатын заңсыз аудартып алып, жеке бас пайдасына жаратып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген.

Сотталушы О. сол мекеменің бас есепшісі қызметін атқарып жүріп, мектеп директорына бюджет қаражатын жеке басына жаратуға жәрдемдесіп, сонымен қатар, 2019-2023 жылдары өзінің шотына бюджет қаражатын заңсыз аударып, жеке бас пайдасына жаратқан.

Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінен мемлекетке жалпы 21,7 миллион теңгедан астам мүліктік залал келген.

Сот отырысында сотталушылар М. мен О. өздеріне тағылған айыпты мойындап, өз әрекеттеріне өкінетіндерін көрсетіп, сотталушы О. жүкті екенін, асырауында кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші өкілі сотталушылар шығынды толық өтегендерін және басқа талабы жоқ екенін көрсетті.

Сот үкімімен сотталушы М. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2), 3)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы О. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі 189-бабы 3-бөлігі 1), 2), 3)-тармақтарымен, ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігінің талабына сай онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, түпкілікті 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы О.-ға ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі қолданылып, он төрт жасқа толмаған балалары бар әйел ретінде жазаны орындау бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген.

Қызылорда  қаласының  №2 соты

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: