1981 жылдың 2 шілдесінде Павлодар облысының «Ленинск» совхозының фельдшерлік-акушерлік пунктінің фельдшері Малика Дүйсенбаева жұмыстан көңілді шықты. Себебі 2 шілдеде жиырма жасқа толды. Малика Алматыдағы мединститутының студенті еді. Практикасын осы жерді таңдаған себебі, әке-шешесі жастай қайтыс болып жетім қалған еді, жақын ағасының үйінде болғысы келіп, осы совхоздағы ФАП-қа сұранған болатын.
Сол күні Малика үйіне барған жоқ, бейшара қыздың денесін келесі күні совхозға жұмысқа бара жатқан адамдар тапты. Жедел топ келгенше адамның көп жиналғаны соншалық, қылмыс ісіне тіркейтін бірде-бір айғақ боларлық еш нәрсе таба алмады, адамдар барлық жерді таптап тастаған еді. Маликаның денесін сойған потологанатомның айтуынша, қыз белбеумен тұншықтырылып, зорланған болып шықты. Бұндайда ең алдымен туған-туыстары мен таныстарынан жауап алатыны белгілі. Ағасы мен жеңгесі сол күні Маликаның туған күніне арналған дастарқан жайып күткенмен келмегенін айтты. Жеңгесі Маликаның соңынан совхозда тұратын Думан Сағитов қалмай жүргенін және ол жігітті совхоздың жемін ұрлағандықтан жақтырмайтынын да қоса айтты. Думанның үйін тініткенде, Маликаның қол сөмкесі шықты. Думан СИЗО-ға жабылды. Жауап алған кезде Думан өз түсінігінде, Маликаны өлтіріп кететін күннен бірнеше күн бұрын, совхоз клубында өткен би кешіне Маликамен барғанын, бірақ та басқа жігіттен қызғанып, қайтпақшы болғанда Малика қайтпайтынын айтады. Сол кезде Маликаның сөмкесін жұлып алып кетеді, ойы сөмкесіне бола қайтып келеді деп ойлаған. Думан өзіне тағылған айыптан азар да безер болды: «Мүмкін мен совхоздың жемін ұрлаған шығармын, бірақ партияның жеке шаруашылықты дамыту туралы Қаулысы бар емес пе? Мен жем ұрлайтынымды мойындаймын, бірақ жалғыз мен емес барлық адамдар ұрлайды. Бірақ мен Маликаны өлтірген жоқпын, сол күні мен клубтағы дискотекаға бардым» дейді. Думан сол күні клубта болғанын, таныстары Маликамен неге келмегенін сұраған болып шықты. Ал жем ұрлағанына келсек, Думанның айтуы дұрыс, ол кезде совхоз болсын, завод не комбинат болсын барлығы үйіне зат таситын, оны «тасығыштар» (несуны) деп атайтын. Сол кезде криминалистерден де: «Малика сумкасының бауымен емес, одан да жалпақ белбеумен буындырылған» деген анықтама келіп түсті.
Думан Сағитовты босатып жіберді. Тергеу ұзаққа созылып кетуіне байланысты Алматыдан прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Арман Исабеков келді. Ол Маликаның көйлегін сараптамаға Москваға жіберді. Маликаның өлтірілгеніне қарай бұрын да осындай қылмысқа барған адам деп, совхоздағы қылмысты болған адамдар тексеріле бастады. Сол кезде, сол күні совхозда «химияда» жүрген Петр Лавреньтевтің болғаны және совхоз дүкенінен коньяк сатып алғаны белгілі болды. П.Лавреньтев Қазақ ССР Қылмыстық Кодекісінің 90-бабымен сотталған, өзіне тиіскен азамат С.Калетинмен төбелес кезінде, қорғану шегінен асып кетіп, оны өлтіріп алғаны үшін үш жылға сотталған, үлгілі тәртібі үшін екі жылын түрмеде өткізген соң, бір жылын «химияда» өткізіп жүрген болып шықты. 1974 жылы СССР Жоғары Кеңесі ауыл шаруашылығында және өнеркәсіптегі зиянды кәсіпорындарда жұмысшылар жетіспеуіне байланысты, үлгілі тәртібімен көзге түскен жазасын өтеушілерді «химияға» жіберетін Қаулы шығарған болатын. Бұл қаулы жаңа Қылмыстық Кодекс 1998 жылы 1 қаңтарда күшіне енуіне байланысты «химия» туралы заң күшін жойды. Күдікке ілінген Лавреньтев сол күні өзінің бақылаудағы үйіне кешігіп барғаны анықталды. Күдіктіні тұтқындағанда денесінің кеуде тұсы мен арқасын тырнап алған саусақ іздерінен қанталап қалған жара болды. Тергеу барысында Петр Лавреньтев совхозға келгенін және коньяк сатып алған себебі, совхоздың бухгалтері Нина Симечеконың болғанын, коньякті сол жерде екеуі ішкенін айтты. Ал денесін кім тырнап алғанын сұрағанда, амалсыз шындықты жайып салды. Нина Семечеконмен арасындағы қарым-қатынасы жай еркектік тіршілік емес, келесі жылы сотталу мерзімі аяқталған соң екеуі үйленетінін айтты. Ал денесіндегі тырнақ ізі Натальянікі екенін, төсек қатынасы кезінде экстазға түскен кезде өзіне-өзі ие бола алмай, осылай тырнап алатын әдеті барын айтты. Сол күні шаршағандығы және коньяктың әсері ме, соңғы автобусқа үлгергенін айтты. Автобус жүргізушісі де, бұл жігіт автобустан түспегенін және кешігіп қалғанына қатты қапаланып, «бір жылдың үстіне тағы да мерзім қосуы мүмкін» деп асығыс түсіп кеткенін айтты. Петр Лавреньтевтің қылмысқа қатысы жоқ екенін білгенмен, СИЗО-дан босатпаған себебі, егер оны босатса, шын қылмыскер сезіктеніп қалады деп шешті. Бірақ, Наталья Симеченко аузы алты қарыс «боевой» қатын болып шықты, РОВД-ға келіп шатақ шығарды: «сендер жазықсыз болса да, Петяны босатпай отырсыңдар, ал шын қылмыскер тайраңдап жүр. Маликаны өлтіретін күні ақ түсті «Жигули» машинасы тракторшы Айсұлу Қаражігітованы қағып кете жаздағанын бухгалтерияға келген кезде маған айтқан болатын». Тергеушілер Айсұлуды шақырып сұрағанда бәрі рас болып шықты, бірақ ақ түсті «Жигули» тек совхоз директоры Юрий Кравченкода болып шықты. Айсұлу Қаражігітова директорды қызғыштай қорғап, ол адал адам мені трактор руліне отырғызуға көп көмек берді деді. Ол кезде совхозда жұмыссыз адам болмайтын, күйеуі комбайн штурвалына отырса, әйелі трактор руліне отырды.
Сол жылдардағы Павлодар облысындағы атақты тракторшы қыз Әсия Қайыркелдина естеріңізде шығар, еңбек озаты ретінде Әсияға осы Павлодар трактор заводынан шыққан 100000-шы тракторды салтанатты түрде тапсырғаны Москвадағы «Время» ақпараттық бағдарламасынан көрсетілген болатын. Совхоз директоры Юрий Кравченконы шақырып сөйлескенде, сол күні совхоздың бүкіл активін шақырып обкомның нұсқаушысы В.Нестерев кеңес өткізгенін айтты. Обком нұсқаушысы қандай көлікпен келді дегенде, Кравченко әр келген сайын обкомның қара «Волгасымен» келетін еді, бұл жолы өзінің ақ «Жигулиімен» келгенін айтты. Із кесушілер В.Нестеревке бақылау орнатып, ол туралы ақпарат жинай бастады, «Жигули» өзінікі емес, таныс адамдікі болып шықты, бірақ кез келген уақытта мініп кете алатын болып шықты. Қылмыстық іс тығырыққа тірелді, Маликаның көйлегі Москваға қайта сараптан өткізуге жіберілді. Ол жақтан жағымды жаңалық келді, Маликаның көйлегінен кеуіп кеткен ер адамның шауһаты шықты. Оның үстіне аға-жеңгесі Маликаның анда-санда мұрны қанайтыны бар екендігі естеріне түсіп айтты. Еркек шауһаты тек биоматериал ғана болатын, сондықтан оны тексеру керек еді, сондықтан Павлодар облысындағы барлық зорлау фактілері болған қылмыстармен салыстыру керек болды. Көрші ауданда сол жылдың сәуір айында 18 жастағы Роза Абылаева да Малика сияқты белбеумен тұншықтырып барып өлтірілген болып шықты, ер адамның шауһаты басқа адамдікі болғанымен, өзге адам он жылға сотталып кетіпті. Ол Виталий Тихий болып шықты, өліп жатқан Роза Абылаеваның алтын сырғасы мен сақинасын шешіп алып жатқанда қолға түскен, бастапқыда мойындамағанмен, кейін мойындатқан соң 10 жыл арқалап кетіпті. Осы қылмыстық іс арасынан бір түсінік шықты, оны В.Тихийдің әйелі жазыпты: «Мен Вера Ивановна Корякова сотталып кеткен В.Тихийдің әйелі боламын. Мен осы түсінігім арқылы В.Тихий 1976 жылдан бастап импотент болғасын ажырасып кеттім, ол қызды зорлауы мүмкін емес» делінген. СССР кезінде ондай жағдай болып тұрды, 53 адамды зорлаған Чикатило ісі бойынша жазықсыз тоғыз адам сотталған болатын. Сондықтан не болғанда да «Жигулидің» саллонын тексеру керек болды. Түнде екі оперативник гараждың есігін бұзып ашпақшы болған ұрылардың ролін шебер орындады, көршісі көріп қалып 02-ге телефон соқты. Ертеңіне гараж есігін бұзған екі опер формамен келіп, саусақ ізі қалуы мүмкін деп, гараж және Жигули саллонын мұқият қарап шыққанда, алдыңғы орындықтан қатып қалған қан дағын алды. Москвадан келген сараптама қан Маликанікі екенін көрсетті. Осының өзі Вилен Нестеревті тұтқындауға негіз бола алатын еді. Алайда ол обкомның нұсқаушысы еді. Сондықтан Алматыға телефон соққанмен МВД министрі дәлел жеткіліксіз деп, рұқсат берген жоқ. Егер тағылған айып дәлелденбесе, тергеушілер партия билеті мен қызметінен айырылып қана қоймай жала жапқаны үшін сотталып кетуі де мүмкін еді. Із кесушілер обком нұсқаушысы В.Нестеровтің соңғы кездегі қызметтік кестесін сұратып алып қарағанда, сол жылдың сәуір айында көрші аудандағы Роза Абылаева өлтірілген совхозда жиналыс өткізгені белгілі болды. Ал «Гагарин» атындағы колхозда 17 жастағы Надя Хромченконы зорлаған қылмыскер табылмаған соң, ісі ашылмаған күйі қалқып тұр екен. Надяның денесін із кесуші ит бірден тапты, оны мерзімін колхозға кеңес өткізуге сол жылдың наурыз айында обком нұсқаушысы Нестеревтің келген күнімен анықтады.
Осылайша үш қылмыс бір іске біріктілді. Енді обком нұсқаушысын қалай тұтқындамақ? Сондықтан Вилен Нестеревті куә ретінде шақырды, сол кезде «Жигулидегі» орындықта Маликаның қаны қалай жұқанын сұрағанда, совхоздағы жиналыстан шыққан кезде жолда фельдшер Маликаны мінгізіп алған кезде мұрны қанағанын айтты. «Сосын жолда түсіп қалды, одан кейін оны өлтіріп кеткенін көппен бірге мен де естідім» деді. Онда Маликаның көйлегінде ер адамның шауһаты болғандығын, сондықтан спермаға анализ тапсыруы керек екендігін айтқанда, атша тулап есікке ұмытылғанда қолына кісен салынды. Обкомның партия қызметкері Нестеревтен спермасының анализін алып болған соң, тергеуге шақырып, бірінші болып зорлаған 17 жастағы Надя Хомченконың суреті мен сараптаманы көрсеткенде, бірден мойындап, «менің кінәм жоқ, әйеліммен арамызда жыныстық қатынас болмаған соң осындай әрекетке бардым. Қызметім қыздармен танысуыма болмайтын болғасын осындайға бардым» деп ақталды. Іс сотқа барған жоқ, Москвадан «обкомның партия қызметкерін соттауға болмайды, сондықтан бұл құпия күйінде қалсын» деп шешті. Вилен Нестерев СИЗО-да үш қызды буындырып өлтірген өзінің белбеуімен асылып өлді.
(Ашық дереккөзден алынған фотоның бұл іске қатысы жоқ).
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!