Халықаралық іздеу құзыреті Интерполға тиесілі болып тұр.
Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев айтты.
Интерпол Астана LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданның нақты қайда жүргені туралы мәлімет бермеген. Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген прокуратура өкілі осылай деді.
– Іздеудің бірнеше түрі бар. Біздегі құқық қорғау органдары негізінен ел ішіндегі іздеумен айналысады. Халықаралық іздеу құзыреті Интерполға тиесілі. Біз Интерполға тиісті нұсқау береміз, олар осымен айналысып жатыр, – деді ол.
Оның сөзінше, экстрадициялау үшін Интерпол іздеуде жүрген адамның орналасқан жерін нақты анықтап, шетелдің құзырлы органдарымен бірге ұстау шараларын ұйымдастыруы қажет. Осыдан кейін ғана экстрадициялауға сұрау жіберіледі.
– Әзірге, Интерпол бұл адамның қайда екенін немесе қамауға алу шараларының орындалу барысы туралы нақты мәлімет берген жоқ, – деп нақтылай түсті Бас прокурордың орынбасары.
Еске салайық, 2023 жылдың мамыр айында Астанада салынбай қалған Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іске сот үкімі шыққан еді. Сот үкімімен Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды.
Бас прокуратура өз кезегінде Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті іздеу жұмысының тоқтамайтынын жеткізді.
Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз, Талғат Арданның қорғаушысының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!