Ел астанасында өткен Конституциялық комиссияның кезекті екінші отырысында конституциялық реформаға қатысты келіп түскен ұсыныстар талқыланды. Ашық форматта ұйымдастырылған басқосу тікелей эфирде көрсетіліп, комиссия жұмысы жариялылық қағидаттарына сай жүргізілді. Комиссия құрамындағы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев отырысқа қатысып, конституциялық өзгерістерге байланысты талқылауларға белсенді араласты. Аймақ басшысы Конституциялық комиссияның жалпы отырыстарымен қатар, жекелеген жұмыс секцияларындағы пікір алмасуларға да қатысып келеді.
Отырысты модерациялаған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова конституциялық реформа аясында екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы жүйеленіп, бірыңғай жинақталған кестеге енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мен сарапшылардың белсенділігі реформаның қоғамдық маңызын айқын көрсетіп отыр.
Комиссия отырысында негізгі баяндамалармен Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева сөз сөйледі. Спикерлер 2025 жылдың қазан айынан бері келіп түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен ықтимал түзетулерді таныстырды. Талқылау барысында Ата заңдағы «Құрылтай», «Халық кеңесі» бөлімдеріне қатысты ұсыныстарға ерекше назар аударылды. Конституциялық комиссия мүшелері жекелеген баптар мен нормаларды жан-жақты саралап, олардың қоғамдық-саяси маңызына тоқталды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Конституциялық комиссия құрамына өңір басшылары да енгізілген. Осы орайда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев комиссия жұмысына тұрақты түрде қатысып, өңірлердің мүддесін ескеру, жергілікті мәселелерді ұлттық деңгейдегі құқықтық өзгерістермен ұштастыру бағытында өз ұстанымын білдіріп келеді. Сонымен қатар аймақ басшысы Астанаға жұмыс сапары барысында Үкімет басшысының орынбасарларының қабылдауында болып, Байқоңыр қаласында жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар, алдағы егін егу науқаны, су тапшылығы мен жол инфрақұрылымына қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!