HALYQLINE.KZ 24 маусым күні сағат 05:10 шамасында полицияның кезекші бөліміне Қызылорда қаласы Сырдария мөлтек ауданында үй ауласына қойылған «Ваз-2114» маркалы автокөлігін белгісіз азаматтардың заңсыз айдап кеткендігі туралы хабарлама түсті.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкерлері полиция аға лейтенанты Абзал Исенбеков, полиция аға лейтенанты Сералы Бұханов және аға лейтенанты Баян Алданияз жедел-іздестіру жұмыстары барысында «Самара-Шымкент» тасжолының 1509 шақырымында Майлыбас елді мекені тұсында заңсыз иемдену дерегіне қатысы бар автокөлікті тоқтатты. Автокөлік ішінде 29 жастағы екі азамат, олардың біреуі Қызылорда облысының, екіншісі Атырау облысының тұрғыны екендігі анықталды.
Ұсталғандар Қазалы ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Айғақ зат ретінде алынған автокөлік айып алаңына қойылып, алдағы уақытта иесіне қайтарылатын болады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабының 2-бөлігімен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қызылорда облысы Полиция
департаментінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!