Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көлеңкелі қылмыс» болашақты бұзады

05.01.2024, 12:20 250

Өткен жылы аймақта 9 бағыт бойынша жемқорлық оқиғалары анықталған. Оның ішіне білім беру, медицина, бизнесті қолдау, жер, олигополия, агроөнеркәсіптік кешен және т.б. салалар кіреді. Бұл жай ғана еске алатын статистика емес. Мұның астарында мемлекетке төнген қауіп, ұлтқа қылған қиянат бар. Білім саласындағылар былықтан арылмаса да, жемқорлық жасап үлгеріп жатыр. Ал медицина саласындағы бармақбастылықтың соңы адам өлімімен аяқталып жатқаны баршаға аян. Одан өзге бизнес, агроөнеркәсіп салаларында болып жатқан жемқорлық жағдайлары экономикамызды қай кезде дамытып, қай кезде өркендеуге аяқ басатынын Құдай білсін. Жемқорлыққа қарсы тұра алмасақ, қылмыстық жағдайды реттеуге де күшіміз жетпейді деген сөз. Ал аймақтағы бұл көңіліңді түсіретін статистиканы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызыл­орда облысы бойынша департаменті жариялады.

Жалпы, жемқорлық жағдайларының алдын алу, қызметкерлердің құқығын қорғау, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы пара беру әрекеттері жасырын тақырып емес. «Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл дүниелер көпке айтылмаса, жұртшылыққа жеткізілмесе, нағыз саяси таза өмір сүріп жатқан ел болып көрініп қалуымыз мүмкін. Мұндайда «көлеңкелі қылмысқа» баратындар көбеймесе, азаймайды. Әрине, жемқорлар қылмысын әшкерелегенін қаламауы мүмкін, бірақ бұл көпке сабақ болуы да керек шығар…

Өткен жылы департамент мамандары жалпы 16 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған. Жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар да жетерлік. Бірақ, біздегі ағайынды алаңдататыны құқықбұзушылық пен  қылмыстық  көрсеткіште  болып  тұр.

Төменде өткен жылдың 30 қарашасына дейінгі қылмыстық құқықбұзушылық статистикасы келтірілген. Деректер  qamqor.gov.kz құқықтық статистиканың интернет порталынан алынған.

2023 жылдың 11 айында еліміз бойынша 132995 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға аз (149421), оның ішінде 85,7% немесе 113981-і – қылмыс, 14,3% немесе 19014-і – қылмыстық теріс қылық.

Ең көп қылмыстық құқықбұзушылық еліміздің келесі өңірлерінде тіркелді:

Алматы қаласы (25778), Астана қаласы (16605), Шымкент қаласы (6221), Алматы (9604), Қараған­ды (8768) жене Ақтөбе (5948) облыстары.

Ауырлықтың санаттары бойынша қылмыс келесі серпінмен тіркелген:

• аса ауыр қылмыстар бойынша арттыру 15,5% (2079-дан 2402-ке дейін);

• ауыр қылмыстар бойынша төмендеді 14,4% (41443-ден 35482-ке дейін);

• орташа ауырлық бойынша төмендеді 13,3% (63619-ден 55171-ке дейін);

• аз ауырлық бойынша төмендеді 4,3% (21875-ден 20925-ге дейін).

          Қылмыстың жекелеген құрамдары бойынша мынадай серпін тіркелген:

• Кісі өлтіру (ҚР ҚК 99-б.) 9,6%-ға төмендеді (488-тен 441-ге дейін);

• Ұрлық (ҚР ҚК 188, 188-1-б.) 26,7%-ға төмендеді (57126-тен 41890-ге дейін);

• Алаяқтық (ҚК 190-б.) 1,6%-ға өсті (40096-нан 40754-ге дейін);

• Тонау (ҚК 191-б.) 13,0%-ға төмендеді (2249-ден 1956-ге дейін);

• Қарақшылық (ҚК 192-б.) 28,6%-ға төмендеді (161-дан 115-ға дейін);

• Бұзақылық (ҚК 293-б.) 28,2%-ға төмендеді (2081-ден 1494-ге дейін);

• Бопсалау (ҚК 194-б.) 35,6%-ға өсті (365-тен 495-ге дейін);

• Зорлау (ҚК 120-б.) 5,8%-ға төмендеді (431-ден 406-ке дейін);

• Есірткіге байланысты қылмыстар (ҚК 296-303-б.) 10,1%-ға өсті (6376-ден 7018-ге дейін).

Енді  Қызылордадағы  қылмыстық  құқықбұзушылықтарға  тоқталсақ.

Төмендегі кестелерде аудандар мен қала бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтың деректері көрсетілген. Бағаналар мен статистикалар qamqor.gov.kz құқықтық статистика порталының ақпараты негізінде жасалған.

ТҮЙІН. Цифрларға сәйкес, барлық ауданнан есірткі заттарын пайдалану мен алаяқтық, ұрлық сынды әрекеттердің көрсеткіші тым жоғары екенін байқаймыз. Адам өлтіру фактісі да тыйылмай тұр. Бұл аталған дүниелер адамзат арасындағы азғындықтың әлі де тоқтамай тұрғанына дәлел. Біз айта беретін азаматтық институттарының жұмысы осындайда байқалады. Иә, қылмысты сезіп болмайсың. Бірақ, елдегі заң қатаңданып, зайырлы боламыз деген түсінік қылмыскерді бостандыққа шығарумен астасып тұрған кезде бейбіт елде тұру көзден бұлбұлдай ұшып жатыр. Қылмыс азайды деп қуанатын болсақ, неге қаракөз қыздарымыз зорланып, қимас бауырлар қылмыскер қолынан қаза тауып жатыр? Ұрлық-қарлығы, көзқысты әрекеті, «көлеңкелі қылмысы» тоқтамаған ұлттың болашағына қалай баға береріміз қиын. Бұл – әшкереленген қылмыс. Бұдан өзге қанша әрекеттің беті жабылып кеткенін Құдай білсін.

Ердәулет ҚАЛИ.

Коллажды жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: