Өркениетті елдердің тәжірибесіндегі қалыпты жағдай бізде даулы мәселеге айналғанына еріксіз күлкің келеді екен. Мұндай бастаманы қолға алған қарапайым жұмысшылар нәпақасынан айырыламын деп үш ұйықтаса да түсіне кірмегені белгілі. Егер не болып жатыр деп аң-таң күйде отырған ағайынға айтарымыз. Мәселе мынада: былтыр қыркүйек айында «ҚазПетроГрупп» компаниясының 15 қызметкері басшы мен қызметкерлердің байланысын нығайту үшін кәсіподақ құруды жоспарлаған еді. Алайда заңда өзіне тоқтам қоя алмайтынын алға тартқан басшы 12 қызметкерді жұмысынан босатқан. Осы еңбек дауының мән-жайы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында қозғалды.
– Жұмысынан айырылған азаматтар облыстық кәсіподақ орталығына құқықтық көмек сұрап келген болатын. Осыған байланысты тиісті зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде «кәсіподақ құрдың» деген негізсіз айыппен жұмыстан шығарылғандары анықталды. Жұмыс берушінің әрекетінің заңсыз екеніне түсініктеме беріліп, 12 адамды жұмысқа қайта алу жөнінде ұсыныс айтылды. Бірақ жұмыс беруші мемлекеттік органдардың ұсыныстарын қаперге алмай, 5 ай көлемінде 12 жұмысшыны жұмыссыз қалдырды. Жұмыс беруші Қызылорда қалалық сотына өзінің құқығын қорғау мақсатында арызданып, 17 ақпан күні сотта жан-жақты қаралды. Соттың шешімімен жұмыс берушіге 12 жұмысшыны жұмысқа алып қана қоймай, бос жүрген айларына толық өтемақысын беру міндеттелді, – деді «Қызылорда облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов.
Кәсіподақ ұйымын құруды жоспарлаған бастамашыл топ мүшелеріне сот әділ үкімін шығарды. Заңды билігімен басқысы келгеннің құрығы ұзын болмай қалған-ау сірә? Дер кезінде сабасына түссе, қалтасынан артық тиын шықпайтыны сөзсіз. Оның бірбеткейлігінен 12 адамның тағдыры емес, 12 отбасының тағдырына кесірі тиді. Себебі бірі әйелінің жалақысын, екіншісі баласының жәрдемақысын тосып отырса, үшіншісіне жейтін бір үзім нан табу қиындап кетті. Осының бәрінің алдын алмаған басшының іс-әрекетіне сын мен мін тағылғаны дұрыс. Біліксізге төр тисе, «төмендейтіні» рас екен. Демек, елдің дамуы үшін білікті басшылар қажет.
Көрнекі коллаж
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!