«Қарасора – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде қызылордалық полицейлер 4116 түп сора өсімдігін еккен тұрғынды ұстады.
37 жастағы жұмыссыз қала тұрғыны Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Жуантөбе ауылынан оңтүстік батысқа қарай 45 шақырым жердегі шеңгел мен сексеуіл арасында сора өсімдігін өсірген. Айта кетерлік жайт, арнайы баптап өсірілген сораның ұзындығы 60-70 см-ге жеткен.
Осы аумаққа келген көліктердің дөңгелектерін тесу мақсатында қаскүнем ауыл маңындағы жолдарға қолдан жасалған металл шыбықтарды тастаған.
Полицейлер оқиға орнынан ірі есірткі алқабынан бөлек арнайы кептірілген марихуана, заң бұзушының жеке заттарын, азық-түлік, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар: 2 дана насос, палатка, мотор, 20 метрлік шланга, күрек, кетпен тәркіледі.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігімен (Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) және 300-бабының 2-бөлігімен (Ірі мөлшерде құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!