Өрт қауіпсіздігі қағидаларында жабық тұрақтар мен паркингтерде газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған автомобильдердің тұрағына жол берілмейді. Аталған заңнама талаптарының сақталуын түсіндіру мақсатында 24-26 тамыз күндері аралығында қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен қалалық полиция басқармасының бірлесуімен қала көлемінде «Газбаллон» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұл туралы Қызылорда қалалық қоғамдық даму бөлімі хабарлады.
– Қала көлемінде жыл басынан бері 143 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 46 өрт оқиғасы автокөлікте болған. Көлік құралдарындағы газ баллон жарылысы тіркелмеген. Қызылорда қаласы тұрғындары мен автокөлік жүргізушілері газ баллон жабдығы бар көлікті қиындықсыз пайдалану үшін оны дұрыс және уақытылы күтіп-ұстау маңызды екендігін естен шығармағаны жөн. Осы орайда, аталған түсіндірме жұмыстары қала көлемінде жалғасады. Егер де газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұрақ саласындағы бұзушылық фактілері анықталса, ол туралы «101» және «112» диспетчерлік қызметіне хабарлауға болады, – деді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов.
Айта кету керек, елімізде соңғы жылдары газ баллон жабдықтарымен жұмыс істейтін автокөліктердің саны едәуір өскен. Осыған байланысты түрлі төтенше жағдайлардың туындау қаупі бірнеше есе артты. Мұндай өрттердің негізгі себептері – газ баллон жабдығын қолдан жасау тәсілімен орнату, технологиялық процесті бұза отырып, жұмысты біліктілігі жоқ мамандардың жүргізуі, сондай-ақ тиісті қызмет көрсетудің болмауы. Сондықтан газ баллонды жабдықпен жарақталған көлік құралдарында қауіпсіздік ережесін сақтаудың маңызы зор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!