Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Флешкасын жоғалтып алған тұрғын да алаяқтың құрбанына айналған

06.04.2022, 16:00 489

HALYQLINE.KZ

Жануарлар секілді бір орманды мекен етіп, түйіршікке де талас түсетін заман туғаны өкінішті. Мықтылар әлсіздерге күш қолданып, әлімжеттік көрсетуде. Түлкібұлаң қулар да сөзімен жан-жағын торына түсіріп жүр. Әйтеуір бәрі өлместің қамымен қандай жолмен болса да нанын тауып әлек. Дегенмен біз бірінші кезекте сана сезімі бар жаратылыспыз. Бізді жануардан бірден-бір ерекшелейтін де осы. Соғыста ереже жоқтығын алға тартып, өмірімізді әртүрлі тәсілмен сүргеннің пайдасы бар ма? Біріміз білімге назар қойып, екіншіміз өнер мен спортты бағындырсақ керемет емес пе? Жан рақатын табар едік қой. Десе де жеңіл жолды іздеген жан өз айласын табады. Міне, кинодан көрді ме, қолының сұғанағы бар ма, әлде жоқшылық себеп болды ма білмедік. Әйтеуір алаяқтық қылмысқа баратындар жетіп артылады.

Жыл басынан бері облыста алаяқтық қылмысқа қатысты 139 іс тіркеліпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 54,5 пайызға аз. Ал интернет-алаяқтық қылмысы 68,3 пайызға төмендеді. Статистикалық тұрғыда көңіліміз көтерілгенімен, ұсталмайынша ұры емеспін дейтіндер бар. Жалпы, бұл тақырып төңірегінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаментінің тергеу жөніндегі басқарма басшысы Нұрсұлтан Әлтай тарқатты.

– Биыл алаяқтыққа байланысты 13 қылмыстық іс сотқа жолданды. Сондай-ақ қаржы пирамидасын құрудың 1 фактісі анықталды. Қазіргі таңда бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда. Жыл көлемінде тұрғындар арасында алаяқтықтың құрбаны болмау үшін профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Көбінесе алаяқтар адамдарға қоңырау шалып немесе «Whatsapp» желісі арқылы жеңіл ақша ұсынады. Сондықтан таныс емес адамнан осы секілді ұсыныстар түссе, жіті тексеруді немесе полиция қызметкерлеріне хабарласуды сұраймыз. Жеке куәлік пен есеп-шоттарыңыздың сандарын бөтен адамға жіберуде абай болыңыздар, – деді Нұрсұлтан Ерланұлы.

Сонымен қатар, өңірде флешкасын жоғалтып алған тұрғын несие алмаса да, банктен 47 млн теңге қарыз алды деген ақпарат тараған болатын. 50 жастағы Жанабай Махамбетов флешкасының ішінде электронды цифрлық қолтаңба, шот реквизиттері мен жеке куәлігінің көшірмесі сақталғанын айтқан еді. Осы мәселе туралы ақпарат білу үшін жауапты маманнан сұрадық. Нақты мән-жай бойынша қосымша мәліметті заң шеңберінде ұсынатынын айтты. Бұдан бөлек, облыста садақа жәшігі бойынша алаяқтық қылмыс тіркеліп, қазіргі таңда күдікті деп танылып, бір ай көлемінде тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Өңірімізде алаяқтық қылмыс бойынша көбіне несие рәсімдеу мен есеп-шоттан ақша жымқыру тіркеледі екен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: