Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еркіндіктің қадірі темір торда сезіледі

06.02.2026, 15:40 55

Кері іс пен теріс шешімнің салдары сан соқтыратыны рас. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы жаға ұстатар жағдайлардың алдын алу – күн тәртібінен түспеуі керек мәселе. Бұған бейжай қарамаған Қызылорда облысының прокуратурасының бастамасымен ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде колледж студенттеріне экскурсия ұйымдастырылды. Мақсаты сол, қылмыс атаулыдан аулақ болуға шақырып, бостандықтың қадірін сезіндіру.

Оқу ордасынан келген отыз шақты студент мекеменің жұмыс тәртібімен, қауіпсіздік талаптарымен және шаруашылық бөліміне қалдырылған жазасын өтеушілердің орналасқан жатақханасын аралап, жан-жақты барлады. Қатаң режимдегі ортаның жастарға терең ой салғаны анық.

Оның үстіне, мекеме қызметкерлері де ашық әңгіме өрбітуде аялдап қалмады. Мәселен, мекеменің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әділет майоры Мирамбек Тұрымбетов ала жіпті аттамай, адал өмір сүрудің артықшылығына тоқталып, бұрыс жолдың болашақты бұлыңғыр ететінін баяндады.

– Қылмыссыз қоғам құруда әр азаматтың рөлі зор. Қазір килігудің соңы да бітіспес дауға айналып барады. Сондықтан профилактикалық шараларды жиі өткізуге басымдық беріп келеміз. Студенттерге өткізілген экскурсия да сөзімізге тұздық. Тәртіпке бағыну – талай кеселге тосқауыл бола алады. Мұны жас буынға түсіндіруде тосылып қалмадық, — дейді мекеменің режим және күзет бөлімінің бастығы әділет капитаны Азат Батырбеков.

Студенттер өмірлік бағыт-бағдар берген жүздесуден терең оймен тарқасты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: