Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел қазынасына қайтқан миллиардтар

08.10.2020, 11:30 585

Қылмыстың санын азайту – жер-жаһанды әбігерге салған үлкен мәселе. Бұл біздің елі­мізді де айналып өткен жоқ. Адам баласына сана біткелі тоқтамаған бұл зұлматты жою үшін бүкіл әлем бірлесіп, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Ал, елімізде соңғы уақытта құқық­бұзушылықтың белең алып кеткені баршамызға аян. Демек­, серкелерді сабасына түсіре білген елдермен тәжі­рибе алмасқанымыздың зияны жоқ. Осы және төтенше жағдай уақытында бюджеттегі ақшаны оңды-солды шашқандарға қарсы жасалған шаралар мен құзырлы органның бүгінгі күнге дейінгі атқарған жұмыстарымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев бөлісті.

Алдағы уақытта мемлекеті­мізде экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыспен күрес саласы жаңғыртылады деп күтілуде. Осы жолда мемлекетіміз үш буынды модель құрып, осы жобамен жұмыс істемек. Алдымен, полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар күдікті адамдарды іздестіріп, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс. Одан кейін, прокурор жиналған дәлелдерге тәуелсіз баға беріп, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмысқа тар­тылуына жол бермеуге кепіл болуы керек. Ал үшінші буынында сот қылмыскерлердің әрекетіне қатысты шағымды қарайды және іс бойынша үкім шығарады. Құқық қорғау ор­гандарының үш тұғырлы моделіне байланысты Үкіметпен заң әзірленуде, егер бұл бастама Парламенттен қолдау тапса, 1 қаңтардан бастап органдар жаңа модельмен жұмыс істейтін болады. Бас прокурор, Ішкі істер министрі, Экономикалық тергеу қызметі және Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттіктерінің бірлескен  бұйрығына  сәйкес 1 қазаннан бастап пилоттық жобаны республиканың барлық аймақтарында жүзеге асыру­ тапсырылды. Ол жерде тек ғана 4 шешім электронды форматта атқарылады. Әрі қарай заң күшіне енгесін барлық шешімдер электрондық форматта жүзеге асырылады. Бұл бастамалар келешекте цифрландыруға  алып  келмек. Соның  арқасында  жемқорлық жойылып, қылмыстық процестің ашықтығы қамтамасыз етілетін болады деген болжам  жасалып  отыр.

Осы уақытқа дейін облыс аумағындағы қылмыстық қудалау органдарымен элек­тронды форматта 1 963 қыл­мыстық іс тіркелген. Бұл жалпы орын алған 3 336 құқық­бұзушылықтың 59%-ын құра­ды. Бұл көрсеткіш бойынша өңіріміз елімізде 1-орында екен. Онымен қоса, 274 күдік­тіні «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шаралары сотпен электронды түрде санкция­ланған. Бүгінде күдіктіге бұл­тартпау шарасын қолдану, тінту және басқа да тергеу амалдарын жүргізу толық электронды түрде санкция­ланады. Бір қызығы, бұл шаралар қағаз түрінде 3-4 күннен астам уақыт алатын болса, қазіргі таңда 2-3 сағаттың ішінде сол санкцияны толық алуға  мүмкіндік  бар.

Сонымен қатар, қиын-қыстау кезеңде артық пайда табамын деп ардан аттаған­дардың үстінен тексеріс жүргі­зіліп, ел қазынасынан артық шыққан қаражат кері қайтарылуда. Сатып алуларды өткізу қатаң бақылауда болып, күн­делікті  мониторинг жүргізі­ліп, облыстық прокуратура ор­гандарымен жалпы сомасы 11,2 млрд теңгеге 70 конкурс­тың күшін жою бойынша шара­лар қабылданды. Онымен қоса елімізде салықтағы былықтар да азаяр емес. Осы бағытта да жаңа өзгерістер жасал­ып, оның оң шешімі анықталып жатқан көрінеді. Оң өзгерістің басы Қызылорда­ облысы прокурорының өкімі­мен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанынан бастал­ған. Ол  көлеңкелі экономика­ға қарсы жұмыс істеп, қазіргі уақытта аталған топ ірі компаниялардың салық міндеттемелерін орындауына талдау жүр­гізуде. Осыған байланысты облыс­ прокуратурасының тала­бы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 10 тұлға­ға салықтық тексеру жүргізіп, 352 миллион теңгеге қосымша салық есептеп, оның 200 млн теңгесі бюджетке түсіп үлгерген. Бармақ басты, көз қыс­тының кебін киіп, артық ақшаға қарық боламыз дегендерді дер кезінде тұсап, бюджетке 1,4 млрд теңге өндірілді. Одан бөлек, жұмысқа жалған орналастырудың 495 дерегі, мердігерлерде бұған дейін жұмыс істеген адамдарды қайта қабылдаудың – 37, шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланудың – 19, объект жұмыстарының аяқталуына қарай жұмыс орындарын ашуды­ң 91 дерегі анықталды. Бұндай фактілер облыстың барлық аумақтарында орын алған.

– Еліміздің көпжылдық тарихы­нда қиын-қыстау заман­дар аз болмаған. Сол қиындықтардан халқымыз бір жұдырық болып жұмылып, ел үшін жұмыс істеп, соның ар­қасында шыға алған. Ал, қазір­гі таңда кей кәсіпкерлер өз қалтасын ел мүддесінен жо­ғары қойып, заманымыздың тозғандығына дәлел болып отыр. Олай дейтініміз, жер қойнауын пайдаланушы «Саутс­ Ойл» ЖШС 2018 жылдың  6 айында рұқсатсыз ауаға 700 тоннадан астам ілеспе газ шығарған. Жалпы, қоршаған ортаға 131 млн теңге көлемінде­ залал келтірген. Қазіргі уақытта ол сома толығымен өтелді. Одан бөлек, жұмысшылардың жалақысын бермеген басшылар да жауапқа тартылды. Прокурорлық қадағалау актілерімен 2 262 қызметкер алдындағы 123 млн теңге жалақы қарызы өтелді. Білім ордаларында да түрлі заңбұзушылықтар кездескен. Мәселен, Қармақшы ауданының 10 мекте­бінде асханалардың коммуналдық шығындарын жеке тұлғалардың жалға алуына қарамастан мемлекет өтеп келге­н. Қазіргі таңда олардан 38 млн теңге өндірілген. Бүкіл әлемді жалмаған дерт кезінде карантин бұзушылар да көп кездескен. Мобильдік топ­тармен жүргізілген рейдтік шарала­рымен  карантин талапта­рын сақтамаған  499 тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Осыған ұқсас заңбұзушылық фактілер өте көп,- дейді Қызылорда облысы прокур­орының бірінші орын­ба­сары Талғат  Айтбайұлы.

Төтенше жағдайға байланысты бюджеттегі қаржыға бақы­лау күшейіп, бұл жұ­мыстар әрі қарай жалғас­тырылуда. Осы уақытқа дейін  ел   қазынасына   1,5 миллиардтай теңге кері қайтарылған. Алда­ғы уақытта бақылау кү­шейіп, жылдам қимылдасақ, қажет­сіз шығындардан арылып, әлемдік дағда­рыс­тың  алдын  аламыз.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: