Кеше, 8 шілде күні «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to protect journalists – CPJ) Қазақстан билігін баспасөзге қатысты заңнамасын одан әрі реформалап, журналистердің жұмысы үшін қамалмауын қамтамасыз етуге шақырды, деп хабарлайды centralasian.org
CPJ мәлімдемесінде Қазақстанда жала жабу бабы декриминализацияланғанымен, аталмыш айып бойынша қылмыстық жаза әлі де бар дейді.
27 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жала жабу бабын қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстыратын заңға қол қойған.
Әкімшілік кодекске ауысқан бап бойынша, жала жапты деп айыпталған адамға 650 айлық есептік көрсеткішке дейін (1,8 миллион теңге немесе 4,4 мың доллар) айыппұл салып, оны 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуы мүмкін. Егер жала үкіметтегі жемқорлыққа немесе қылмыстық іске қатысты болса, айыппұл көлемі 750 айлық есептік көрсеткішке дейін (2 миллион теңге немесе 5 мың доллар), әкімшілік қамау мерзімі 30 күнге дейін жетеді.
CPJ Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бағдарламасының координаторы Гульноза Саидтың пікірінше, журналист жұмысы үшін бір күнге де қамалмауы тиіс.
«Қазақстан өкіметі ақыры жала жабуға қатысты заңнамаға қажетті реформаны жасап отырғанына қарамастан, ел үкіметі одан әрі барып, журналистің жұмысы үшін түрмеде бір күн де өткізбеуін қамтамасыз етуі керек. Егер Қазақстан өз заңнамасын халықаралық нормаларға сәйкестендіргісі келсе, осы саладаға реформаларды жалғастыруы керек және өз заңнамасынан тіл тигізуге қылмыстық жауаптылықты алып тастауы қажет» деді Гульноза Саид.
Әкімшілік кодекске ауысқанға дейін жала жабу бабы бойынша, 3 мың айлық есептік көрсеткішке (8,3 миллион теңге немесе 20 мың доллар) дейін немесе 3 жыл бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған болатын.
Жергілікті құқық қорғау ұйымдары бұл өзгерісті реформаның мақсаты жала жабу бабы үшін жазаны жұмсарту еді, ал әкімшілік кодексте жазалар бұрынғыдан қатая түскен деп сынады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!