Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұзақылар бостандықта жүре бере ме?

20.08.2020, 10:30 460

Қызылорда  облысы  прокурорының  назарына

Мен, Панабек Ізбасаров осы хатым арқылы «Халық» газетінен көмек сұраймын. Мені 2020 жылғы 23 маусым күні түнгі сағат 1:00-дің ша­масында теміржол вокзалы маңын­да Ардагерлер үйінің жанындағы Жалаңтөс батыр бағының ішінде Қадырбек есімді жолдас жігітпен бірге әңгімелесіп отырғанымызда, бұрын-соңды танымайтын алты адам келіп темекі сұрап тиісіп, жабылып ұрып, тепкілеп кетті. Сол жерде қатты ұрғандары сонша екі рет талып қалдым. Бір есімді жиғанда мені жіберулерін жалынып өтіндім. Олар болса «тізерлеп отыр, қолыңдағы сақинаңды шешіп бер, алынбаса саусағыңды шауып аламыз» деп айғай­лап, мені қорқытты. Сол жерде мені тағы да тепкілеп, қолымдағы сақинамды шешіп алып, тартып әкетті.

Есімді зорға жиып үйге бардым­. Түнімен қиналып шықтым. Ертеңіне аудан­аралық ауруханаға інімнің маши­насымен барып, хирург Көбек Наршабаевқа көріндім. Дәрігер маған дереу ота жасау керектігін айтып, операция жасады. Үш сағатқа жуық жасал­ған отадан соң талағымды алып тастады. Басқа да зақым­ келген ағзаларым бар екен. Бұл туралы қолымда дәрігерлік анықтамам бар. Ауданаралық аурухананың жан сақтау бөлімінде бес күн, палатада  бір  апта,  бас-аяғы 12 күн жатып, емделдім. Қазіргі таңда денсаулығым нашар.­ Жүріп-тұруым, қоз­ғалуым өте қиын. Әке-анамның,  бауырларымның  бір­ден-бір асыраушысы, кө­мек­шісі өзім едім. Сол оқиғадан соң  жағдайымыз  да  ауырлап  кетті.

Ауруханада жатқан кезімде аудандық ішкі істер бөлімінен Ғани Рысмамбетов есімді тергеуші келіп, оқиғаның қалай болғанын сұрап, айтқан сөзде­рімді жазып алды. Мұнан соң полиция қызметкерлерінен ешқандай хабар болмады. Үйге шыққан соң тағы да тергеу­шілерді 10 күн күттім. Ешкім хабар­ласпады. Болмаған соң аудандық ішкі істер бөліміне өзім бардым. Ғани Рысмам­бетов: «Қызылордаға командировкаға  бара  жатырмын. Екі күннен кейін  келемін. Өзім шақырамын», – деп қайтарып жіберді. Екі күннен соң Ғанидың ұялы телефонына шықтым. «Бірінші күні келе­сің» деді. Дүйсенбіде тағы да хабарластым. Ол тағы да екі-үш күннен кейін өзім хабар­ласамын деп шығарып салды. Сонда бұл қалай?! Адам өмі­ріне, денсаулығына қатер төндірген бұзақылар бостандықта жүре бере ме?! Жоға­рыдағы оқиғаның орын алғанына бір айға жуық уақыт болды.­ Осылай өрбісе, бұза­қы­лар жазадан құтылып кетпе­сіне кім кепіл?! Облыстық проку­ратура назар аударып, мәселе заңды жолымен шешіледі деп үміттенемін.

Панабек  ІЗБАСАРОВ,

Қазалы  ауданы,

Әйтеке  би  кенті,

Желтоқсан  көшесі  №44/ б  үйдің  тұрғыны.

РЕДАКЦИЯДАН: Әр хаттың артында адам тағдыры тұрғанын түсінсек, редакцияға хат жолдап, басындағы жай-күйін жеткізген кент тұрғынының мәселесін тиісті құзырлы орын ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: