Көршілер тағы да шу шығарды. Тыныштық орнап тұрған аула бір сәтте азан-қазан болды. Адамдар әлденені қоршап алыпты. Дауыстары қатты шығады. Бәрі ашулы күйде. Балалардың кетуін талап етіп жатыр.
Терезеден қарап тұрған Маржанның іші қылп ете қалды. Бірдеңені сезгендей, жүрегі аузына тығылды. Таяғына сүйеніп, баяу жүрісімен үйден шықты. Аяғының ауыратыны бар еді, баспалдақтан түскен сайын сыздатып барады. Сонда да сылтып басып, адамдар жиналған жерге жетті.
Маржанды көріп, көршілер жол берді. Қаумалаған жұрттың арасынан баласын көрген ананың жүрегі езіліп кетті. Көз жасы ыршып түсті. Қу жалғызы тағы да мысықтың ішін жарып, мүшелерін бөлшектеп тастапты. Онсыз да аурудан көз ашпай жүрген жарымжан жанның тынысы тарылғандай болды. Жиналғандар: «Балаң бұзық, органдарға хабарлаймыз. Осымен екінші рет! Не сұмдық!» десіп жатыр.
Маржан ағыл-тегіл жылап, көршілеріне жалынды. Кешірім сұрап, енді қайталанбайтынын, баласын қадағалайтынын айтты. Жалғызбасты ананы аяды ма, жиналғандардың екпіні басылды. Дегенмен, ойын баласының мұндай қылығынан шошынып, бас шайқасты.
Содан бері көп уақыт өткен. Көршілер Маржанмен араласуды қойды. Оқиға мектепке де жетіп, баланың жүріс-тұрысы қатаң бақылауға алынды.
Маржан күйеуі екеуі саудамен айналысып, шаруаларын дөңгелетіп жүрген еді. Сауданың аты сауда ғой, бірде бар, бірде жоқ. Бір күні қатты тарығып, қаладағы аты шыққан процентщиктерден қарыз алуға тура келді. Барлық бәле содан басталды. Межелі уақытта қарызын қайтара алмады. Процентщиктер адам аямайтын қанішерлер болып шықты. Маржанның үйіне баса-көктеп кіріп, күйеуінің мойын тұсынан пышақпен аяусыз соққылап, өзін аяғынан жаралы етіп кетті. Бәрі баланың көз алдында болған. Әкесінің қанға тұншығып өліп бара жатқанын, анасының қансырап жылағанын сәби жүрек көрген еді.
Күйеуі қайтыс болып, аяғынан ауыр жарақат алған Маржан мүгедек болып қалды. Кейіннен әупірімдеп жүріп, таяқпен жүретін жағдайға жетті.
Өз-өзімен алысып жүргенде, Маржан баласының бойындағы өзгерісті байқамапты. Алғашында шыбын-шіркейлерді қуып жүріп, өлтіріп, жинап көметін. Өсе келе, құрт-қоңыз, кесіртке дегендерге жаудай тиіп, бөтелкенің сынықтарымен турап тастайтынды шығарды. Шырылдап жүріп, ол әдетін де қойдырған еді.
Енді өсе келе, мысықтарды бауыздап, мүшелерін бөлшектеп қоятынды шығарыпты. Мұндай жағдай екі рет қайталанды. Жазығы жоқ жануарды сойып, жалаң қолымен қалай ішін ақтарған?! Бала жүрегі ештеңеден қорықпаған ба?!
Осындай ойлармен Маржан әр күнін арпалыспен өткізетін еді. Сөйтіп жүргенде, уақыт зымырап өте шықты.
Маржанның баласы мектепті бітіріп, медицина саласына оқуға түсті. Байғұс ана бұл мамандықты өзі таңдады. Жалғызын жамандыққа қисын ба?! Баласының елді дүрліктірген әрекеттерін қызығушылыққа балап, жақсы хирург шығады деп топшылады.
Баланың аты Мұрат еді. Тұйықтау. Ешкіммен араласа қоймайды. Сабақ үлгерімі орташалау болса да, адам ағзаларын зерттеуге ерекше қызығушылық танытатын. Оқу барысында бірнеше рет мәйітханаға да барып, мүрделерді өз көзімен көрді. Сосын оқытушыларға ыңғайсыз сұрақтар қойып, шошытып қоятын. Дегенмен, оған ешкім аса мән бере қоймады.
Курстан курсқа өтіп, адамның ішкі органдарын терең зерттеген сайын Мұрат біртүрлі бола бастады. «Адамның жаны шығып жатқанда, дауысы қандай болады?», «Адам қанша уақытта өліп болады?» деген сұрықсыз сұрақтар ойында жүретін. Одан үйге келіп, интернетті ақтарады. Түрлі шетелдік ақпараттарды оқиды. Сөйтіп, түн жарымында сансыз ойларға көміліп ұйықтап кететін.
Мұрат пен Айжан көрші тұрады. Екеуі бір топта оқиды. Сабаққа бірге барып, бірге қайтады. Ешкімге ашыла қоймайтын Мұрат Айжанмен ғана тіл табысқан. Түрлі тақырыпта сөйлеседі. Әңгіме арасында Мұрат өзін мазалаған сұрақтарды оған да қоятын. Ондайда елгезек, ақкөңіл Айжан: «Өй, жынды, сенің де ойламайтының жоқ екен…» деп қоя салатын.
Уақыт өте келе Мұрат пен Айжанның достығы махаббатқа ұласты. Жігіт қыздың жүрегін жаулауға тырысты. Романтикалық қадамдар жасады. Санасын жаулаған жағымсыз ойлардан арылып, бар көңілін сүйіктісіне арнады. Ата-анасынан жырақта жүрген Айжан да Мұраттан ерекше қамқорлықты сезінді. Жүрегі жылынып, сезімі оянды.
8 наурыз мерекесі жақындап қалған. Екеуі бұл күнді бірге атап өтеміз деп келісті. Межелі уақытта қала орталығындағы үйлердің бірінен пәтер жалдап алды. Жинап жүрген ақшаларын қосты да, дастарқанды жайнатып жіберді. Қызыл шарап та әкелінді. Бір демалғанымыз болсыншы дегендей, екеуі бұл кешке барынша дайындалды. Тамақтанып, шараптан алып отырды. Қызу әңгіме айтылды. Мұрат жүгіріп барып, дүкеннен тағы бір-екі бөтелке шарап алып келді. Екеуі ішімдіктің буына әбден түсті.
Айжан басы айналып жата кетті. Өмір керемет болып сезілді. Мұрат та аяғынан әзер тұр. Диван үстінде жатқан сүйіктісіне қарады. Жібек көйлектің ішінен қыздың сұлу мүсіні анық көрініп тұр. Қолаң шашы жастыққа төгіліп, еріндері дірілдеп, әлденені айтып жатқандай. Бұл көрініс Мұраттың басын айналдырды. Күнде қасында жүрген қыздың әдемілігін бүгін ғана көргендей болды.
Мұрат Айжанның көйлегінің түймелерін асығыс шешіп, омырауынан, еріндерінен сүйе бастады. Алқынып, құшырлана сүйіп жатыр. Тоқтар емес. Алғашында қыз еш қарсыласпады. Күлімдеп, талықсып жатты. Бейне бір өзіне де ұнап жатқандай. Мұрат қыздың етегін көтере бастады. Осы сәтте Айжан есін жинап алды. «И-и, Мұрат, не істеп жатырсың?! Сен маған тиіспеймін деп уәде бердің ғой…» деп тартына бастады. Алайда, Мұрат қояр емес. Қыз барынша қарсыласты. Әлі келмеген соң, айғайлай бастады. Мұрат дереу бір қолымен қыздың мойнынан ұстап, екінші қолымен ернін басты. Дауысы көршілерге естілмесін дегендей, бар күшімен қаттырақ қысты. Айжан болса, қолымен Мұратты ұрғылап, берілмеуге тырысты. Дәл осылай арпалысқан күйі екеуінің қанша уақыт жатқаны белгісіз.
Шақырайған күн Мұраттың бетіне түсті. Көзін ашқысы келмей, теріс қарап жатып алды. Сәлден соң, есіне бірдеңе сап ете түскендей, көзін қайта ашты. Түсініксіз күйде. Қараса, Айжанның үстінде жатыр. Жайлап орнынан тұрды. Қыздың бетінен сипап, ернінен сүйді. Әрі-бері түртіп, оятып көріп еді. Сүйіктісінің қозғалар түрі жоқ. Іші қылп ете қалды. Дереу тамырын ұстап, жүрек қағысын тыңдап көрді. Шошып кетті. Айжанның жүрегі соқпайды. Басын ұстаған күйі отыра кетті. Аяқ-қолы дірілдеді. Кешегі кеште шараптың буымен сүйіктісін тұншықтырып өлтіріп алғанын түсінді.
Мұраттың жан дүниесі астан-кестен. Уақыт тоқтап қалғандай көрінді. Не істерін білмеді. Орнынан тұрды да, басы айналған күйі кешегіден қалған шарапты тартып жіберді. Айжанға қарады. Байғұстың денесі сіресіп қатып қалыпты. Кеше ғана екеуі бақыттан басы айналып, күліп-ойнап жүр еді. Бір күнде не болғанын қарашы?!
Мұраттың мастығы енді тарқағандай. Ұзақ ойланып отырды. Кішкентай кезінде мысықтарды бауыздап, мүшелерін бөлшектеп тастайтыны есіне түсті. Дереу телефонын алып, интернетті ақтарды. Бұған дейін де адам өліміне қатысты ақпараттарды көп іздейтін еді. Үйреніп қалған қолымен асығыс іздеу тетігіне «Мәйіттен қалай құтылуға болады?» деп жазды. Көп күттірмей мүрдеден құтылатын жолдарды көрсететін сан түрлі ақпарат атып шықты. Мұрат терең дем алып, өзіне сай келетін нұсқаны іздегендей болды. Әрі-бері қарап, ақыры, керегін тапқан сияқты. Көзін алмай оқи бастады…
Кенет бірдеңеден күш алғандай, орнынан атып тұрды. Асханадан пышақ, қайшы, балға сияқты заттарды тауып алды. Айжанға жақындап келіп, төгіліп жатқан қолаң шашын қия бастады. Сосын тырнақтарын кесті. Адам өлімін күнде көріп жүргендей, өзін салмақты ұстады. Бағанағы қорқынышы мен дірілі басылған. Еш саспады.
Содан бері арада бір апта уақыт өтті. Хабарсыз кеткен қызды ата-анасы, оқытушылары мен достары шарқ ұрып іздеді. Мұратты да таппады. Жастардың жоғалғаны туралы хабар бүкіл қалаға тарады.
Іздеу жұмыстарының нәтижесінде Мұрат қала шетіндегі ескі үйлердің бірінде ұйықтап жатқан жерінен ұсталды. Сақалы өсіп, түрі қашып кеткен. Қолы күстенген. Киімдерінен қан іздері байқалады. Полиция қызметкерлерін көрген Мұрат: «Мен оның етін жеген жоқпын… жеген жоқпын…» дей берді.
Тергеу барысында Мұрат өзін өте байсалды ұстады. Болған жағдайды түгелдей баяндады. Кінәсін мойындады. Тергеушілермен бірге, Айжан екеуі жалдаған пәтерге келді. Сол жерде оқиғаның жай-жапсарын айтып, барлығын көрсетіп берді.
Мұрат сүйіктісін өлтіріп алғанын түсінгеннен кейін, қылмыстың ізін жасыру үшін мәйіттен құтылуды ойлайды. Интернеттен оқығаны бойынша алдымен қыздың басын, аяқтары мен қолдарын кесіп алады. Терісін етінен ажыратып, тістерін сындырып, саусақтарын турап тастайды. Сосын оларды суға салып, ұзақ қайнатады. Біраз уақыттан кейін қыздың дене бөліктерінен тек сүйектері ғана қалады. Мұрат оның барлығын бірнеше пакетке бөліп салып, қаланың әр жерінде орналасқан қоқыс жәшіктеріне апарып тастайды. Сөйтіп, бөлшектеліп қалған мүрдені ешкім тауып ала қоймас деп ойлайды. Алайда, ойы қате болып шықты. Полиция қызметкерлері бейкүнә қыздың сүйектерін қаланың әр түкпірінен тауып жатты…
Ұнатып жүрген қызын өлтіріп, денесін аяусыз қорлап, суға қайнатқан Мұраттың қылмысы қаланы дүрліктірді. Жұрт жағасын ұстады. Бауыр еті баласының мұндай жауыздығын естіген Маржан есін жимастан, тіл тартпай өмірден өтті.
Қылмыстық іске тіркелген құжаттардың бірінде Мұраттың психологиясы бала күнінде бұзылғаны, содан қанға құмарлығы пайда болғаны, қыздың денесін асықпай бөлшектегені, суға қайнатып, сүйектерін қоқысқа апарғанда да өзін сабырлы ұстағаны, мұндай қылмысты жасауға саналы түрде дайын болғаны көрсетілді.
Үкім оқылып, 25 жылға сотты болған Мұрат айналасына түсініксіз көзбен қарап тұрды. Кішкентай күнінде әкесінің қанға тұншығып өліп бара жатқанын көрген сәби жүрегі адам өлтіру қалыпты жағдай деп қабылдап қалған еді…
Сот отырысынан кейін психолог: «Баланың жүрегін кішкентай күнінен таза сақтау керек. Қатыгездікті, жауыздықты көрсетуге болмайды. Олар бәрін тез қабылдап, жаттап алады. Санасында қалып қояды. Психологиясы бұзылады. Балалық сезімі жоғалады. Сол себептен, жүректі сақтаңыздар…» деп сұхбат беріп жатты…
Нұргүл НҰРБАЙҚЫЗЫ.
Коллажды жасаған А.Құрманқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!