Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Блогерге қатысты сот талқысы басталды

29.01.2026, 16:40 42

Орал қаласында блогер Айболат Бөкеновке қатысты басты сот талқысы жүріп жатыр. Бұл туралы kazinform сайты хабарлайды, деп жазады halyqline.kz тілшісі.

Сот талқысында айыптау тарабының өкілі мәлім еткеніндей, А.Бөкенов Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде парақша ашып, мемлекеттік қызметшілерді сынап, түрлі мәселелерді көтеріп, көп оқырман жинаған.

Содан кейін осы жағдайды пайдаланып, оңай жолмен ақша табуға кіріскен. Алдымен мекенжайын су басқан Орал қаласының тұрғынын үй алып беремін деп алдап, 170 мың теңгесін иемденгені анықталған. 

Айыптау тарабының мәліметінше алаяқтық бағыттағы қылмыстарын жалғастырған А.Бөкенов оралдық жазушының кітабын шығару үшін қаражат жетіспей жатқанын естіп, онымен демеуші тауып беремін деп келіскен. Алайда түрлі адамдардан алған ақшаларын өзі жаратып жіберген. Ол сонымен қатар Мәжіліс депутатымен отырмын, үстел шығындарын жабу үшін деп, қаржы сұрап, тағы екі адамды алдаған. 

Осылайша, А.Бөкенов ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес бірнеше рет қылмысқа барған.

Сонымен қатар айыпталушы Жаңақала ауданы Жаңақала ауылдық округінің әкімі А.Қапановқа қатысты әкімдік техникасын өзінің жеке мақсатына пайдаланып жүр, оны орнынан алу керек деп, әлеуметтік желіде бірнеше пост жариялаған. Постарды өшіру үшін А.Бақтыгереев арқылы 1 млн теңге сұраған. Ақыры А.Бөкенов А.Бақтыгереевтен 300 мың теңге алып, бой тасалап бара жатқан мезгілде ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті қызметкерлерімен ұсталған. Сөйтіп ол ҚР ҚК 194-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыс жасаған.

Оған қоса жәбірленушілерден алдау жолымен алған 830 мың теңгені Олимпбет букмекерлік кеңсесіне бәс тігу арқылы 1 млн 244 мың 917 теңге заңсыз пайда тапқан. Яғни ҚР ҚК 218-бабы 1 бөлігі (қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру) бойынша қылмысқа барған. 

Сот отырысы жалғасуда. 

Фото: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: