Сыр елінің қызметі мен антына адал тәртіп сақшысы ерекше құрметке ие. Бұлай деуге себеп, Қызылорда облысы ПД Арал ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ғалымжан Измағанбетов қызмет атқаратын Қаратерең және Жаңақұрылыс ауылында 5 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұған азаматтардың тату-тәтті қатынаста болуы және учаскелік полиция инспекторының қолға алған профилактикалық іс-шаралары негіз деуге болады.
Өзгелерге үлгі көрсеткен бұл екі ауылда 3470 адам тұрады. 9 шаруа қожалығы бар. Ауыл балалары тағылымы мол 2 білім ошағында оқиды.
Ауыл тұрғындарының көбі мал ұстайды.Учаскелік инспектор Ғалымжан Жомартұлының айтуынша, бұл ауылда қоғамдық тәртіп күн сайын профилактикалық жұмыстар арқылы күшейтіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқықбұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын учаскелік полиция инспекторларына берілген. Бұл ретте ішкі істер органдарының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген учаскелік полицей Ғалымжанның жұмысы қауырт. Халықтың қайнаған тіршілігің ортасында жүрген тәртіп сақшысы халыққа жақын болудың маңызын түсініп, әрбір тұрғынға көмек қолын созуға тырысады.
Учаскелік инспектор болғандықтан, ол бірінші кезекте ауыл тұрғындарымен және ақсақалдармен, жергілікті мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен өзара байланыс орнатқан.
Ғалымжан Жомартұлының жұртшылық алдында жауапкершілігі мол жұмысын бастағанына 6 жыл болды. 2012 жылдан бастап ол ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп келеді.
Бүгінде учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ғалымжан Измағанбетов өзіне берілген аумақтағы қандай да болсын құқықбұзушылыққа жол бермеу, оның алдын алу, қылмыстың бетін ашу, түскен арыз-шағымдар сияқты көптеген міндетті абыроймен атқарып келеді. Осы саладағы қызметі әділ бағаланып, Қызылорда облыстық Полиция департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Ғалымжан – адал жары Гүлнұр екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!