Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бас прокуратура 21 адамды «Қаңтарды ұйымдастырды» деп таныған

28.12.2022, 15:15 185

HALYQLINE.KZ

Қазақстан бас прокуратурасы «21 адамды Қаңтар оқиғасын ұйымдастырды» деп таныған.

Прокуратура күдіктілердің ісін «адамдарды ұйымдастыру», «қару ұрлау» сынды айыптар бойынша саралаған. Бұл туралы бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров Азаттыққа берген сұхбатында мәлімдеді.

Бірақ прокуратура өкілі «21 ұйымдастырушының» кімдер екенін ашып айтпады.

«Қаңтар оқиғасы ұйымдастырылған, артында тұрған күштер болды. Қандай күштер болғанын әлі анықтаймыз. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр» деді Ожаров Азаттыққа.

Прокуратура өкілі әскери қызметкерлерге «адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалмағанын, әскерилер үстінен «қызметін асыра пайдалану» бабы бойынша қозғалған істер ғана барын айтады.

Азаттық тілшісі Ожаровтан «президент Тоқаев қаңтарда шетелден бандиттер келді деген, олар қай елден келгені анықталды ма?» деген сауалына «қазіргі уақытта ондай ақпарат жоқ» деп жауап берді.

Азаттық тілшісі прокуратура өкілдерінен ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің (Қаңтарда «мемлекетке опасыздық жасады» деген күдікпен ұсталған) ісі жайлы да сұрады. Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров қазір соты жүріп жатқан Кәрім Мәсімовтің ісін тергеумен ҰҚК айналысқанын айтты.

Ал Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов Мәсімов ісіне байланысты қоғамда сұрақ көп екенін айта келе, «оған қандай баптар бойынша айып тағылғаны белгілі, енді өздеріңіз саралап, ойластыра беріңіздер» деді.

– Биыл қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына байланысты халық наразылығы кейін елдің басқа аймақтарында қолдау тапқан. Ал 5 қаңтарда бейбіт наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, елде төтенше жағдай жарияланды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға кезінде «шетелден 20 мың бандит келген» деп мәлімдеген. Кейін билік «қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болды» деп айтқан.

– Қаңтар оқиғасынан соң ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары, қорғаныс министрі Мұрат Бектенов тұтқындалған. Қаңтар оқиғасында ресми мәлімет бойынша, кемінде 238 адам қаза болған, оның 19-ы – күш құрылымдары қызметкерлері.

– HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі «Қаңтар оқиғасын бір жақты тергеді» деп, Астананы Қаңтар оқиғасында адам шығынына жауапты орган қызметкерлерін анықтауға және жазаға тартуға құлықсыз деп сынады. Бас прокуратура ұйымның бұл мәлімдемесімен келіспей, «тергеу жан-жақты жүріп жатыр» деген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: