Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Барлық ауданда Жедел басқару орталықтары іске қосылды

08.01.2025, 9:20 46

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысында бір мезетте барлық ауданда полиция бөлімдерінің «Жедел басқару орталықтары» жұмысын бастады. Заманауи жоба ҚР Ішкі Істер министрінің бастамасымен және Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен республикада алғаш рет Қызылорда өңірінде іске асты. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл орталықтар – ұсақ құқықбұзушылықтан бастап ауыр қылмыстың «ізін суытпай» ашуға септігін тигізетін ішкі істер органдарындағы маңызды әрі қажет қызметтің бірі.

Бүгінгі күні әртүрлі қылмысты жедел ашу және тәртіп сақшыларының жұмысын тиімді әрі оңтайлы ету үшін аймақта цифрлық мүмкіндіктер кеңінен қолданылуда.

Бірегей «Жедел басқару орталығы» жобасы аясында 7 аудандағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге барлығы 588 бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілді. Әр ауданға 77 дана бейнебақылау камера мен 7 жылдамдықты өлшегіш құралы орнатылды.

Енді операторлар қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттерін оңай анықтай алады. Сақшылар осы арқылы темекі тұқылын тастау, қоғамдық орындарды ластау, жаяу жүргіншілердің арнайы жерлерден өтпеуін және автокөліктердің жол ережелерін бұзу фактілерін тіркей алады. Бұл – қоғамда тәртіп иммунитетін күшейтуге жол ашатын маңызды қадамның бірі.

Жедел басқару орталықтарының көмегімен құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтарға жедел көмек көрсету, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік болады. Бұл азаматтардың да жауаптылығын күшейтуге септігін тигізеді.

Айта кету керек, өткен жылы камера көмегімен 138 қылмыс ашылып, 50 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: