Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тілде түбіртек беру тәртібі

21.09.2022, 9:15 359

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясатын іске асыру саласындағы уәкілетті орган ретінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында, қоғамдық орындарда және т.б. тіл заңнамасының сақталуын бақылауға қатысты жүйелі жұмыс жүргізуде.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі», – деп көрсетілген.

Заңның 10-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары жүйесінде, ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан, статистикалық есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргізу мемлекеттік тілде және орыс тілінде қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 23 ақпандағы №3 қосымша қаулысына сәйкес мемлекеттік тіл мәртебесінің үстемдігі негізінде оның жария-құқық саласында қолданылуына айрықшалық пен басымдық берілген.

Сонымен қатар, еліміздің Конституциясы әркімге өз қалауы бойынша қарым-қатынас тілін таңдап алуға құқық береді. Бұл орайда, ынталандыра отырып, мемлекет мемлекеттік тілге, оның дамуына, мемлекеттік құқықтық реттеу саласын ғана емес, қоғамдық қатынастардың басқа да барлық салаларын қамтып, қолданылуына қамқорлық жасауға тиіс.

Министрлікке азаматтардан бақылау-касса машиналары (бұдан әрі -БКМ) арқылы жасалатын операциялардың тіліне қатысты ауызша арыз-шағымдар түсуде. Себебі барлық сауда нүктелері, банктер, әуежайлар мен қоғамдық орындардағы (асхана, дәмхана, мейрамхана, дәріхана, театр, кинотеатрлар және т.б.) БКМ арқылы берілетін түбіртек тек орыс тілінде басып шығарылады.

БКМ модельдерін мемлекеттік тізілімге (тізілімнен) енгізу (алып тастау) тәртібі мен қағидасы «Бақылау-касса машиналарын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №208 бұйрығымен бекітілген.

БКМ техникалық талаптарына сәйкес БКМ басуға және индикациялауға шығарылатын ақпарат, клавиатурадағы белгілеулер және ақпаратты тіркеу мемлекеттік немесе орыс тілдерінде болуы тиіс. Мемлекеттік тізілімге енгізілген барлық БКМ модельдері техникалық талаптарға сәйкес және мемлекеттік тілге ауыстыру функциясы жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген Қаржы министрінің БКМ модельдерін БКМ-нің мемлекеттік тізіліміне (тізілімнен) енгізу (алып тастау) Қағидасының 3-қосымшасына сәйкес БКМ қалыптастыратын түбіртектерге және өзге де құжаттарға қойылатын талаптар: «30. БКМ Салық кодексінің 166 – бабының 6-тармағына сәйкес бақылау түбіртегінде деректемелерді басып шығаруды, оның ішінде қазақ тілі әліпбиінің ерекше әріптерін пайдалана отырып, қазақ тілінде қамтамасыз етуі тиіс».

Заңның 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар, яғни кез келген азамат мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ету құқығына ие екенін мәлімдейміз.

Осыған орай, салық төлеушілер арасында бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тілде түбіртек беру тәртібіне шақырамыз.

Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: