Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арыстанбек Мұхамедиұлының соты басталды

17.04.2023, 15:09 263

17 сәуірде бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды.

Бұл іс бойынша Астанадағы Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразхан, «Экспонат» ЖШС директорының орынбасары Азамат Көшенов, «Экспонат» ЖШС бас бухгалтері Айым Сәдуақасова сотқа тартылған.

Істі Астана қаласының Байқоңыр ауданындағы №2 сотының судьясы Бағлан Ыдырысов қарай бастады.

Ұлттық музейдің былтыр мамыр айында қамауға алынған директоры Мұхамедиұлы күн райының қолайсыздығына байланысты сот залына әкелінбеген. Сотқа онлайн қатыстыру туралы шешім қабылданған.

Алайда Арыстанбек Мұхамедиұлы сот залындағы дауыс жеткілікті естілмей тұрғанын айтты. Оның адвокаты сот отырысын түстен кейінге немесе ертеңге ауыстырып, бәрін офлайн қатыстыруды, Мұхамедиұлын үйқамаққа ауыстыруды сұрады.

Судья айыпталушы тараптың өтініштеріне түстен кейін жауап беретін болып, үзіліс жариялады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014 – 2019 жылдар аралығында мәдениет және спорт министрі болған. Ол 2022 жылы мамыр айында қамауға алынған. Жемқорлықпен күрес қызметі оны бастапқыда «бюджеттің 146 миллион теңге қаржысын жымқыруға қатысты» деп айыптаған.

2022 жылдың басында жемқорлықпен күрес қызметі Ұлттық музейдің лауазымды қызметкерлері мен «өзге де» тұлғалар» «Алтын адамның әлем елдеріне шеруі» атты халықаралық көрме өткізу үшін өткізілген мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасасқанда, бюджеттің 146 миллион теңге қаржысын жымқырды» деген күдікпен тергеу бастаған. Ведомство мәліметіне қарағанда, келісімшарттың жалпы сомасы – 1,2 миллиард теңге.

Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеевтің айтуынша, «Үндістанда көрме өткізу үшін 111 миллион теңгені заңсыз пайдаланды» деген айып таққан, тоғыз айдан кейін ол сома 221 миллион 411 мың теңгеге жеткен.

– Жұмысты орындаушы мердігер «Экспонат» басшысы Көшенов «ол ақша менің компаниямның қызметі үшін төленді, жымқыру емес» деп отыр. Сондықтан Арыстанбек Мұхамедиұлына тағылып отырған айып негізсіз деп санаймыз,-дейді адвокат Мұстақым Төлеев.

Бұрынғы министрдің қамалғаны туралы ақпарат шыққан соң, мамыр айында әлеуметтік желіде «Мұхамедиұлының президентке үндеуі» жарияланған. Үндеуде бұрынғы шенеунік тағылған айыпты жоққа шығарып, оны «өзіне қақпан құрып жүрген кейбір адамдардың ісі» деп бағалаған.

Адвокат Мұстақым Төлеев бүгін бұл жөнінде де айтып, «кек алушы» деп әртіс Тұңғышбай Жаманқұловты атады.

2017 жылы маусым айында «Феникс» көркем фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқырды» деген айыппен үш жарым жыл шартты жаза кесілген Тұңғышбай Жаманқұлов өзіне қарсы іске мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын айыптап, қудалауға «соның қатысы барын», Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясында жүргенде араз болғанын айтқан.

Сотталғанға дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бірнеше рет көмек сұраған Тұңғышбай Жаманқұлов та сот залынан шыққаннан кейін «президентке өкпелі» екенін айтқан.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдары Қазақстанның мәдениет және спорт министрі қызметін атқарған. Министр кезінде әлденеше рет мәдениет қайраткерлерінің сынына ұшыраған. 2016 жылы Қазақстаның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны «елдің рухани әлеуетінің дамуына үлес қосқаны үшін» «Парасат» орденімен марапаттаған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: