Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Артспорт» бағдарламасының зерделеу барысы пысықталды

23.12.2024, 15:00 93

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлының төрағалығымен құқық қорғау органдарының жауапты өкілдерімен, тиісті салалық басқарма басшыларымен жиын өткізіліп, Артспорт бағдарламасының зерделеу барысы пысықталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес облыстық прокуратура жанынан құқық қорғау органдарынан тұратын жұмысшы тобы Артспорт бағдарламасымен жұмыс істейтін өнім берушілерге тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінгі күні жұмысшы топ тарапынан 19 субъектінің жұмысы сараланып, нәтижесінде 127,2 млн теңге қаражатын заңсыз иемдену фактілері анықталған. Анықталған бұзушылықтардың 106,1 млн теңгесі мәдениет саласына, 21,1 млн теңгесі спорт саласына тиесілі.

Сонымен бірге, тиісті басқармалармен қатар, жергілікті атқарушы органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің көмегімен «Даму бала» платформасына тіркелген балалардың ата-аналары 5740 баланың шын мәнісінде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыспайтынын растап отыр.

Күшейтілген зерделеу нәтижесінде өнім берушілер тарапынан жалған тіркелген 13731 бала тізімнен алынып тасталған.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов аталған бағыттағы жұмыстарды тиісті мамандарды жұмылдыра отырып күшейтуді және жеделдетуді тапсырды.

Айта кету керек, Мәдениет және Спорт басқармалары тарапынан зерделеу қорытындысымен 125 кәсіпкермен келісімшарттар біржақты бұзылған. Оның ішінде 55 кәсіпкер өз еркімен жұмысын тоқтатқан. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер заңсыз иемденген қаражаттарын өз еріктерімен бюджетке қайтаруда, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүруде.

Ал, облыс әкімінің тапсырмасымен жыл көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде бұл мақсатқа қаралған қаржының 3 млрд-тан астамы бюджетке қайтарылды.

Облыс әкімдігінде «АРТспорт» бағдарламасының зерделеу барысы апта сайын тұрақты түрде қаралатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: