Бүгін Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудандық прокуратурадағы кадрлық өзгерістердің орын алуына байланысты арнайы мәжіліс өтті, деп жазады баспасөз қызметі.
Жиында аудан басшысы ауданда прокуратура органдарымен бірлесе атқарылған нәтижелі жұмыстар жайында айтып, қадағалаушы органның қоғамдағы маңызын атап өтті.
Мұнан кейін, Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Сарпеков Мәди Нәбиұлына сөз берді, аудандық прокуратурадағы кадрлық өзгерістерді таныстырып өтті.
Облыс прокурорының орынбасары Мәди Нәбиұлы Арал ауданының прокуроры лауазымына «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес ротациялау тәртібімен жаңадан тағайындалған Әбіш Дарын Елтайұлын аудан активіне таныстырды.
Актив отырысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы бұған дейін Арал ауданының прокуроры қызметін 5 жылдай атқарып келген Мадияр Ертарғынұлының еңбегіне тоқталып, қоғамдағы күрделі мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға құқық қорғау органдарымен бірге тығыз жұмыс жасағанын атап өтті.
Қызмет барысында көрсеткен жоғары кәсіби деңгейі, заңдылық пен әділдікті сақтауға қосқан зор үлесі үшін облыстың ең жоғары марапаты – «Қызылорда облысының Құрмет Грамотасы» мен облыс әкімі Н.Нәлібаевтың «Алғыс хатын» табыстады.
Мәжілісте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов пен аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төрахметов, Арал аудандық сотының төрағасы Руслан Алдамбергенов жаңадан тағайындалған прокурорларға құттықтау сөз сөйлеп, пікірлерін білдірді.
Арал ауданының Прокуроры қызметіне тағайындалған Әбіш Дарын Елтайұлы 1978 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген.
Түркістан қаласы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дың «заңгер» мамандығы бойынша білім алып, 1998-1999 жылдары Қарулы Күштері қатарында болған.
Еңбек жолын 2000 жылы Жаңақорған ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған.
Одан әрі Сырдария ауданы прокурорының көмекшісі, Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі, облыс прокуратурасының бөлім прокуроры, 2005-2010 жылдары Жаңақорған ауданы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.
2010-2019 жылдары облыс прокуратурасында үздіксіз қызмет етіп, облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, басқарма бастығы, 2019-2022 жылдары Жаңақорған ауданының, 2022-2025 жылдары Қазалы ауданының прокуроры қызметтерін атқарған.
Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 25 жылдан астам.
Қызметтегі жетістіктері үшін ҚР Президентінің жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталып, үлгілі қызмет атқарғаны үшін Бас Прокурордың және облыс прокурорының бұйрықтарымен бірнеше мәрте марапатталған.
Отбасылы, 5 бала тәрбиелеп отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!