Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Ақорданы басып алуға әрекет жасады деген күдікпен бес белсендінің ісі қаралып жатыр. Сот процесі жабық режимде өтуде. Мұндай шешім прокурордың өтініші негізінде қабылданған. Айыптау тарапының уәжінше, куәгерлердің бірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.
Іс материалдарына сәйкес, Асқар Нұрмаған, Абдуали Тағай, Дүйсенбек Жақашев билікті күшпен басып алуға немесе ұстап тұруға жария түрде шақырды, сондай-ақ зорлық-зомбылықпен ұштасқан жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оған дайындық жасады деген баптар бойынша айыпталып отыр. Ал Қайсар Өзбек пен Талғат Ашировқа бұлардан бөлек жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау бойынша қосымша айып тағылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушылар өзара жасырын кездесулер өткізіп, WhatsApp мессенджерінде “Қайрат Команда” атауымен ортақ чат құрған. Тергеу органдарының пайымдауынша, бұл чатта Астанада жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру, билікті басып алу және Президент резиденциясы – Ақорданы басып алу жоспары талқыланған. Қылмыстық іс құжаттарында күдіктілердің 2025 жылдың қаңтары мен маусымы аралығындағы байланыстары мен кездесулері тіркелгені көрсетілген.
Адвокат Жанара Балғабаеваның айтуынша, соттың жабық өтуі туралы өтінішті прокурор тарап көтерген, ал судья бұл өтінішті қанағаттандырған. Қорғау тарапы процестің ашық өтуі қоғам үшін маңызды екенін алға тартқанымен, сот әзірге істі жабық форматта қарауды жөн көріп отыр.
Қазіргі уақытта сот талқылауы жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті шешім шыққан жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!